Қайырымдылық — адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Бұл тек қана материалдық көмек беру ғана емес, сонымен бірге қамқорлыққа зәру жанға жылу сыйлау, болашаққа деген сенімін нығайту және қоғамның бір бөлшегі екенін сезіндіру. Осы орайда, Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров Арыс қаласындағы Т.Тәжібаев атындағы балалар ауылына арнайы келіп, ондағы тәрбиеленуші балалармен кездесіп, оларға ізгілік құндылықтарының шынайы көрінісін көрсетті.
Арыс қаласында орналасқан Т.Тәжібаев атындағы балалар ауылы бүгінде 70-ке жуық балғынды бауырына басып, оларға отбасылық жылулық сыйлап отырған киелі шаңырақ. Бұл мекемедегі әрбір баланың тағдыры мемлекет пен қоғамның назарында. Сондықтан да тәртіп сақшылары келген күні балалар ауылының атмосферасы ерекше көңіл-күйге бөленді. Мекеме тәрбиеленушілері қонақтарды өз өнерлерімен қарсы алды. Өнерпаз балғын балалар ән шырқап, би билеп, жүрекжарды өлеңдерін оқыды. Олардың шынайы күлкісі мен таза сезімі кездесуге ерекше жылылық пен шынайылық сыйлады.
Түркістан облысының бас полицейі Арыстанғани Заппаров балалар ауылындағы тыныс-тіршілікпен жақын танысып, әрбір тәрбиеленушімен тілдесті. Ол балаларға мерекелік тартуларын табыстап, олардың алдағы өмірлеріне жарқын болашақ пен биік армандар тіледі. А.Заппаров өз сөзінде бұл кездесудің өзі үшін де үлкен эмоционалдық әсер қалдырғанын жасырмады. Полиция департаментінің бастығы келесідей маңызды бастамаларды көтерді. Мәселен, облыс полициясы тарапынан балалар ауылына көрсетілетін қамқорлық пен қолдау алдағы уақытта да жалғасын табатынын және өңірдің бас полицейі Арыстанғани Заппаров балаларды Түркістан облысы Полиция департаментіне арнайы экскурсияға шақырды. Әрине, мұндай шақыртулар балалардың полиция қызметімен танысып, құқықтық сауаттылығын арттыруға септігін тигізері сөзсіз.
Бұл кездесудің ең тебіреністі және мәнді тұсы — дәл осы балалар ауылынан түлеп ұшқан шәкірттердің бүгінгі жетістігі болды. Мекемеде тәрбиеленген екі жас бүгінде Түркістан облысының полиция қатарында абыройлы қызмет атқарып жүр. Бұл көрсеткіш — балалар ауылындағы ұстаздар мен тәрбиешілердің қажырлы еңбегінің тікелей нәтижесі. Олар балаларға тек баспана беріп қана қоймай, дұрыс тәрбие, сапалы білім және өмірлік бағыт-бағдар бере алған. Қиын тағдырды еңсеріп, ел қорғаны — полицей болуды таңдаған бұл жастар қазіргі тәрбиеленушілер үшін нағыз мотивация мен мақтаныш үлгісі болып табылады.
70-ке жуық баланы бауырына басып, оларға аналық мейірім мен қамқорлық сыйлап отырған мекеме ұжымының еңбегі ерен. Кездесу соңында Арыстанғани Заппаров балалар ауылының директоры Меруерт Сүйіндіковаға және барлық тәрбиешілерге ризашылығын білдірді. Әрбір баланың тағдырына жауапкершілікпен қарап, оларды қоғамның толыққанды мүшесі етіп тәрбиелеп жатқандарына рақметтерін айтты. Сондай-ақ, көп жылғы жемісті еңбектері мен қайырымдылыққа қосқан үлестері үшін мекеме басшылығы мен ұстаздарына арнайы марапаттар табысталды.
Айта кетерлігі, мұндай келелі кездесулердің маңызы орасан. Бұл тек бір күндік кездесу емес, мемлекеттік орган мен әлеуметтік мекеме арасындағы тығыз байланыстың символы десек артық айтқанымыз емес. Полиция қызметкерлерінің балалармен осындай форматта кездесуі — жасөспірімдердің құқық қорғау органдарына деген сенімін нығайтары сөзсіз. Бүгінгі кездесу балалардың жүрегіне ертеңгі күнге деген үміт ұялатса, ересектердің, соның ішінде погон таққан офицерлердің жүрегіне мейірім мен жұмсақтық сыйлады. Балалардың бақытты күлкісі — елдегі тұрақтылық пен қауіпсіздіктің ең басты көрсеткіші.
Тарқата келе айтпағымыз, Түркістан облысы Полиция департаментінің бұл бастамасы — «Жұртқа жақын полиция» тұжырымдамасының нақты іске асуы. Арыстанғани Заппаровтың сапары қайырымдылықтың шекарасы жоқ екенін, ал балаларға деген қамқорлықтың мемлекеттік маңызды міндет екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Себебі, балалар ауылындағы әрбір бүлдіршін өзінің қорғалғанын сезініп, алдағы уақытта полиция департаментіне экскурсияға баруды асыға күтетін болады. Жүректен шыққан жылу ешқашан сөнбейді, ол — жас ұрпақтың болашағын жарықтандыратын мәңгілік алау.

