Түркістан қаласының рухани әрі туристік орталық ретіндегі мәртебесін нығайту және қаланың бірыңғай эстетикалық келбетін қалыптастыру мақсатында әкімдік заңсыз орнатылған және дизайн-кодқа сәйкес келмейтін жарнамалық құрылымдарға қарсы тұрақты рейдтік іс-шаралар жүргізіп жатыр. Бұл шаралар қала келбетіне нұқсан келтіретін ретсіздіктерді жоюға бағытталған маңызды қадам болып отыр.
Рейдтік топтардың жұмысының нәтижесінде дизайн-код талаптарына сай келмейтін көптеген ретсіз жарнамалар, маңдайшалар және қала келбетіне зиян келтіретін түрлі құрылымдар анықталып, демонтаждалды.
Іс-шараның негізгі бағыттары, заңсыз орналастырылған жарнамаларды анықтау және жою, ретсіз сауданы болдырмау, кәсіпкерлік нысандарының қасбеттерін белгіленген дизайн-код талаптарына сай келтіру.
Тексеру жұмыстары барысында кәсіпкерлік нысандарының сыртқы жарнамаларының орнатылу тәртібі, рұқсат құжаттарының болуы, сондай-ақ маңдайша мәтіндерінің эстетикалық және тілдік нормаларға сәйкестігі қатаң назарға алынды. Сонымен қатар, сауда нүктелерінің тек арнайы белгіленген аумақтарда ғана жұмыс істеуі тексерілді.
Бұл ауқымды жұмыстардың негізі – Түркістан қаласының 2025 жылы бекітілген дизайн-коды. Дизайн-код – қала аумағындағы барлық сыртқы элементтердің бірыңғай және үйлесімді стильде болуын қамтамасыз ететін ережелер жиынтығы.
Дизайн-код қала аумағындағы ғимарат қасбеттері, жарнамалық құрылымдар, шағын архитектуралық формалар, ақпараттық белгілер мен көрсеткіштер, абаттандыру элементтерінің енгізілуі Түркістанның тарихи және мәдени ерекшелігін сақтай отырып, оны заманауи және тартымды қалаға айналдыруға мүмкіндік береді. Дизайн-код талаптарын орындау кәсіпкерлерден белгілі бір жауапкершілікті талап етеді, алайда бұл ұзақ мерзімді перспективада бүкіл қаланың имиджі үшін тиімді.
Қала әкімдігі кәсіпкерлік нысандарының иелерін қала келбетін сақтауға атсалысуға шақырады. Жарнамаларды орнату және маңдайшаларды рәсімдеу кезінде белгіленген дизайн-код талаптарын сақтау қажет. Бұл талаптарды орындамаған жағдайда, әкімшілік жауапкершілікке тарту шаралары қолданылатын болады.
Қала билігінің басты мақсаты – Түркістанды тек қазақ халқының рухани орталығы ғана емес, сонымен бірге келбеті мен сәулеті жағынан ең таза, әдемі және бірегей қалалардың біріне айналдыру. Дизайн-кодтың толыққанды іске асуы қаланың инфрақұрылымы мен эстетикалық деңгейін жаңа сатыға көтерері сөзсіз.

