Отбасы – мемлекеттің діңгегі, қоғамның іргетасы демекші, еліміздің барлық өңірлерінде отбасын қолдау орталықтарын құру Президент Жарлығымен бекітілгені белгілі. Сол отбасылық құндылықтарды нығайту мәселесімен қатарласып, кейбір іргетастың шайқалуына себеп болатын отбасылардың алды алу бағытында қолдау бойынша барлық жағдайлар жасалынуда. Осы орайда, қиын жағдайға тап болған азаматтарға араша түсіп, олардың мәселесін кешенді түрде шешуге бағытталған Түркістан қаласындағы отбасын қолдау орталықтарының рөлі ерекше. Орталықтың бір күндік жұмыс барысы – бұл тек есеп емес, бұл ондаған тағдырдың жаңа парағы, заң мен мейірімнің тоғысқан нүктесі десек болады.
Жалпы, орталық туралы ақпарат тарқатар болсақ, ондағы жұмыс күні әдеттегідей қауырт басталды. Отбасындағы тауқіметтің зардабын тартқан азаматтар үшін бұл есік – үміт сәулесі. Орталыққа қадам басқан әрбір жан, ең алдымен, арнайы электронды базаға тіркеледі. Бұл жай ғана бюрократиялық рәсім емес, бұл – көрсетілетін көмектің жүйелілігі мен заңдылығының кепілі. Тіркеу кезеңінде әрбір азаматтың әлеуметтік картасы түзіледі. Мұнда оның бастан кешкен оқиғасы, отбасылық жағдайы және мұқтаж көмегінің түрі егжей-тегжейлі көрсетіледі. Базаға тіркеу арқылы мемлекеттік органдармен (полиция, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау) жедел ақпарат алмасу мүмкіндігі туады. Орталықтың бүгінгі жұмыс кестесінде психологиялық қолдау ең басты орында деуге болады. Психолог мамандар әрбір келген азаматпен жеке жұмыс жүргізіп, олардың бойындағы қорқыныш, үрей және өзіне деген сенімсіздікпен күресуге көмектесті. Психологиялық сүйемелдеудің өзі бір реттік әңгіме емес, адамның ішкі тепе-теңдігін қалпына келтіруге бағытталған күрделі процесс. Бүгін орталыққа келген тұрғындар арасында созылмалы депрессияға түскендер де, өткір стресс жағдайындағылар да кездесті. Мамандар оларға эмоционалдық жеңілдеу әдістерін қолданып, болашаққа деген нық сенімін оятуға тырысты. Психологиялық тұрақтылық болмайынша, адамның өмірлік қиын жағдайдан шығуы екіталай екені бесенеден белгілі.
Бүгінгі күннің ең маңызды оқиғаларының бірі – жеке басын куәландыратын құжаты жоқ азаматтың мәселесі еді. Тұрмыстық кикілжің кезінде кей жағдайда агрессияға берілген адам, көбіне қорғансыз жанның құжаттарын тартып алып немесе жойып жіберу арқылы оны толықтай тәуелділікте ұстауға тырысады. Құжаты жоқ адам – заң алдында «көрінбейтін» жан, ол ешқандай мемлекеттік жәрдемақы ала алмайды, жұмысқа тұра алмайды және медициналық көмекке жүгінуі де қиын.
Орталық мамандары тиісті органдармен байланысқа шығып, азаматтың жеке басын анықтау және құжаттарын қалпына келтіру бойынша шұғыл шаралар қабылдады. Нәтижесінде, тиісті құжаттар рәсімделіп, азаматтың заңды құқықтары қалпына келтірілді және қоғамның толыққанды мүшесі ретінде үйіне қайтты.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесінде жиі кездеседі. Көптеген азаматтар өздерінің құқықтық сауаттылықтарының төмендігі салдарынан, заң аясында қандай құқықтық қорғану шаралары қарастырылғанын біле бермейді. Сондықтан да, орталық заңгерлерінің бүгінгі кеңестері өте өзекті болды.
Әрбір азаматқа оның жағдайына қарай заң талаптары түсіндірілді. Алимент өндіру, некені бұзу, мүлікті бөлу және агрессорды әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тарту жолдары бойынша толық ақпарат берілді. Бұл кеңестер азаматтардың заңды қарулануына, өз құқығын қорғай алуына септігін тигізеді және құқықтық сауаттылық – зорлық-зомбылыққа қарсы тұрудың ең пәрменді құралы.
Орталықтың бір күндік жұмысы тек кеңес берумен шектелмейді. Мұнда әлеуметтік сүйемелдеу шаралары да қатар жүргізілді. Оның ішіне уақытша баспанамен қамтамасыз ету, жұмысқа орналасуға көмектесу, балаларды мектепке немесе балабақшаға орналастыру мәселелері болғандықтан, орталыққа жүгінген аналардың біріне жұмыспен қамту орталығы арқылы бос жұмыс орындары ұсынылса, енді біріне әлеуметтік жәрдемақы алу жолдары түсіндірілді.
Заң талаптарына сәйкес көрсетілген психологиялық, құқықтық және әлеуметтік қызметтер азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың өмірлік тығырықтан шығуына нақты мүмкіндік береді. Орталықтың әрбір маманы – психологтан бастап заңгерге дейін – қоғамдағы зорлық-зомбылық дертін емдеуге өз үлестерін қосуда.
Орталық жұмысын қорытындылай келгенде, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес – бұл тек заңдардың жиынтығы емес, бұл – адам тағдырына деген жанашырлық пен кәсібиліктің ұштасуы. Орталық өз жұмысын әрі қарай да жалғастыра береді, өйткені әрбір отбасының бақыты мен қауіпсіздігі – бүкіл елдің тыныштығының кепілі.

