Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай Түркістан қаласының «Парасат» саябағында ағаш отырғызу акциясы өтті.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған және еліміздің экологиялық мәдениетін арттыруға, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы Түркістан қаласында жүйелі түрде іске асырылып келеді. Осы игі бастама аясында, 9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай, Түркістан қаласындағы «Парасат» саябағында ағаш отырғызу шарасы ұйымдастырылды.
Акцияның негізгі мақсаты – қоғамда экологиялық жауапкершілікті күшейту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және тұрғындарды қоршаған ортаны қорғауға бағытталған игі бастамаларға жұмылдыру. Бұл шара, сонымен қатар, қала аумағындағы жасыл желекті көбейту, экологиялық ахуалды жақсарту және тұрғындар үшін қолайлы демалыс аймақтарын арттыруға үлес қосуды көздеді.
Жалпыұлттық экологиялық «Таза Қазақстан» акциясы Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ұсынысымен өткен жылдың көктемінде бастау алғалы, бүгінде бұкіл еліміз үшін ауқымды шараға айналды. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – табиғатты тазарту ғана емес, Қазақстан халқының экологиялық мәдениетін арттыру, өзінің қоршаған ортасына деген сүйіспеншілігі мен махаббатын қалыптастыра отырып, құрметін шексіздікке ұштастыру екені айтпаса да түсінікті. Президентіміз бастаған игілікті істі қоғамның барлық өкілдері, тіпті жастар мен мектеп оқушыларына дейін ыстық ықыласпен қабылдап, атсалысуда.
2025 жылы акцияның ауқымы кеңіп қана қоймай, оның мазмұны да баий түсті. Өлкеміздің түкпір-түкпірінде тазалық жұмыстарын жалғастырумен бірге, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға арналған фестивальдар, байқаулар, білімділік пен біліктілікті арттыру шаралары жүзеге асырылуда. Мәселен, Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы игі істер Түркістан қаласында жүйелі түрде жалғасып келеді. Дәстүрге айналған экологиялық шара қаламыздағы «Парасат» саябағында өтті. Қоршаған ортаның көркін арттыруға бағытталған бұл бастама аясында арнайы қоршалған аумақта тал егу жұмыстары жүргізілді.
Жалпы, табиғаттағы тепе-теңдікті сақтап тұрған да ағаш екен. Ыстықты, аязды басып, ылғалдылықты сақтап, жаңбырлардың уақытында және табиғи тәртіппен жаууын реттейді, топырақтың құнарлылығын сақтайды, дауылдардың екпінін азайтады, т.б. Қысқасы туылсақ бесік, өлсек табыт, яғни адам өмірге келгеннен кеткенге дейін пайдасын тигізеді. Айта берсе ағаштың адамға берер пайдасы мол.
Бүгінгі істерімен ұрпаққа өнегелік істерімен жатталып қалатын, қоршаған ортаға деген махаббатты оятатын, жасыл желекке айналар аумақтағы игі шараның Түркістан қаласының сұлуланып, көркеюіне, жастар мен қала тұрғындарының өз қаласының табиғатын сүйуге, құрметтеуге деген шексіз махаббатын ашарына ешкімнің де таласы жоқ болар.
Әсілінде, Қазақтың « Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген ұлағатты сөзінің маңызы зор. Ағаш өсіруді бала тәрбиелегенмен бірдей дегенді халық ертеден айтады. «Табиғатты қалай аяласақ, ол соған солай жауап береді, бабалар еккен шынарды балалар саялайды» демекші, бүгінгі шараға қатысушылар бірлесе еңбек етіп, саябақ аумағында жүз түп көшет отырғызылды.
