Мемлекет пен қоғам арасындағы ашық диалог — Әділетті Қазақстанды құрудың басты алғышарты. Халықтың мұң-мұқтажына құлақ түру, құқықтық сауаттылықты арттыру және отбасылық құндылықтарды қорғау мақсатында Сауран ауданында маңызды шара ұйымдастырылды. Сауран аудандық полиция бөлімі мен Отбасын қолдау орталығының бірлескен бастамасымен өткен «Ашық есік күні» тұрғындар үшін нағыз консультациялық хабқа айналды. Бұл шара — мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен құқық қорғау саласының ашықтығын паш еткен мазмұнды басқосуы іспетті деуге саяды.
«Ашық есік күнінің» негізгі месседжі — «Заң мен Тәртіп» қағидатын әрбір шаңыраққа жеткізу болғандықтан, ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шара тек ақпарат берумен шектелмейді. Оның басты мақсаты — тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықты болдырмау және жұмыссыздық сияқты әлеуметтік мәселелерді кешенді түрде шешу.
Полиция қызметінің «жұртқа жақын полиция» моделіне көшуі аясында Сауран аудандық полиция бөлімінің білікті инспекторлары тұрғындармен бетпе-бет кездесті. Олардың арасында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының аға инспекторлары, полиция аға лейтенанттары Нартай Тойсұлу Мұратқызы мен Тілегенов Айдархан Мейрамханұлы болды. Олар жұмыс бағытында тұрғындармен сұхбат жүргізіп, зорлық-зомбылық құрбаны болған немесе соның қаупі бар жандарды заң аясында қорғау тетіктері мен тұрмыстық жанжал шығарғандарға қолданылатын жаңа заңдық нормалар мен әкімшілік жазалар және отбасындағы әлімжеттікке «нөлдік төзімділік» таныту мәдениетін қалыптастыру барысындағы өзекті мәселелерді түсіндірді. Полиция қызметкерлерінің қатысуы тұрғындарда «Заң — қорғаушы» деген сенімді нығайтты. Әсіресе, әйелдер қауымы өздерін мазалаған сұрақтарды ашық қойып, заң аясында нақты бағыт-бағдар алды.
«Ашық есік күніне» кәмелетке толмағандар істері жөніндегі аға инспекторлар Әсілхан Шынасыл мен Сыздыков Александрдың қатысуы шараның маңызын арттыра түсті. Бұл мамандар жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу, мектептегі буллинг мәселесі және интернеттегі қауіпсіздік бойынша кеңестер берді. Ата-аналарға бала тәрбиесіндегі заңдық жауапкершілік туралы ескертілді. Баланың құқығы бұзылған жағдайда немесе жасөспірімнің жүріс-тұрысынан қауіп байқалғанда қайда жүгіну керектігі туралы жадынамалар таратылды.
Құқықтық мәселелер көбіне әлеуметтік және психологиялық факторлармен тығыз байланысты болғандықтан, емхана психологы Мұсабекова Айнұр қатысып, ол өз кезегінде тұрмыстық тауқымет тартқан жандарға эмоционалдық тұрақтылықты сақтау, күйзелістен шығу және отбасындағы қарым-қатынасты жақсарту бойынша тегін кеңестер берді. Сонымен қатар, халықтың әл-ауқатын көтеруде маңызды рөл атқаратын Мансап орталығының маманы Тұрсынхан Нұрбақ жұмыссыз азаматтарға мемлекеттік бағдарламалар, бос жұмыс орындары және кәсіптік оқыту курстары туралы мәлімет берді. Отбасын қолдау орталығының маманы Раметова Саодат орталықтың мүмкіндіктерін таныстырды. Бұл орталық — қиын жағдайда қалған әрбір отбасы үшін пана бола алатын мекеме. Маман орталықта көрсетілетін кешенді көмек түрлерін (баспана, заңгер, психолог, әлеуметтік көмек) егжей-тегжейлі баяндады.
Шара барысында Сауран ауданының тұрғындары белсенділік танытты. Келушілердің әрқайсысымен жеке сұхбат жүргізіліп, олардың мәселелері «бір терезе» қағидаты бойынша қаралды. Біреуіне заңгерлік кеңес қажет болса, енді біріне әлеуметтік жәрдемақы алу жолдары түсіндірілді. «Ашық есік күнінің» ерекшелігі — бюрократиялық кедергілердің болмау, яғни тұрғындар кабинет жағаламай-ақ, бір жерде полиция майорынан да, психологтан да, әлеуметтік қызметкерден де жауап алды. Сондықтан да бұл — мемлекеттік аппараттың халыққа қызмет етуінің шынайы көрінісі екені айқын.
Сауран аудандық полиция бөлімі мен Отбасын қолдау орталығының бұл бастамасы басқа өңірлерге де үлгі боларлық іс. Мамандар алдағы уақытта мұндай кездесулерді ауылдық округтерде, шалғай елді мекендерде де өткізуді жоспарлап отыр.

