Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында жастар туралы пікір білдірді.
«Қазіргі көкірегі ояу жас ұрпақ отаншылдық деген сөзді басқаша қабылдайды. Жастардың басым көпшілігі әсіредіншілдікті, әсіреұлтшылдықты қолдамайды. Олар үшін патриотизмнің басты көрсеткіші – жасампаздық пен жаңашылдық. Жастар «Елді сүю дегеніміз – халыққа пайдасы тиетін жаңалық ашу, жаңа іс бастау» деп түсінеді. Олар Қазақстанды дамыған, көркейген мемлекет ретінде көргісі келеді. Заманауи технологияларды меңгеріп, халқымызды озық ойлы ұлттардың қатарына қосуға талпынады. Өскелең ұрпақтың бойындағы патриотизм – болашаққа деген шынайы ұмтылыс», — деді Мемлекет басшысы. Сонымен бірге, Президент қолға алған ауқымды жұмыстың бәрі жастардың жарқын болашағы үшін жасалып жатқанына тоқталды. Мемлекетіміздің тәуелсіздігін баянды ету және іргесін бекемдеу жолында жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру – білім беру ісінің ажырамас бөлігі. Осы маңызды миссияны жүзеге асыру мақсатында қаламыздағы Мәншүк Мәметова атындағы №6 орта мектепте оқушылардың отаншылдық сезімін нығайтуға арналған «Патриотизм – елдіктің белгісі» атты ашық тәрбие сабағы ұйымдастырылды.
Бұл шара жай ғана мектеп ішілік жиын емес, жасөспірімдердің бойындағы ұлттық рухты оятып, оларды Отан алдындағы жауапкершілікті сезінуге үндейтін мазмұнды жүздесу болды.
Мектептің Шығыстың қос шынарының бірі, Халық қаһарманы Мәншүк Мәметова есімімен аталуы оқушыларға ерекше жауапкершілік жүктейді. Сабақ барысында оқушыларға еліміздің сан ғасырлық тарихы, азаттық жолында құрбан болған батырлардың ерлігі мен Тәуелсіздіктің қадір-қасиеті туралы терең ақпараттар берілді.
Ұстаздар мен оқушылар Мәншүктей батыр қыздардың, Әлия мен Бауыржандай қаһармандардың салған сара жолы – бүгінгі бейбіт күннің кепілі екенін ерекше атап өтті. Тарихи деректер мен батырлардың өмір жолынан үзінділер келтірілген бейнероликтер оқушылардың тарихи танымын кеңейте түсті.
Сабақтың екінші бөлімінде бүгінгі заманның патриотизмі туралы ашық пікірталас өрбіді. Қазіргі таңда Отанды сүю тек қару асынып шекара күзету емес, ол – терең білім алу, ана тілін қадірлеу, салт-дәстүрді сақтау және еңбекқор болу.
Оқушыларға қазіргі Қазақстан жастарының алдында тұрған негізгі міндеттер түсіндірілді. Тарқатып айтсақ, білім мен ғылымда бәсекеге қабілетті болу, мемлекеттік рәміздерді қастерлеу, қоршаған ортаны қорғау және экологиялық мәдениетті сақтау.
Тәрбие сабағы тек теориялық мәліметтермен шектелмей, нағыз өнер мерекесіне ұласты. Оқушылар патриоттық тақырыптағы әндерді асқақтата шырқап, ақын-жазушылардың Отан туралы өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Әсіресе, шәкірттердің «Менің елім – Қазақстан» атты әнді бірауыздан орындауы залдағы рухты асқақтата түсті.
«Біз батыр Мәншүктің атын иемденген мектепте оқитынымызды мақтан етеміз. Біздің басты мақсатымыз – жақсы оқып, болашақта еліміздің дамуына өз үлесімізді қосу», – дейді мектеп белсенділері. Қорытындылай келе, өсіп келе жатқан жас буындардың бойында қазақстандық патриотизм сезімін қалыптастыру үшін, әр ұлттар мен ұлыстар тек өз тарихы мен мәдениетін ғана танып білуі жеткіліксіз, сонымен қатар олар бір — бірін танып біліп, құрметтеуі тиіс. Сондықтан бала бойына халқымыздың мәдениетін, әдет — ғұрпын, тарихын кішкентайынан сіңіре білгеніміз жөн. Мектеп жасына дейінгі балалардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыруда тіл дамыту, көркем әдебиет пәндерінің алатын орны ерекше. Отанын сүйген, елін, жерін қорғаған батырларымыздың ерлігі, ақындардың елін сүюге шақырған өлең — жырларының балалардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыруда маңызы зор. Патриоттық сезімнің объектісі мен қайнар көзі — Отан десек, оның мазмұны — туған жер, табиғат, оның байлықтары, тіл, дәстүр, тарихи ескерткіштер, туған өлкедегі тамаша киелі орындар. Олардың адам көкірегіне жылылық, жақындық, туысқандық сезімдерді ұялатып, ізгі де ерлік істердің қайнар көзіне айналуы патриотизмге тәрбиелеудің арқауы. Қасиетті сезім ананың сүтімен бірге өзінен — өзі келмейтін баланың бойында біртіндеп қалыптасатын құдіретті сезім. Бұл сезім әркімде әр кезеңде оянып, кейін кәмелетке келгенде біржола буыны қатып, тәжірибемен, уақытпен, біліммен, қоршаған ортаның ықпалымен, балабақша, отбасы, мектеп, жоғарғы оқу орындары, бұқаралық ақпарат құралдары, қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстар әсерімен қалыптасады. Патриоттық сезім тұлғада тәрбие арқылы өсіп жетіліп патриоттық сана түрінде қалыптасады. Сондай — ақ жеке адам өз ұлтының қасиеттерін бойына сіңіруі керек.
Патриотизмге тәрбиелеу үрдісінің танымдық мәнін естен шығаруға болмайды, бірақ ол әрбір тәрбиеленушіде патриоттық сана, патриоттық сезім қалыптастырудан бастау алғанда ғана тиімді болмақ. Сондықтан, Түркістан қаласындағы Мәншүк Мәметова атындағы мектепте педагогтар ұйымдастырған іс — шараларында біріншіден терең патриотизм – Отанға, Қазақстанға, өз халқына деген сүйіспеншілік идеясын ұстанғанын мақсат етуге болады.
Сонымен қатар, №6 мектеп ұжымы ұйымдастырған бұл шара оқушылардың санасына отансүйгіштік нәрін сеуіп, олардың жігерін шыңдады. Осындай патриоттық тәрбие сабақтары жасөспірімдердің дұрыс бағытта дамуына, өз елінің нағыз жанашыры болуына септігін тигізері сөзсіз.
Ел ертеңі – білімді әрі отаншыл жастардың қолында екенін санамызда сақтайық!

