Отбасы — мемлекеттің ғана емес, адам өмірінің ең басты тірегі. Әрбір шаңырақтың құқықтық тұрғыдан берік болуы — оның ішіндегі мүшелерінің қауіпсіздігі мен әлеуметтік қорғалуының кепілі. Алайда, өмірде түрлі сынақтар мен құжаттық кедергілердің салдарынан маңызды мәселелердің ондаған жылдар бойы шешілмей қалатын кездері де болады. Жақында Сауран ауданында орын алған ерекше оқиға — 1998 жылдан бері заңды неке куәлігін ала алмай келген отбасының мәселесі оң шешімін тауып, ширек ғасырдан астам уақытқа созылған құқықтық тығырық сейілді.
Кейде өмірлік жағдайлар адамдарды сондай бір қиындықтарға тап қылады, одан шығу жолы тек мемлекеттік органдардың тікелей қолдауымен ғана мүмкін болады. Сауран ауданында тұратын бұл отбасы 1998 жылы шаңырақ көтергенімен, түрлі объективті және субъективті себептерге байланысты өз некелерін заңды түрде тіркей алмай келген.
Жалпы, заңды неке куәлігінің болмауы — бұл қағаздың жоқтығынан емес, мүліктік құқықтардың, балалардың құжаттарын рәсімдеудің, әлеуметтік жәрдемақылар мен мемлекеттік қолдау шараларының қолжетімсіз болғанының салдары екені сөзсіз. Отыз жылға жуық уақыт бойы бұл отбасы көптеген әлеуметтік жеңілдіктерден қағылып, заң алдында «бейресми» мәртебеде қалып келді.
Бұл мәселенің түйінін шешу үшін Сауран аудандық «Отбасын қолдау орталығының» мамандары мен құқық қорғау органдары білек сыбана іске кірісті. Әсіресе, Сауран аудандық полиция бөлімі Көші-қон қызметі тобының аға инспекторы, полиция майоры Қасымбеков Мадяр Амантайұлы отбасының құжаттық мәселелерін мұқият зерделеп, олардың неке куәлігін алуына кедергі болып келген заңдық олқылықтарды анықтады. Көп жағдайда мұндай ескі мәселелер мұрағаттық деректердің жоқтығынан немесе жеке басты куәландыратын құжаттардың ескіруінен туындайды. Полиция майоры Қасымбеков тиісті сұрау салуларды ұйымдастырып, отбасы мүшелерінің заңдық мәртебесін қалпына келтіруге тікелей ықпал етті. Бұл іске аудандық Азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің мамандары да белсенді түрде тартылды. Олар 1998 жылдан бері қордаланған мәселенің заңды негізін дайындап, қажетті құжаттарды жүйелі түрде рәсімдеуге көмектесті.
Заңды неке куәлігін алған сәтте отбасы мүшелерінің қуанышында шек болмады. Олар үшін бұл жай ғана куәлік емес, бұл — олардың қоғамның толыққанды мүшесі ретінде танылуы, болашаққа деген сенімділігі. Отағасы мен отанасы өздерінің алғыстарын былайша білдірді: «Біз бұл күнді 1998 жылдан бері күттік. Талай есікті қағып, таусылған шақтарымыз болды. Бірақ Сауран ауданының мамандары, полиция майоры Мадяр Қасымбеков және Отбасын қолдау орталығының қызметкерлері біздің мәселемізге бей-жай қарамай, соңына дейін көмектесті. Бүгін біз заңды түрде нағыз отбасы болдық. Баршаңызға мың алғыс!».
Мұндай игі істер Сауран ауданында жүйелі түрде жүргізіліп келеді. «Отбасын қолдау орталықтары» дәл осындай тығырыққа тірелген, құқықтық немесе әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарға жол көрсететін шамшырақ іспеттес. Орталық мамандарының айтуынша, әрбір шешілмеген мәселенің артында адам тағдыры тұр. Сондықтан, құжат рәсімдеуден бастап, психологиялық қолдау көрсетуге дейінгі жұмыстарды атқаруда.
Мадияр Амантайұлы Қасымбековтің бұл істегі белсенділігі полиция қызметкерінің қоғамдағы беделін асқақтата түсті. Қазіргі полиция — тек жазалаушы орган емес, ол — қиындыққа тап болған азаматқа қол ұшын созатын қорғаушы. Көші-қон қызметі саласындағы мұндай нәтижелі жұмыстар азаматтардың мемлекетке, заңға деген сенімін нығайтады.
Бір отбасының мәселесінің шешілуі — бұл үлкен жеңіс. Алайда, қоғамда әлі де болса құжаттық қиындықтармен бетпе-бет келіп отырған азаматтар аз емес. Сауран аудандық әкімдігі мен құзырлы органдар осындай мәселелерді анықтау мақсатында мониторинг жұмыстарын күшейтпек. Алдағы уақытта «Отбасын қолдау орталығы» мен полиция бөлімі бірлесе отырып, ауылдық округтерде көшпелі қабылдаулар өткізуді жоспарлап отыр. Сауран ауданындағы ведомствоаралық ықпалдастықтың жоғары деңгейін көрсету мақсатында әлі талаай жұмыстардың оң шешімі табыларына жергілікті тұрғындар сенімді.

