«Тіл — ұлттың жаны» дейді дана халқымыз. Тәуелсіз Қазақстанның аспаны астында жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілдері бір шаңырақтың баласындай, татулық пен бірлікте ғұмыр кешіп келеді. Ортақ Отанымыздың өркендеуіне әрбір азамат өзінің еңбегімен, білімімен және мемлекеттік тілге деген құрметімен үлес қосуда. Әсіресе, ішкі істер саласында, елдің тыныштығы мен заңдылықтың сақталуын күзеткен өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілде еркін сөйлеп, іс-қағаздарын қазақша жүргізуі — нағыз отансүйгіштіктің үлгісі.
Қазақ елі — ынтымағы жарасқан, достығы бекем ел. Біздің мемлекетімізде барлық ұлт өкілдері түрлі салаларда, соның ішінде жауапкершілігі аса жоғары құқық қорғау органдарында абыройлы қызмет атқаруда. Олар тек өз міндеттерін орындап қана қоймай, сол саланың дамуына, мемлекеттік тілдің қолданыс аясының кеңеюіне ерекше серпін беріп отыр. Тақырыпқа тамызық болған Түркістан облысы Полиция департаментінде қызмет ететін өзге ұлт өкілдерінің арасында мемлекеттік тілді жетік меңгерген, ісіне адал полицейлердің іс әрекеті. Солардың бірі, бірегейі — бүгінде әріптестеріне де, қалың жұртшылыққа да үлгі болып жүрген тергеуші мамандығын меңгерген Шухрат Назаров.
Ұлты өзбек болса да, жүрегі қазақ деп соққан Шухрат Сунатуллаұлы Назаров — өз ісін сүйетін, нағыз кәсіби маман. Ол қазақ тілін ана тіліндей еркін меңгерген, мемлекеттік тілдің мәртебесін биік қоятын азамат. Еңбек жолының белестері туралы тарқатар болсақ, Шухрат ішкі істер органдарындағы қызметін 2013 жылы бастаған. Алғашқы қызметін Шымкент қаласы Полиция департаменті Әл-Фараби полиция бөлімінің тергеушісі лауазымынан басталды. Қазіргі таңда ол Түркістан облысы полиция департаменті Келес аудандық полиция бөлімінде аға тергеуші болып табысты қызмет атқарып келеді.
Жалпы, тергеу саласы — полиция жұмысындағы ең күрделі, психологиялық және интеллектуалдық дайындықты қажет ететін бағыт. Мұнда әрбір сөз, әрбір сөйлем заңдылық тұрғысынан маңызды. Шухрат қиын да жауапты тергеу саласында барлық іс-құжаттарды қазақ тілінде жүргізеді. Бұл — оның тек тілді білуі ғана емес, мемлекеттік тілдің заң терминологиясын да жетік меңгергенін көрсетеді.
Шухрат Назаровтың пікірінше, Қазақстан азаматы үшін мемлекеттік тілді білу — міндет қана емес, бұл Отанға деген шексіз махаббат пен құрметтің белгісі. Ол өз қызметі арқылы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге, оның беделін арттыруға зор үлес қосып келеді. Шухрат Сунатуллаұлының айтуынша: «Барша жұртты бауырына басқан қазақ жерінде туып-өскеніміз — үлкен бақыт. Еліміз татулықты ту етіп, өзге елдерге үлгі болуда. Осындай бауырмал елде тұрғанымызды мақтан тұтамын». Ол 1-мамыр Ынтымақ мерекесін еліміздегі ең айтулы мерекелердің бірі деп санайды, өйткені бұл күн — бірліктің символы екенінде ешкімнің таласы жоқ болар.
Ия, Шухрат Назаров тек білікті маман ғана емес, сонымен бірге үлгілі отағасы, аяулы әке. Ол 2013 жылы отау құрып, бүгінде екі қыз, екі ұл тәрбиелеп отыр. Оның ұрпақ тәрбиесіндегі ұстанымы да бөлек әлем. Тәртіп сақшысы үшін бала тәрбиесіндегі ең басты құндылық — отансүйгіштік. Ол өз балаларының бойына тілге деген құрмет пен елге деген сүйіспеншілікті қатар сіңіруге ниетті. Оның отбасында тілге деген құрмет — күнделікті өмірдің ажырамас бөлігі. Шухраттың пікірінше, егер бала кішкентайынан мемлекеттік тілді құрметтеп, оны мақтанышпен сөйлесе, онда елдің болашағы жарқын болмақ. Ол — ұлты өзге болса да, мемлекеттік тілді жанына серік етіп, заңның әділдігі жолында қызмет етіп жүрген патриот азамат.
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту — тек тіл мамандарының емес, әрбір мемлекеттік қызметкердің, әрбір полицейдің міндеті. Түркістан облысы Полиция департаментінің аға тергеушісі Шухрат Назаровтың іс-құжаттарды қазақ тілінде мүлтіксіз толтыруы — бұл заң саласындағы тіл мәдениетін қалыптастыруға қосылған үлкен үлес. Оның бұл ісі жас қызметкерлерге, соның ішінде өзге ұлт өкілдеріне үлкен мотивация береді. Шухрат секілді азаматтар барда, қазақ тілі тек қарым-қатынас тілі ғана емес, ол — нағыз ғылым мен заңның, тергеу мен құқықтың тіліне айнала бермек.
Ынтымағы жарасқан елдің болашағы әрқашан жарқын. Ал сол болашақты құрушылар — Шухрат секілді өз ісінің шебері, тілі мен ділін қадірлейтін қатардағы тәртіп сақшылары. Елімізде осындай патриот азаматтар көп болса, мемлекетіміздің іргесі әрқашан берік болмақ.

