Түркістан – таланттар мекені. Бүгін біздің білім ордамызда ерекше мерекелік атмосфера орнап, оқушылар мен ұстаздар қауымы үлкен рухани серпіліс алды. «Қауіпсіз балалық шақ» жобасы аясында мектебіміздің мақтанышы, Сербияның Нови-Сад қаласында өткен әлем чемпионатында Республика күні қарсаңында алтын медаль иеленіп, көк туымызды көкте желбіреткен Өмірбек Шұғыла Нұрпейісқызымен кездесу кеші өтті.
Бұл шара – өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиетті ұялату, патриоттық сезімді арттыру мен спортқа деген құлшынысты ояту және бос уақытты тиімді пайдаланудың маңыздылығын паш еткен айтулы оқиғаға айналды.
Шұғыла – біздің мектептің ғана емес, бүкіл Қазақстанның мақтанышы. Оның Сербия төріндегі жеңісі – қажырлы еңбек пен темірдей тәртіптің жемісі. Кездесу барысында чемпионның әрбір сөзі оқушылар үшін үлкен мотивация болды. Оқушылар өздерінің сүйікті кейіпкеріне спорттық жол, қиындықтарды еңсеру және жеңіске деген ерік-жігер туралы қызықты сұрақтарын қойып, тұжырымды жауаптар алды.
Кештің ең әсерлі сәті — Шұғыланың алғаш білім нәрін берген ұстаздарымен қауышуы болды. Мұғалімдері чемпионның мектеп қабырғасындағы алғашқы қадамдары, оның мінезі мен алғырлығы туралы естеліктерімен бөліскенде, бүкіл зал ерекше толқынысқа бөленді.
«Ұстаздарыма айтар алғысым шексіз. Маған тек білім беріп қана қоймай, қиын сәтте қолдау көрсетіп, биік мақсаттарға жетелей білген – осы алтын ұя мектебім», – деді Шұғыла Нұрпейісқызы тебірене отырып. Мектеп басшысы Бағдат Болатұлы әлем чемпионын және оның ардақты анасы Нұргүл ханымды жарқын жеңістерімен құттықтады. Анасының тәрбиесі мен қолдауы – Шұғыланың биік белестерді бағындыруына үлкен негіз болғанын атап өтіп, ұжым атынан құрмет көрсетіп, сый-сияпат табыстады.
Бұл кездесудің тағы бір маңызды тұсы – спортта жетістікке жетіп жүрген шәкірттеріміздің марапатталуы болды. Әлем чемпионының өз қолынан алғыс хат алу – жас спортшылардың жүрегіне сенім ұялатып, алдағы додаларда жеңіске деген құлшыныстарын еселей түсті. Қорытындылай келе, «Қауіпсіз балалық шақ» дегеніміз – баланың бос уақытын спортқа, білімге арнап, жаман әдеттерден алшақ болуы. Шұғыланың өмірі мен жетістігі – осы қағиданың тірі үлгісі. Мектебіміздің түлегіне алдағы уақытта да тек жеңісті күндер тілейміз! Көк туымыз Шұғыла секілді намысты қыздарымыздың арқасында әлемдік ареналарда желбірей берсін!

