2025 жыл – Ішкі істер министрлігі «Профилактика жылы» деп жариялады. Мемлекет басшысы айқындап берген «Заң және тәртіп» қағидасын басшылыққа ала отырып, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жастардың қоғам алдындағы сенім мен жауаптылық қағидаттарын түсіндіру.
Неге десеңіз, жастарға әркім үлкен үмітпен, зор сүйсініспен, тіпті, қызығушылықпен қарайды. Оларды болашақтың алтын тұтқасы деп санап, елдік армандар мен мұраттарға қол жеткізуші күш, ұлттық құндылықтардың мұрагері деп, асқан сенім жүктейді. Сол жастардың қазіргі дәуренінің, яғни, мектеп табалдырығындағы жастық шағының да қоғам үшін елеулі маңызы бар. Сондықтан да, жасөспірімдер тағдырына отбасы, білім, еңбек ұжымдарынан бастап, қоғамдық ұйымдар, атқарушы билікке дейін жауапты.
Бала қауіпсіздігі мен жасөспірімдер арасындағы тәртіп — кез келген қоғамның тұрақтылығының негізі. Осы орайда, Түркістан қаласында кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу және олардың заң алдындағы жауапкершілігін нығайту мақсатында «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жас буын өкілдеріне өз өмірінде дұрыс бағыт таңдап, қоғамның белсенді әрі жауапты азаматы болуға үндеу, сондай-ақ болашаққа деген сенім мен жауапкершілік сезімін қалыптастыру. Сонымен қатар, білім беру ортасындағы бұзушылықтардың алдын алуға, балаларға қатысты қылмыстарды анықтауға, көшелерде және қоғамдық орындарда бұзақылық пен қоғамға жат мінез-құлықтың жолын кесуге ерекше назар аударылады.
Бұл жолғы профилактикалық жұмыстардың ауқымы өте кең болды. Тәртіпті қадағалауға тек құқық қорғау органдары емес, қоғамның түрлі сала өкілдері жұмылдырылды. Атап айтқанда, Түркістан қаласының әкімдігі, қалалық прокуратура және білім бөлімі, мектеп мұғалімдері мен ұстаздар қауымы, Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері және «Дала қырандары» қоғамдық бірлестігі, сондай-ақ «Сатқындар» бастамашыл тобы мен ерікті жастар.
Мұндай бірлескен бақылау — кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алуда мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылының жоғары екенін көрсетеді.
«Біздің мақсат – тек құқық бұзушылықпен күресу емес, оның алдын алу. Бұл – барлық мемлекеттік органдар мен қоғамның ортақ міндеті. Тек бірлескен күш-жігер арқылы ғана жасөспірімдер үшін қауіпсіз орта қалыптастырып, заң мен тәртіпті қамтамасыз ете аламыз», – деп түйіндеді Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері.
Тәртіп сақшылары түнгі уақытта ойын-сауық орындарында, компьютерлік клубтарда және үйден тыс жерлерде ересектердің қарауынсыз үйден тыс жүрген жасөспірімдерді анықтау бойынша кешкі және түнгі рейдтер өткізеді. Сондай-ақ, есепте тұрған қолайсыз отбасыларға барып, тұрмыс жағдайлары тексеріліп, ата-аналармен профилактикалық әңгімелер жүргізіледі. Құқықбұзушылықтар анықталған жағдайда полицейлер заң аясында шаралар қабылдайды.
Полиция сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін кәмелет жасқа толмағандарға заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз ойын-сауық орындарында болуға тыйым салынатынын ескертеді. Мұндай орындарға ойын мекемелері, түнгі клубтар, барлар, мейрамханалар, дәмханалар, интернет және компьютерлік клубтар, боулинг орталықтары, кинотеатрлар, театр және басқа да ойын-сауық нысандары жатады.
Сонымен қатар, сағат 23:00-ден 06:00-ге дейін балаларға ересектердің еріп жүруінсіз көшеде жүруге тыйым салынады. Егер жасөспірім аулаға, үйдің жанындағы дүкенге барса немесе кешке қоқысты шығарса да, полиция қызметкерлері оның үйден шығу себебін анықтауға міндетті. Заңды өкілдерін жедел анықтау мүмкін болмаған жағдайда, бала мән-жайларды одан әрі анықтау үшін ішкі істер органдарының бөлімшесіне жеткізілетін болады.
Бірлескен рейдтік тексеру нәтижесінде түнгі уақытта, сағат 23:00-ден кейін заңды өкілдерінсіз көшеде және ойын-сауық орындарында жүрген бірқатар жасөспірім анықталды. Олардың әрқайсысы бойынша тиісті хаттамалар толтырылып, ата-аналарына түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Жедел-профилактикалық іс-шара аясында қала аумағындағы жастар көп жиналатын орындарға, ойын-сауық орталықтарына, компьютерлік клубтар мен саябақтарға жіті тексеру жүргізілді.
ҚР Заңнамасына сәйкес, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғынжайдан тыс жерде болуы — әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шараның негізгі өзегі — балалардың құқықтарын қорғау мен басты мақсат — жазалау емес, қорғау. Түнгі уақытта қараусыз қалған баланың қылмыс құрбаны болу немесе жағымсыз ортаның ықпалына түсу қаупі жоғары.
Қорытындылай келе, «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы Түркістан қаласының тыныштығы мен жастардың жарқын болашағы үшін жасалған маңызды қадам. Құзырлы органдар мен қоғам белсенділері бұл бағыттағы жұмыстардың мұнымен тоқтап қалмайтынын, рейдтік шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатынын мәлімдеді.
Полиция департаменті кәмелетке толмағандардың құқықтарының бұзылуы туралы мәліметті жедел хабарлауды сұрайды.
Тәртіп бар жерде — тәрбие бар, тәрбие бар жерде — болашақ бар!

