Ел дамуы бейбітшілікке келіп тіреледі. Қоғам тыныш болса, ел де соған қарай өркендейді. Ал тыныштықтың кепілі – заң мен тәртіпке бағыну. Сонымен қатар қоғамда болып жатқан түрлі келеңсіздік сол елге ортақ заңға бағынбаудан туындап жатады. Қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлы айтқандай, «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды». Мемлекет басшысының идеясымен қолға алынған «Заң мен тәртіп» қағидасы Баукеңнің осынау сөзімен мәндес, мағыналас деуге болады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында қоғамдағы тәртіп пен мәдениет мәселесіне тоқталып, «Заң және тәртіп» қағидатын берік орнықтырудың маңызын атап өтті.
– «Қоғамда осы қағиданы түбегейлі орнықтыру үшін барлық құзырлы органдар арасында ортақ көзқарас пен ортақ ұстаным болуға тиіс. Бұл – ең алдымен, ешқандай құқық бұзушылыққа жол бермеу қағидасы, яғни кез келген заңсыздыққа қарсы тұру деген ұстаным. Сондықтан мемлекеттік органдардың осы бағыттағы жұмысын барынша қолдау қажет. Сонда ғана елімізде құқық бұзушылыққа, озбырлық пен зорлық-зомбылыққа қарсы сана-сезім қалыптасады, қоғамға жат кез келген әрекетке төзбеушілік пайда болады», – деді Мемлекет басшысы. Мемлекет басшысы елдің тұрақтылығы мен бірлігін сақтаудың тарихи маңызын да жеткізді.
Құқықтық мемлекет құрудың басты шарты — азаматтардың заңға деген құрметі мен тәртіпке бағыну мәдениеті. Бұл құндылықтар мектеп табалдырығынан бастап қалыптасуы тиіс. Сонымен қатар, құқықтық мемлекет құрамыз деген заманда әрбір адам өз құқықтарын жете біліп, жалпы заң білімі саласынан мағлұмат алғаны дұрыс. Заңды аттамай, тура жолмен жүріп, еліне адал қызмет еткен азамат қана мұратына жетеді. Сондықтан заңды білу – заман талабы. Бүгінгі таңда қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бұл мәселе қазіргі таңда көкейтесті мәселелердің біріне айналып отыр. Жастар арасында құқық бұзушылық пен қылмысты болдырмау, оның алдын алу шараларын жүргізу, олардың құқықтық білімін арттыру – жергілікті мемлекеттік органдар мен білім беру ұйымдарының негізгі міндеті. Осы орайда, Түркістан қаласындағы №31 Абай атындағы жалпы білім беретін орта мектепте «Заң және тәртіп» тақырыбында оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру мен жауаптылыққа бағытталған тәрбиелік мәні зор кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру іс-шарасы ұйымдастырылды.
Шараның мақсаты — жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу , кәмелетке толмағандармен жасалатын қылмыстардың көбеюіне жол бермеу, сондай-ақ, оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру және оқушылардың заң алдындағы жауапкершілігін терең түсіндіру.
Жиынға білім беру саласының өкілдері мен құқық қорғау органдарының тәжірибелі мамандары қатысты. Мектеп директоры Ахметов Нұрбол Жарылқасынұлы жиынды ашып, білім ордасындағы тәртіп пен тәрбие жұмыстарының маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, заң мен тәртіп мәселелері төңірегінде кәсіби кеңес беру үшін мынадай қонақтар шақырылды. Олар, Қапашев Керім Жақыпбекұлы – Түркістан ҚПБ КҚБ ювеналды полиция тобының аға УПИ, полиция майоры, Молдасев Мухитдин Абдуалиевич – УПИ полиция капитаны, Перне Ердәулет Нұрланұлы – ЖПК ЮПТ УПИ полиция лейтенанты және А.Сейдазимова – Қалалық білім бөлімінің тәрбие әдіскері.
Кездесу барысында құқық қорғау органдарының өкілдері жасөспірімдерге қоғамға жат іс-әрекеттердің салдары, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік, қоғамдық тәртіпті сақтау мен кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ата-анасыз көше кезіп жүруінің қауіптілігі, жасөспірімдер арасында жиі кездесетін құқықбұзушылық түрлерін нақты мысалдармен жан-жақты түсіндірме жасады.
Жиында қоғамдағы қазіргі өзекті мәселе буллинг пен кибербуллингтің зияны да кеңінен қозғалды. Әсіресе, түнгі уақытта заңды өкілдерсіз көшеде жүру, бұзақылық әрекеттер және мектеп ішілік тәртіпті бұзудың салдары туралы егжей-тегжейлі айтылды.
Талқыланған негізгі мәселелер аясында, әрбір оқушы өз әрекеті үшін заң алдында жауап беретінін сезінуі тиіс. Мектеп ішіндегі және қоғамдық орындардағы кез келген заңсыз әрекеттің алдын алу мен жасөспірімдердің өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған шаралар.
Іс-шара тек дәріс түрінде ғана емес, еркін форматтағы сұхбат ретінде өтті. Оқушылар өздерін мазалаған сұрақтарды қойып, мамандардан тұщымды жауаптар алды. Қалалық білім бөлімінің тәрбие әдіскері А.Сейдазимова жастардың бос уақытын тиімді өткізуі мен өзін-өзі дамытуға көңіл бөлуі — қылмыстың алдын алудың ең жақсы жолы екенін атап өтті.
Сонымен қатар, мамандар оқушыларға әлеуметтік желіні қауіпсіз пайдалану, бір-біріне зиян келтіретін әрекеттерге жол бермеу, құрдастар арасында достық қарым-қатынасты нығайту жайында кеңес берді. Мектеп ұжымы «Осындай кездесулер балалардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың бойында өз іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарау дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді»-деп атап өтті.
«Заңды білу — заман талабы. Біздің мақсатымыз — жазалау емес, жастардың қателесуіне жол бермеу және оларды дұрыс жолға бағыттау», — деп атап өтті полиция майоры Керім Қапашев. Қорытындылай келе, «Заң және тәртіп» тақырыбындағы бұл жиын оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға септігін тигізді. Жауапкершілік мәдениеті қалыптасқан ортада ғана жарқын болашақ құруға болады. №31 Абай атындағы мектеп ұжымы мұндай алдын алу шараларын жүйелі түрде өткізу арқылы саналы ұрпақ тәрбиелеуге өз үлестерін қоса бермек.

