Әрбір адамның қауіпсіздігі ең алдымен оның өз шаңырағынан, отбасынан басталуы тиіс. «Отан — отбасынан басталады» деген аталы сөздің астарында үлкен мағына жатыр: егер әрбір үйдің ішінде тыныштық пен өзара сыйластық орнаса, бүкіл қоғам тұрақты болмақ. Осы мақсатты ту еткен Отырар ауданында бүгін маңызы зор «Ашық есік» күні ұйымдастырылды. Отбасын қолдау орталығының мамандары мен Отырар аудандық полиция бөлімі Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция лейтенанты Н.Сейілбектің қатысуымен өткен шара отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталды.
«Ашық есік» күнінің форматы азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін арттыруға және қордаланған мәселелерді ешқандай кедергісіз, бетпе-бет талқылауға мүмкіндік береді. Отырарлықтар үшін бұл күн — тек ақпарат алу ғана емес, сонымен бірге өз құқықтарын қорғау жолдарын үйренудің тиімді алаңына айналды. Шараның басты мақсаты — отбасындағы зорлық-зомбылыққа «нөлдік төзімділік» мәдениетін қалыптастыру және халықтың құқықтық сауаттылығын жаңа белеске көтеру. Мамандардың айтуынша, көптеген құқық бұзушылықтар азаматтардың өз құқықтарын білмеуінен немесе қайда жүгінерін түсінбеуінен орын алып жатады.
Отбасылық жанжалдардың соңы әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкеп соқтыратыны жасырын емес. Отырар АПБ ӘЗЗҚТ инспекторы, полиция лейтенанты Н.Сейілбек жиынға қатысушы азаматтарға заңнамадағы соңғы өзгерістерді жіпке тізгендей етіп түсіндіріп берді. Қоғамда зорлық-зомбылық дегенде тек физикалық күш көрсетуді түсінетіндер көп. Алайда, инспектор психологиялық қысым, экономикалық тәуелділік және жыныстық қолсұғушылықтың да заңмен жазаланатынын қадап айтты. Жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шығарылатын қорғау нұсқамасының күші және оны бұзған жағдайда агрессорға қолданылатын шаралар туралы нақты ақпарат берілді. Қазақстан заңнамасында тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаның күшейтілгені, бұл бағыттағы істердің татуласумен жабылу мүмкіндігінің шектелгені студенттер мен ересектерге ескертілді.
Полиция лейтенанты Н.Сейілбек: «Біздің мақсатымыз — жазалау емес, алдын алу. Әрбір әйел, әрбір бала өз үйінде қауіпсіз сезінуі тиіс. Егер сіз немесе сіздің танысыңыз зорлық-зомбылыққа тап болса, үнсіз қалмау — бұл мәселені шешудің алғашқы қадамы», — деп азаматтарды белсенді болуға шақырды.
Тек қана заңмен мәселе шешілмейді, мұнда адам жанының шипагерлері — психологтар мен әлеуметтік мамандардың көмегі ауадай қажет. Отбасын қолдау орталығының мамандары шара барысында азаматтарға кешенді қолдау көрсету бағыттарын таныстырды. Дағдарысқа ұшыраған отбасы мүшелеріне, күйзеліске түскен әйелдерге және балаларға кәсіби көмек көрсету, өмірлік қиын жағдайдағы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақыларды рәсімдеу, құжаттарын реттеу және жұмыспен қамту мәселелеріне жәрдемдесу және тегін заңгерлік кеңестер беру, талап арыздар жазуға көмектесу мәселелерін қамтыды. Сондай-ақ, мамандар азаматтарға көмек алудың жолдары мен қолжетімді «жедел желі» нөмірлерін таратты. Орталықтың басты ұстанымы — құпиялылық пен кәсібилік. Кез келген азамат өз мәселесімен келгенде, оның жеке басының құпиясы сақталатынына кепілдік берілді.
«Ашық есік» күнінде отбасылық кикілжіңдердің туындау себептері де ғылыми әрі практикалық тұрғыдан талқыланды. Мамандардың талдауы бойынша, зорлық-зомбылыққа итермелейтін негізгі факторлар болып табылатын жұмыссыздық, қарыздар және баспанасыздық отбасындағы стрессті арттырады. Мұнан бөлек маскүнемдік пен нашақорлық — зорлық-зомбылықтың 80 пайыздық жағдайында басты себеп болып табылады. Ал, отбасындағы агрессиялық модельдің ұрпақтан ұрпаққа берілуі кей жағдайда бала кезінде зорлық көрген адам, есейгенде өзі де агрессорға айналуы әбден мүмкін екеніне ешкім талас туғызбас. Осыдай себептерді жою үшін мамандар тек жәбірленушімен ғана емес, сонымен бірге агрессормен де психологиялық жұмыс жүргізудің маңыздылығын атап өтті. Ашуды басқару, эмоционалдық интеллектті дамыту — отбасын сақтап қалудың балама жолдары ретінде ұсынылды.
Бүгінгі шараның мақсаты — отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру болғандықтан, қатысушыларға арнайы жадынамалар мен буклеттер таратылды. Онда зорлық-зомбылық белгілерін қалай тануға болады, алғашқы көмекті қайдан алу керек деген сұрақтарға толық жауап жазылған.
Мамандар баланың көзінше ұрыс-керіс шығармау — оның болашақ психикасының берік болуының кепілі дейді. Ал, кез келген жанжалды заң аясында, мәдениетті диалог арқылы шешуге тырысып, көмек сұраудан ұялмау керектігін айтады.

