«Отбасы – шағын мемлекет» дейді дана халқымыз. Сол мемлекеттің іргесінің берік болуы, шаңырағының биік болуы — махаббат пен өзара сыйластыққа тікелей байланысты. Бүгінгі таңда жаһандану үрдісі мен құндылықтардың алмасуы кезеңінде отбасы институтын сақтап қалу, ұлттық тәрбие мен заманауи отбасы саясатын ұштастыру аса маңызды. Осы орайда, Созақ аудандық «Отбасын қолдау орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен өткен «Махаббат пен сыйластыққа арналған мазмұнды кездесу» қоғамдағы отбасы рөлін арттыру жолындағы кезекті ірі қадам болды.
Кездесудің басты мақсаты — қоғамдағы отбасының рөлін жаңа белеске көтеру, жас отбасыларға рухани және психологиялық қолдау көрсету, сондай-ақ мемлекеттік отбасы саясаты аясында жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстарды халық арасында кеңінен насихаттау. Сонымен қатар, отбасылық жанжалдардың алдын алу, жұбайлар арасындағы эмоционалдық байланысты нығайту және ұлттық құндылықтарды жастардың бойына сіңіру шараның басым бағыттарына айналды. Шараның салтанатты ашылуында орталықтың халықпен профилактикалық жұмыс маманы Айжан Манабаева мазмұнды баяндама жасады. Ол өз сөзін қазақ халқының махаббат символына айналған, ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жеткен «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырынан бастады. Айжан Манабаева махаббаттың тек сезім емес, ол — үлкен жауапкершілік, адалдық пен төзімділік екенін атап өтті. Махаббаттың адам өмірін өзгертуші, жақсылыққа жетелеуші күш екені туралы ой қозғай отырып, қазақ поэзиясының падишасы, лирик ақын Тұманбай Молдағалиевтің жүрек тербейтін әсерлі өлең жолдарын оқыды. Ақынның отбасы мен махаббат туралы жырлары қатысушылардың көңіліне жылылық ұялатып, шараның рухани деңгейін асқақтата түсті.
Шара барысында орталық психологы Жазира Серікова қатысушылармен арнайы психологиялық тренинг өткізді. Психологиялық тренингтің негізгі бағыттары, қатысушы отбасылардың өзін еркін сезінуіне жағдай жасауы, жұбайларға арналған арнайы сұрақ-жауап ойыны. Бұл бөлімде ерлі-зайыптылардың бір-бірінің талғамын, мақсаттарын және ішкі әлемін қаншалықты білетіні сарапқа салынды. Ойын барысында жұбайлардың өзара түсіністігі мен бірлесе шешім қабылдау қабілеттері анықталды. Психологтың айтуынша, мұндай тренингтер отбасындағы жасырын реніштерді тарқатуға, бір-біріне деген қызығушылықты оятуға және ең бастысы — отбасылық жанжалдардың алдын алуға үлкен септігін тигізеді.
«Мыңжылқы» мәдениет үйінің танымал әртісі Әбілқасым Төлбай махаббат тақырыбында арнау жырларын орындап, шараның мазмұнын байыта түсті. Қазақ халқының дәстүрлі жырлары мен заманауи әуендері ұштасқан бұл бөлім қатысушыларға үлкен эстетикалық ләззат сыйлады. Сонымен қатар, қатысушылар назарына отбасылық құндылықтарға арнайы дайындалған бейнеролик ұсынылды. Бейнероликте бақытты отбасының моделі, бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі және қарттарға деген құрмет туралы терең ойлар бейнеленген. Бұл визуалды ақпарат қатысушылардың ой-санасына қозғау салып, отбасының қадірін түсінуге бағыттады.
Кездесудің ең құнды сәттерінің бірі — қатысушы отбасылардың өз тәжірибелерімен бөлісуі болды. Жас отбасылар мен тәжірибелі ерлі-зайыптылар ортаға шығып, отбасылық өмірдің маңыздылығы, қиындықтарды жеңу жолдары мен құндылықтар туралы ой бөлісті. Іс-шара соңында белсенділік танытқан және өнегелі отбасы үлгісін көрсеткен қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды. Ұйымдастырушылар — «Отбасын қолдау орталығы» КММ ұжымы тарапынан қатысушыларға алғыс айтылып, осындай келісім мен бірлікте өмір сүруге тілектестік білдірілді. Шара жоғары деңгейде өтіп, Созақ ауданының тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлап қана қоймай, әрбір қатысушының жүрегіне отбасылық жылулық ұялатты. Бақытты отбасы — бақуатты елдің тірегі демекші, Созақ топырағында өткен «Махаббат пен сыйластыққа арналған мазмұнды кездесу» болашақ ұрпақтың сауалды тәрбиесіне салынған инвестиция. Отбасын қолдау орталығының мұндай бастамалары қоғамдағы ажырасу санын азайтуға, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тосқауыл қоюға және махаббат пен сыйластыққа негізделген жаңа қазақстандық отбасының бейнесін қалыптастыруға қызмет ете беретіні сөзсіз.

