Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Адал адам болуға жетелейтін адал еңбек пен адал табыс табу арқылы Әділетті Қазақстан құру көзқарасын нақтылаған болса, ал қоғамдық сананы өзгерту жөніндегі бастаманы Түркістандағы Құрылтайда көтерген болатын. Ата-бабамыз ниет түзулігі жөнінде бұрыннан айтып келеді.
Сол сияқты қазіргі уақытта Әділетті Қазақстанды құру тек саяси-экономикалық реформалармен шектелмейді. Мемлекет басшысы айтқандай, Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру еліміз үшін айрықша маңызды. Ең бірінші, сананы сілкілеу – барымыз мен нарымызды електен өткізіп қажетін қалдыру Еліміздің әрбір азаматы адалдық адами қасиеттің ең басты шарты екенін естен шығармауға тиіс. Адал азамат болып адал еңбек ету, адал табыс табу тек өзіміздің ерік-жігерімізге, отаншылдығымызға, адами ниет-пейілімізге, парасатымызға байланысты.
Мемлекетіміздің жарқын болашағы – білімді, тәрбиелі және ең бастысы, адал ұрпақтың қолында. Осы мақсатты ту еткен Түркістан қаласында білім беру ұйымдарының оқушылары арасында «Адал ұрпақ» патриоттық сайысы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бұл шара жасөспірімдердің отансүйгіштік рухын асқақтатып, олардың бойындағы жауапкершілік пен әділдік құндылықтарын дәріптеудің бірегей алаңына айналды. «Адал ұрпақ» сайысының мақсаты – жастардың бойына рухани адамгершілік қасиеттерді ұялату үшін мейірбан, ақылды, шыншыл, қайырымды адамдық асыл қасиеттерді игеруге ықпал етумен қатар, ішкі мәдениетін қалыптастыруды көздейді. Сайыстың негізгі бағыттары ретінде мынадай маңызды міндеттер айқындалды. Ұлттық рухты қалыптастыру бағытында оқушылардың туған елге, жерге және ата-баба тарихына деген сүйіспеншілігін ояту. Адалдық мәдениетін насихаттай отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитет қалыптастырып, әділдік жолын таңдауға үндеу. Көшбасшылық қасиеттерді дамыту арқылы жастардың шығармашылық әлеуетін ашып, оларды көпшілік алдында еркін сөйлеуге, командамен жұмыс істеуге баулу. Сонымен қатар, еріктілер қозғалысын жандандыра отырып, «Адал ұрпақ» еріктілер клубтарының жұмысына жаңа серпін беру.
Сайыс барысында командалар бірнеше күрделі әрі қызықты кезеңдер бойынша сынға түсті. Қатысушылардың жан-жақтылығын тексерген тапсырмалар төмендегідей өрбіді. Оқушылар Қазақстан тарихы мен ұлттық құндылықтар туралы терең білімдерін паш етті. Командалар өздерінің «Адал ұрпақ» клубының мақсаты мен атқарған жұмыстарын креативті форматта көрсетті. Сахнада ұлтжандылықты дәріптейтін әндер шырқалып, күмбірлеген күйлер төгілді. Адалдық пен әділдікке негізделген арнайы логикалық тапсырмалар мен кейстік жағдайлар арқылы оқушылардың моральдық ұстанымдары сыналды.
«Адалдық – адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Адам бағасының бір өлшемі де іспетті. «Адалдық” деген сөз шыншылдық, айнымастық, шын берілгендік сияқты игі қасиеттерді еске салады. Адамның өз ұжданы алдында адал, шыншыл болу – өзіне-өзі қасиетті болуынан, жүріс-тұрысы ізгі болуынан ғана туады. Адалдық – адамдықтың белгісі. Бүгінгі сайыс бізге тек жарысуды емес, кез келген жағдайда әділ болуды және өз Отанымызды қадірлеуді үйретті», – дейді сайысқа қатысушы оқушылардың бірі. Сайыс қорытындысы бойынша ең үздік өнер көрсеткен, білімі мен тәрбиесі үйлескен командалар мен жекелеген белсенді қатысушылар анықталды. Оларға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Алайда, қатысушылар үшін басты марапат – ортақ мүдде жолында жиналған достар мен алған рухани азық болды.
Түйіндей келе, жастардың Отанға деген сүйіспеншілігін арттырып, саналы ұрпақ тәрбиелеуді мақсат еткен бұл шара Түркістан қаласының білім беру саласындағы маңызды оқиғаның біріне айналды. «Адал ұрпақ» сайысы арқылы біз бүгінгі жастардың тек білімді ғана емес, сонымен бірге мемлекеттің болашағына жауапты, бірлік пен тұрақтылықты, сенім мен жауаптылық құндылықтарын бойларына сіңіре отырып, адал азамат болып өсіп келе жатқанына тағы бір мәрте көз жеткіздік.

