Түркістан қаласының көркемдігі мен экологиялық тазалығын қамтамасыз етуде қалалық қызметтердің атқаратын рөлі ерекше. Бұл бағыттағы маңызды жұмыстарды жүзеге асырушылардың бірі – «SKGEOKART» жауапкершілігі сақтаулы серіктестігі (ЖШС) мамандары. Олар қаланың негізгі аймақтарында, атап айтқанда, Бекзат Саттарханов даңғылы мен туристік тартымдылығы жоғары «Керуен сарай» аумағында көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуде.
Б.Саттарханов даңғылы мен «Керуен сарай» кешені – Түркістанның келбетін айқындайтын, келушілер мен қала тұрғындары көп шоғырланатын стратегиялық маңызды аймақтар. «SKGEOKART» ЖШС мамандары осы аумақтардағы жасыл желектердің сапасын арттыруға баса назар аударады. Күтім жұмыстары кешенді сипатта болады.
Негізгі атқаратын жұмыстары, газондарды үнемі шабу және пішіндеу. Жасыл көгалдардың біркелкі әрі эстетикалық тартымды болуы үшін арнайы техникалар мен құралдар қолданылып, мерзімділік сақталады. Бұл, әсііресе, Б.Саттарханов даңғылы бойындағы жалпы көріністің ресми әрі таза болуын қамтамасыз етеді. Ағаштар мен бұталарды қырқу нәтижесінде, өсімдіктердің дұрыс өсуін қамтамасыз ету және көше қозғалысына кедергі келтірмеу мақсатында санитарлық және пішіндеу жұмыстары жүргізіледі. Суару жүйесін бақылау бойынша Түркістан қаласының құрғақ климатын ескере отырып, көгалдардың су режимін қадағалау және тамшылатып суару жүйелерінің тиімді жұмысын қамтамасыз ету аса маңызды.
Тазалық – туристік тартымдылықтың кепілі десек, әрине туристер таза жерде дем алғысы келеді. Тазалық оларды бірден тартып, жағымды әсер сыйлайды. Таза орын көңіл-күйді көтереді. Тазалықтың турим саласында ғана емес, адам өмірінде алар орны ерекше.
«Бақыт – тазалық пен шынайылық орнаған жерге қонады», демекші «SKGEOKART» ЖШС қызметкерлері көгалдарды күтумен қатар, аталған аумақтардағы санитарлық тазалық жұмыстарын да қатаң бақылауда ұстайды. Өйткені, «Керуен сарай» сияқты көпшілік орындарда тазалық жұмыстарының жиілігі мен сапасы қаланың туристік имиджі үшін шешуші рөл атқарады. Қоқыс жәшіктері мен контейнерлердің мерзімді босатылуы және айналасындағы тұрмыстық қалдықтардың жиналуы тұрақты бақылауда. Сондай-ақ, даңғылдардың жаяу жүргіншілер бөлігі мен жасыл аймақтардың қатты қалдықтардан, күл-қоқыстан толық тазартылуы қамтамасыз етіледі және маусымдық жұмыстарға байланысты (мысалы, күзде жапырақтарды тазалау, көктемде арамшөптерді жою) арнайы іс-шаралар кешені орындалады.
«SKGEOKART» ЖШС-ның Б.Саттарханов даңғылы мен «Керуен сарай» аумағындағы жұмыстары қаланың экологиялық мәдениетінің жоғарылауына және тұрғындардың жайлылығына тікелей әсер етеді. Ұқыпты күтім жасалған көгалдар қалаға әдемі көрініс беріп қана қоймай, ауа сапасын жақсартуға да үлес қосады.
Бұл жұмыстардың тұрақты әрі сапалы болуы қала басшылығы мен арнайы мекемелер арасындағы тиімді өзара әрекеттесудің нәтижесі. Алдағы уақытта «SKGEOKART» ЖШС-ның көгалдандыру және тазалық жұмыстарының географиясы кеңейіп, Түркістанның барлық аумақтарын қамтуы – қаланың тұрақты даму стратегиясының негізгі бағыттарының бірі.
Тазалық сақтау – әр азаматтың мәдениеті мен ортақ парызы.
Айта кетейік, тазалық сақтамаған тұрғындарға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы бойынша 73 840 теңге мөлшерінде айыппұл белгіленген.
Біле жүріңіз: Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс талаптары 505-бап – Аумақты абаттандыру қағидаларын бұзу бойынша, айыппұл мөлшері:
Жеке тұлғалар: 20 АЕК (78 640 тг)
Шағын кәсіпкерлік субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдар: 30 АЕК (117 960 тг)
Орта кәсіпкерлік субъектілері: 40 АЕК (157 280 тг)
Ірі кәсіпкерлік субъектілері: 100 АЕК (393 200 тг)
Бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл көлемі ұлғайтылады.
434-2-бап – Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау:
Алғаш рет: 5 АЕК (19 660 тг)
Қайталаған жағдайда: 10 АЕК (39 320 тг)
Бұл баптар қоғамдық орындарды, саябақтар мен басқа да ортақ аумақтарды қорғауға бағытталған.
Демек, атам қазақта «Тазалық табалдырықтан басталады» деген жақсы сөз бар. Осы сөздің түпкі мағынасына үңілер болсақ, адам баласының саулығына тікелей әсері бар тазалықты біз бар істің басына қоюымыз керек деп ойлаймын.
Осы ретте Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында: «Экологиялық ахуалды жақсарту – алдымызда тұрған негізгі міндеттің бірі. Біз қоғамда қоршаған ортаны қорғаудың мән-маңызын кеңінен дәріптеуіміз керек» деген сөзін жадымыздан шығармайық. Шынында да, болашақта еліміздің біздер үшін, бізден кейінгілер үшін де гүлденген , көркейген ел болу үшін Мемлекет басшысы атап өткендей, «қоршаған ортаның тазалығы әркімнің күнделікті дағдысына айналуы қажет» сонда ғана қазақ халқының бойына сіңген жақсы қасиеттер қатарынан тазалық та табылар еді.