Ия, «Ағаш, талшыбық кезінде иілер» демекші, ұрпағымызға ағаш егу мәдениетін қазірден бастап үйрету кезек күттірмейді. Әрбір қала, аудан азаматының өз атымен аталған ағашы болып, оны көзінің қарашығындай сақтауға үндеп жатсақ, артықшылығы жоқ. АҚШ тарихында ерекше есте қалатын президенті Франклин Рузвельт «Бір елдің өркениет дәрежесі, өмір сүрген жерінде ағаш егу мәдениетін қалыптастырғанымен өлшенеді» деген екен. Біздің ұлттық сенімімізде, ағаштың әрбір жемісі сол ағашты еккен адамға сауап болып жазылады деп айтылады. Онымен қоса сол ағаш кімде кімнің немесе қандай да бір тіршілік иесінің пайдасына асса, мысалыға, бір құс ұя салып, жемістерін жесе, бір адам көлеңкесінде демалса, яғни кәдесіне асырса сауабы жазылады. Ағаш егу мәдениетін қалыптастыру мақсатында барлық мемлекеттер Халықаралық ағаш егу күнін атап өтеді. Бірақ әр елдің ағаш отырғызу күні әртүрлі уақытта болғанымен, Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы ізгілікке толы ізетті істі алдыңғы орынға қойған.
Ағаш егудің бір керемет тұсы адамды гуманизмге тәрбиелейді. Еккен ағашының жемісін өзі көрмесе де ұрпағы көреді. Сонда ағаш егу деген, бір жағынан ұрпақты, келешекті ойлауға, эгоизмнен арылуға тәрбиелейді. Бір сөзбен айтқанда, ағаш егу – өзіңнен басқа адамдарды да сыйлағандығыңды көрсетеді. Себебі, еккен ағашың бәріміздің ортақ тұтынып жатқан ауамызды тазартады. Өзге адамдарға таза ауа сыйлағаныңмен дәлме-дәл екен.
Бүгінгі іс-шара барысынан Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Абылайхан Наурызбаев, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Әбілсейіт Рабаев қатысты. Олармен бірге облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары, ардагерлер, мемлекеттік қызметшілер және ерікті жастар белсенділік танытты.
Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Әбілсейіт Рабаев акцияның қоғам өміріндегі рөлінің маңыздылығын атап өтті. «Президентіміз бастамашы болған «Таза Қазақстан» акциясы – еліміздің экологиялық мәдениетін қалыптастырудағы маңызды қадам. Бұл бастамаға партия да өз үнін қосып, нақты істермен қолдау көрсетіп келеді. Таза орта – салауатты қоғамның кепілі. Әрбір егілген ағаш – келер ұрпаққа аманат. Сондықтан осындай шаралар арқылы адамдардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттырып, экологиялық сана қалыптастыруымыз қажет»,- деді.
Акция барысында қатысушылар «Парасат» саябағының аумағына бірнеше жүз түп көшет отырғызғандарын мақтаныш тұтып, осындар шаралардың тәрбиелік рөләнәі басымдығы жайында да сөз қозғап, көрікті де, көркем қала санатынан түспеуді міндетіміз және азаматтық борышымыз деп санайды.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай акциялар табиғатты қорғау санасын нығайтып қана қоймайды, сонымен қатар, қоғамдағы ашықтық пен парасаттылық қағидаттарын кеңінен насихаттауға зор мүмкіндік береді. Жасыл желек – тазалық пен жаңарудың символы болса, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – әділдік пен қоғамның саулығының кепілі. Осы екі маңызды бағытты біріктіру арқылы Түркістан облысы мен Түркістан қаласының әкімдіктері тұтас қоғамдық құндылықтарды нығайтуға үндейді.
Жалпы, Түркістан қаласында экологияны жақсартуға және сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған іс-шаралар жыл бойы жалғасын табатын болады. Бұл бастамалар қаланы жасыл желекке орап, тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттыруға ықпал етеді.
«Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек» Өйткені «Таза Қазақстан», бұл – бір күндік науқан емес. Бұл – біздің өмір салтымыз. «Жас келсе – іске» деп халқымыз бекер айтпаған. Баршаңызды табиғатты қорғау, идеясы біріктіріп отыр. Сіздер бәріңіз бірге істеп жатқан жұмыстың арқасында бұл игі бастама осындай үлкен қозғалысқа айналды. Ортақ іске күш жұмылдыру дегеніміз – осы», деген мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Таза Қазақстан» экологиялық фестивальде сөйлеген сөзі, Ордабасылықтардың жадыларында жатталып, экологиялық талаптарды сақтап, оны саналы өмір салтына айналдыруда.
Бұл игі шара – экологиялық мәдениетті қалыптастырумен қатар, жастарды және жалпы аудан тұрғындарын табиғатты қорғауға, туған жерге сүйіспеншілікпен қарауға шақыратын өнегелі істе үлгі болары сөзсіз.

