Мемлекетіміздің саясатындағы басты басымдықтардың бірі – отбасы институтын сақтау және әрбір азаматтың өз шаңырағында қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Соңғы жылдары заңнамаға енгізілген өзгерістер мен әлеуметтік бастамалардың барлығы осы мақсатқа бағытталған. Осы орайда, аудан орталығы Шолаққорған ауылында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және отбасылық құндылықтарды насихаттау мақсатында кең көлемді «Ашық есік күні» ұйымдастырылды. Бұл шара халық пен билік арасындағы тікелей байланыс алаңына айналып, көптеген өзекті мәселелердің шешілуіне жол ашты.
Қоғамда заң мен тәртіп үстемдік етпеген жерде береке болмайды. Әсіресе, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында құқық қорғау органдарының рөлі өте жоғары. «Ашық есік күніне» аудандық полиция бөлімінің білікті қызметкерлері – әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі инспектор, полиция майоры Айжан Манапова және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының аға инспекторы, полиция аға лейтенанты Жұматова Жанерке Аленқызы қатысты. Тәжірибелі тәртіп сақшылары тұрғындарға заңнамадағы соңғы өзгерістерді егжей-тегжейлі түсіндірді. Айта кету керек, Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік едәуір қатаңдатылды. Ендігі кезекте жәбірленушінің арызынсыз-ақ, құқық бұзушылық дерегі расталған жағдайда әкімшілік немесе қылмыстық іс қозғау мүмкіндігі қарастырылған. Майор А.Манапова мен аға лейтенант Ж.Жұматова азаматтарға агрессордың жәбірленушіге жақындауына, хабарласуына тыйым салатын құжаттың күші туралы, ұрып-соғу мен денсаулыққа жеңіл зиян келтірудің қылмыстық санатқа өткені мен зорлық-зомбылыққа тап болған жағдайда қандай қадамдар жасау керектігі туралы ақпараттарды жеткізді. Сондай-ақ, полиция қызметкерлері тұрғындарға ақпараттық үнпарақтар таратып, кез келген уақытта «102» немесе жедел желі нөмірлеріне хабарласудың маңыздылығын ескертті.
Шараның мазмұнды әрі нәтижелі өтуіне «Отбасын қолдау орталығы» КММ мамандары үлкен үлес қосты. Орталықтың мақсаты – тек кеңес беру емес, қиын жағдайдағы отбасыларды тығырықтан алып шығуға дейін жүйелі түрде сүйемелдеу. Шара барысында құрылымдық бөлімше басшылары Біржан Саржанов пен Майя Мейрамбек, халықпен профилактикалық жұмыс маманы Айжан Манабаева, бұқаралық ақпарат құралдарымен және жұртшылықпен жұмыс маманы Айдана Тұрсынбай, әлеуметтік мамандар Маметханова Мақпал және Еркін Ибраев тұрғындармен жеке-жеке кездесіп, олардың мәселелерін тыңдады.
Орталық мамандары Шолаққорған тұрғындарын жұмысқа орналасу, медициналық көмек алу немесе баспана кезегіне тұру секілді мәселелер бойынша мекемеге еркін келуге шақырды. «Біздің есігіміз әрқашан ашық, біздің мақсатымыз – әрбір шаңырақтың берекесін сақтау», — деп атап өтті мамандар.
«Ашық есік күніне» Шолаққорған ауылының және жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындары өте белсенді қатысты. Бұл халықтың құқықтық және әлеуметтік ақпаратқа деген сұранысының жоғары екенін көрсетті. Тұрғындар тек тыңдаушы болып қана қоймай, өздерін мазалап жүрген түйткілді мәселелерін ортаға салды.
Ең бастысы, қатысушылар Отбасының цифрлық картасы әлеуметтік базасына тіркелу мүмкіндігіне ие болды. Бұл база мемлекетке әрбір отбасының әл-ауқатын автоматты түрде анықтап, көмекке мұқтаж жандарға тиісті қолдауды дер кезінде көрсетуге мүмкіндік береді. Полиция аға лейтенанты Жұматова Жанерке Аленқызы өз сөзінде отбасындағы агрессияның бала тәрбиесіне тигізер зардабы туралы тереңнен қозғады. «Зорлық көрген бала ертең зорлықшы болуы мүмкін. Біз бұл тізбекті бүгін үзуіміз керек», — деді ол.
Мамандар отбасылық жанжалдардың алдын алу үшін ерлі-зайыптылар арасындағы диалог мәдениетін дамыту қажеттігін түсіндірді. Егер жанжал ушығып бара жатса, оны физикалық күшке жеткізбей, «Отбасын қолдау орталығының» психологтары мен медиаторларының көмегіне жүгінудің тиімділігі айтылды. Тұрғындарға арнайы дайындалған психологиялық кеңестер мен заңнамалық өзгерістер жазылған буклеттер таратылып, халықтың құқықтық сауаттылығы арта түсті. Мұндай шаралар алдағы уақытта ауданның басқа да елді мекендерінде жалғасын таппақ. Өйткені, мемлекеттің мықтылығы – әрбір отбасының бақыты мен қауіпсіздігінде. Шолаққорғандық мамандардың бұл бастамасы – Әділетті Қазақстан құру жолындағы маңызды қадам.

