Ел ертеңі — білімді әрі отаншыл жастардың қолында. Жастардың болашақ мамандығын қателеспей таңдауына жол сілтеу — бүгінгі білім беру саласының басым бағыттарының бірі. Осы мақсатта 2025 жылдың 26 қарашасы күні Түркістан қаласындағы №12 Қ.Сәтпаев атындағы мектеп базасында қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен мазмұнды кездесу өтті. Шараға С.Ерубаев атындағы №7 мектеп-интернатының 8-9-сынып оқушылары қатысып, әскери саланың қыр-сырына қанықты.
Кездесудің басты мейманы — Шымкент қаласындағы беделді оқу орындарының бірі, Сабыр Рахимов атындағы әскери колледж өкілдері болды. Бұл кездесудің негізгі мұраты — әскери мамандыққа қызығушылық танытып жүрген оқушыларға бағыт-бағдар бере отырып, патриоттық сезімді арттыру. Мамандар әрбір Қазақстан Республикасы азаматының Отан алдындағы қасиетті борышы мен міндетін, әскери өмірдің жауапкершілігі мен маңыздылығын егжей-тегжейлі түсіндірді.
Кездесу барысындағы негізгі басымдықтар, болашақ сарбаздардың бойында патриоттық рухты қалыптастыру, жауапкершілікті сезіну бағытында әскери қызметтің мемлекет қауіпсіздігіндегі рөлін ұғындыру және мамандық таңдау бойынша, әскери колледжге түсу шарттары мен оқу үдерісі туралы ақпарат беру.
Іс-шара тек құрғақ ақпарат берумен шектелмей, оқушылар үшін нағыз танымдық алаңға айналды. Колледж өкілдері оқу орнының тыныс-тіршілігін бейнелейтін арнайы видеороликті паш етті. Ең қызықты сәт — оқушылардың әскери қызметте қолданылатын арнайы техникалар мен құрал-жабдықтармен танысуы болды.
Сала мамандарымен өткен ашық сұхбат барысында оқушылар өздерін мазалаған сұрақтарға тұщымды жауаптар алды. Бұл тікелей байланыс жасөспірімдердің әскери салаға деген оң көзқарасын қалыптастырып, кәсіби бағдар алуына үлкен септігін тигізді.
8-9 сынып оқушылары үшін бұл кезең — өмірлік таңдау жасайтын жауапты сәт. Сондықтан мұндай кездесулер жастардың тәртіпке, ұйымшылдыққа және елге қызмет етуге деген құлшынысын арттырары сөзсіз.
«Әскери мамандық — бұл тек киім емес, бұл — үлкен жүрек пен Отанға деген шексіз махаббат. Бүгінгі кездесу біздің болашаққа деген нық сенімімізді оятты», — дейді С. Ерубаев атындағы №7 мектеп-интернатының оқушылары.
Осындай маңызы зор іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырған Түркістан қалалық білім бөліміне және Сабыр Рахимов атындағы әскери колледжбен тығыз байланыс орнатып, мектеп пен кәсіби орта арасына көпір болған әріптестерімізге мектеп ұжымы атынан алғысымыз шексіз.

