Мемлекет пен қоғамның дамуында әйелдер қауымының атқаратын рөлі өлшеусіз. Тәуелсіз Қазақстанның әлеуметтік-саяси өмірінде нәзік жандылардың белсенділігі артып, олардың көшбасшылық қасиеттері жаңа қырынан көрінуде. Жақында «Amanat» партиясы әйелдер қанатының төрайымы Тамара Ерімбет пен Отбасын қолдау орталығының басшысы Айжан Канетованың ұйымдастыруымен өткен «Көшбасшы әйел: мүмкіндіктер мен жетістіктер» атты іс-шара осы тақырыпты тереңінен қаузап, табысты әйел бейнесін дәріптеген мазмұнды басқосу болды.
Түркістан өңірдегі әйелдердің қоғамдық істерге араласуы, білім мен ғылымда жетістікке жетуі — заман талабы. «Amanat» партиясының әйелдер қанаты бұл бағытта ауқымды жобаларды жүзеге асырып келеді. Тамара Ерімбет пен Айжан Канетова бастаған бастамашыл топ бұл жолы назарды білім беру саласындағы көшбасшыларға аударды. Кездесудің мақсаты — тек жетістікті көрсету ғана емес, сол жетістікке барар жолдағы кедергілерді жеңу тәжірибесімен бөлісу, жас мамандарға мотивация беру және әйелдердің қоғамдағы интеллектуалдық әлеуетін ашу болды.
Іс-шараның басты қонақтары ретінде білім саласының білікті басшылары — Әл-Фараби мектебінің директоры Мамадалиева Махсуда және Сауран жалпы білім беретін мектебінің директоры Гүлбағила Қаражанова шақырылды. Олар өздерінің еңбек жолдары туралы айтқанда, қарапайым мұғалімдіктен басшылық лауазымға дейінгі кезеңдегі ізденістерін, түнгі дайындықтары мен шәкірт тәрбиесіндегі қызықты сәттерін тебірене баяндады.
Ия, әйел басшы — ең алдымен өз ұжымының қорғаушысы мен бағыт берушісі. Мектептегі әрбір мәселені өз жүрегінен өткізу арқылы ғана шынайы нәтижеге жетуге болады. Басқарудың қатал әдістерінен гөрі, ұжымдағы әрбір адамның көңіл-күйін түсіне білу, ұстаздар мен ата-аналар арасындағы алтын көпір болу — әйел көшбасшының артықшылығы.Заман ағымына қарай жаңа технологияларды меңгеру, білім берудегі халықаралық стандарттарды енгізу — заманауи директордың басты міндеті.
Гүлбағила Қаражанова өз сөзінде: «Әйел адамның басшы болуы — екі есе жауапкершілік. Сіз тек жұмыста ғана емес, үйде де үлгілі ана, адал жар болуыңыз керек. Осы тепе-теңдікті сақтау — нағыз өнер», — деп, әйел тағдырының қыр-сырымен бөлісті.
Кездесу барысында Айжан Нұржаубайқызы Канетова отбасын қолдау орталығының атынан әйелдердің әлеуметтік статусын көтеру бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан әйелдер кәсіпкерлігін қолдау, оларды басқарушылық лауазымдарға тарту бойынша көптеген бағдарламалар жұмыс істеуде. Ал Тамара Ерімбет «Amanat» партиясының аясында әйелдер қанатының атқарып жатқан істерін жіпке тізді. Партияның мақсаты — әйелдердің тек әлеуметтік мәселелерін шешіп қана қоймай, олардың саяси аренадағы үнін нығайту екенін, сондықтан да білімді әйел — білімді ұлт десек, бүгінгі кеш қонақтары мектеп директорлары сияқты тұлғаларды дәріптеу — жас қыздардың болашаққа деген сенімін арттыратыны сөзсіз.
Шараның ең маңыздылығы — жас буынға тигізер әсері мен кездесуге қатысқан жас мамандар мен студенттер қойған сұрақтарына жауап алып, көшбасшылыққа қадам басудың алғашқы сабақтарын алды. Кездесудің соңы салтанатты марапаттау рәсіміне ұласып, Тамара Ерімбет пен Айжан Нұржаубайқызы білім саласындағы қажырлы еңбегі, қоғамдық өмірге белсенді араласқаны және жас ұрпақ тәрбиесіндегі ерен еңбектері үшін Мамадалиева Махсуда мен Гүлбағила Қаражановаға арнайы алғыс хаттар табыс етті. Мұндай кездесулердің жиі өткізілуі — қоғамдағы гендерлік теңдіктің сақталуына ғана емес, жалпы елдің интеллектуалдық деңгейінің артуына ықпал етеді.
«Amanat» партиясы әйелдер қанаты мен Отбасын қолдау орталығы алдағы уақытта да түрлі салалардағы (денсаулық сақтау, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы) көшбасшы әйелдермен кездесулер циклын жалғастыруды жоспарлап отыр. Себебі, әрбір әйел — әлеуетті көшбасшы. Тек оған бағыт-бағдар беріп, мүмкіндіктерін ашуға қолдау көрсету қажет. Сауран мен Түркістан төрінде өткен бұл тағылымды шара — осы үлкен мақсатқа бағытталған нық қадамдардың бірі болды. Шаңырақтың берекесін сақтай отырып, қоғамның жүгін арқалаған нәзік жандыларымыздың жолы әрқашан ашық болсын. Көшбасшылық тізгінін ұстаған аналарымыз бен апа-сіңлілеріміздің жетістігі — Қазақстанның жетістігі!

