Халқымызда «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген даналық сөз бар. Бұл тәмсілдің астарында ұрпақ тәрбиесіндегі ата-ана үлгісінің маңыздылығы, отбасылық дәстүрдің сабақтастығы жатыр. Осы ұлағатты ұстанымды насихаттау және заманауи жас отбасылардың мәртебесін көтеру мақсатында Созақ ауданында зор дайындықпен өткен байқау нағыз мерекеге айналды. Созақ аудандық «Отбасын қолдау орталығы», Білім бөлімі және аудандық орталық кітапхананың ұйытқы болуымен өткен бұл шара қоғамның іргетасы — отбасын нығайту жолындағы маңызды қадам болды.
Байқаудың мақсаты тек жеңімпазды анықтау емес, аудан орталығындағы білім беру мекемелерінде еңбек етіп жүрген 25–35 жас аралығындағы жас мамандардың отбасылық бірлігін көрсету, олардың өнері мен парасатын ортаға салу еді. Шараның салтанатты ашылуында «Отбасын қолдау орталығының» басшысы Әділ Камалұлы Елібаев пен аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Нұржамал Әбілжанқызы сөз алып, жас отбасыларға жылы лебіздерін білдірді. Олар өз сөздерінде бүгінгі жас жанұялар — еліміздің ертеңі мен тұрақтылығының кепілі екенін, осындай сайыстар арқылы ұлттық құндылықтардың жаңғыратынын баса айтты.
Сайысқа аудан намысын қорғап шыққан «Алтын ұя», «Құтты шаңырақ», «Шабытты шақ», «Нұрлы шаңырақ» және «Шаңырақ» атты 5 команда қатысты. Әрбір ұжым өз ерекшелігімен, киім үлгісімен және дайындығымен көрерменді тәнті етті. Байқау төрт кезеңнен тұрып, қатысушылардың жан-жақтылығын сарапқа салды.
«Тегімді менің сұрасаң…» кезеңінде отбасылар өздерін таныстыруда ерекше шығармашылық танытты. Бірі терең мағыналы қара сөзбен тегін баяндаса, бірі суырыпсалма ақындық өнерімен өлең өріп, енді бірі әсем әнмен өз шаңырақтарының тарихын баяндады. Бұл кезең жас отбасылардың сахна мәдениетін меңгеру деңгейін көрсетті. «Он саусағы майысқан шебер болар ұрпақпыз» кезеңінде қатысушылар үй тапсырмасы ретінде дайындап келген қолөнер туындыларын ұсынды. Мұнда әжелерден қалған ұршық иіру, кесте тігу өнерінен бастап, қазіргі заманғы дизайнмен ұштасқан бұйымдарға дейін көрсетілді. Ал, «Әкеміздің біз білмейтін бір қыры» кезеңі байқаудың ең әсерлі бөлімі осы болды. Әке мен бала арасындағы рухани байланысты нығайтуға бағытталған бұл кезеңде әкенің отбасындағы рөлі паш етілді. Сахнада әкесімен бірге өнер көрсеткен бүлдіршіндер, отбасылық бейнероликтер, тақырыптық көріністер мен спорттық жетістіктерді насихаттау шаралары көрерменге ерекше ой салды. Әкенің — қорған, асқар тау екені осы кезеңде жан-жақты ашылды. «Ақыл-парасат сайысы» кезеңінде отбасылардың зияткерлік деңгейі мен ұлттық салт-дәстүрді білу деңгейі сынға түсті. Қатысушылар қоржыннан асық алып, нөміріне сәйкес сұрақтарға жауап берді. Сұрақтар негізінен қазақтың салт-дәстүрі, тарихы мен отбасылық құқық саласын қамтыды. Жас мамандардың ұлттық кодқа деген адалдығы мен білімі қазыларды тәнті етті.
Қазылар қатысушыларды сахна мәдениеті, сөйлеу мәнері, ұлттық киім үлгісі, отбасы үйлесімділігі және салт-дәстүрді ұстану деңгейі бойынша 5 балдық жүйемен бағалады. Маруа Қайыржанқызы өз сөзінде: «Бүгінгі келіндердің ибасы мен ұлдардың айбары — біздің ұлттық тәрбиеміздің жемісі», — деп атап өтті.
Қызу тартыс пен өнер додасының нәтижесінде үздіктер анықталды. Әрбір қатысушы отбасы өзіндік ерекшелігі үшін номинациялармен марапатталды. «Белсенді отбасы» номинациясы — «Шабытты шақ» жанұясына бұйырды. «Өнерлі отбасы» номинациясы — «Алтын ұя» жанұясына лайық деп танылды.
Жүлделі орындар келесідей бөлінді — І орын: «Құтты шаңырақ» жанұясы (Әлия Молдағұлова атындағы жалпы орта мектебі). Бұл отбасы барлық кезеңде жоғары дайындық пен біртұтастықты көрсете білді. ІІ орын — «Нұрлы шаңырақ» жанұясы (Асқар Сүлейменов атындағы жалпы орта мектебі). ІІІ орын — «Шаңырақ» жанұясы (Такен Әлімқұлов атындағы мектеп интернат-лицейі). Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы марапаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Шара соңында ұйымдастырушылар қатысушыларға шынайы ризашылықтарын білдірді. Созақ аудандық «Отбасын қолдау орталығының» басшылығы бұл байқаудың маңызы зор екенін, бірінші орын иегерлері енді аудан намысын облыстық байқауда қорғайтынын мақтанышпен хабарлады. Бұл байқау — Созақ ауданындағы жас мамандардың тек жұмыста ғана емес, отбасында да үлгілі екенін көрсетті. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» атты байқау ұлттық тәрбие мен заманауи дамудың алтын көпірі іспетті болды. Мұндай шаралар жас отбасылардың бірігуіне, олардың қоғамдық белсенділігінің артуына және ең бастысы — ұрпақтар сабақтастығының үзілмеуіне ықпал етеді.

