Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 2 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында «Таза Қазақстан»экологиялық акциясы туралы айтты.
Ол елімізде көктемнен бастап «Таза Қазақстан»жалпыұлттық экологиялық акциясы өтіп жатқанын еске салды.
Акцияның мақсаты-экологиялық мәдениетті қалыптастыру, «адал адам – адал еңбек – адал табыс» патриотизм құндылықтарын дәріптеу, сондай-ақ қоршаған ортаға ұқыпты қарау. Бұл, Мемлекет басшысы атап өткендей, уақытша акция емес, бұл маңызды жоба жыл бойы жалғасуы тиіс.
2025 жылғы 21 сәуірде Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» экологиялық фестивалінде сөйлеген сөзінде:
– «Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Туған жерімізді ешкім сырттан келіп тазалап, көркейтіп бермейді. Отанымызды таза ұстау – әр азаматтың қастерлі парызы. Соңғы жылдары елімізде көптеген маңызды өзгеріс болды. Әділетті мемлекет болу үшін біз заң мен тәртіпке бағынатын қоғам құрып жатырмыз. Сондай-ақ ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр. Мұның бәрі, ең алдымен, өскелең ұрпақ үшін, яғни, сіздер үшін жасалуда. Қазақ жастарының болашағы – жарқын, жолы – ашық. Мен сіздерге сенемін, зор үміт артамын! Отаншыл, білімпаз, еңбекқор болыңыздар деп тілеймін. Сонда Қазақстанымыз да Әділетті, Таза, Қауіпсіз және Өркендеген озық ел болмақ. Бәріңізге сәттілік тілеймін»,- деген ед.
Дәл қазіргі уақытта экология мәселесі, оның тазалығы мемлекет алдында тұрған бірден-бір ауқымды мәселенің бірі. Осындай өзекті де өткір мәселе елеусіз қалғаны жөн бола қоймас. Ең алдымен тұрғындарды табиғатты қорғауға, тазалыққа бағыттау болса, ендігі себеп экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
«Таза Қазақстан» акциясы тек тазалық қана емес, бұл — ұқыптылық пен жауапкершілікке тәрбиелейтін қадам. Қазіргі заман адамы табиғатпен үндестік орнатуы қажет. Себебі, таза табиғат — ұлт денсаулығының кепілі.Осындай акциялар арқылы жастар бойында экологиялық сана қалыптасып, қоршаған ортаға деген көзқарасы өзгереді. Әр адамның кішкентай ісі — үлкен өзгеріске жол ашады.
Неге десеңіз, табиғатты қорғау — адамзаттың қасиетті борышы. Осы орайда, елімізде кең қанат жайған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Түркістан қаласында кезекті күзгі тазалық шарасы өтті. Бұл жолы ерікті жастар мен қала тұрғындары білек сыбана кірісіп, шаһардың қоғамдық орындарын күзгі жапырақтардан тазарту жұмыстарын жүргізді.
Бұл шара жай ғана тазалық жұмысы емес, бұл — туған жерге деген сүйіспеншілік пен экологиялық жауапкершіліктің нақты көрінісі. Ерікті жастар мен тұрғындар өткізген акцияның негізгі мақсаты — қоғамдық орындар мен саябақтардың тазалығын қамтамасыз етіп қана қоймай, тұрғындар арасында, әсіресе жастар ортасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Қоршаған ортаға ұқыптылықпен қарау, табиғатты аялау және экологиялық сауаттылық — бүгінгі қоғамның ажырамас бөлігіне айналуы тиіс.
Еріктілер тобы қаланың орталық көшелері мен демалыс аймақтарындағы сарғайған жапырақтарды жинап, арық-атыздарды тазалады. Осы арқылы жастар өскелең ұрпаққа қоршаған ортаның тазалығы әрбір азаматтың жеке жауапкершілігі екенін үлгі етіп көрсетті.
Шара барысында еріктілер жоғары ұйымшылдық танытты. Жұмыс барысында жастар тек тазалықпен айналысып қана қоймай, экологиялық акциялардың маңызы туралы өзара пікір алмасты.
«Тазалық — мәдениеттіліктің белгісі. Біздің мақсатымыз — Түркістанның әрқашан гүлденіп, таза болып тұруына үлес қосу. «Таза Қазақстан» акциясы бізді бірлікке, еңбекқорлыққа және туған қаламызды қадірлеуге үйретеді», — дейді ерікті жастар.
Ия, «Таза Қазақстан» акциясы тек ағаш отырғызумен ғана шектелмейді. Ол экологиялық мәдениетті насихаттау, табиғатты қорғау жобаларын жүзеге асыру және қоғамның экологиялық белсенділігін арттыру шараларын да қамтиды.
Бұл жұмыс жастарды табиғатты қорғауға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға ынталандыруда үлкен рөл атқарады. Тазалық жұмыстарына қатысқан әрбір жан өзі тазалаған жерге қоқыс тастамауға, айналасына ұқыпты қарауға машықтанады.
Табиғатты қорғау ісіне бейжай қарамай, демалыс күніне қарамастан белсенді атсалысқан барлық еріктілерге ұйымдастырушылар атынан зор алғыс білдірілді. Осындай игі істердің арқасында қаламыз көркейіп, тұрғындар үшін жайлы орта қалыптасуда. Есіңізде болсын, тазалық бар жерде береке бар, әрі ол біздің денсаулығымыз бен болашағымыздың кепілі.
“Таза Қазақстан» республикалық акциясына қосылуға шақырамыз. Бірігіп, қаламызды таза етейік!
Таза және жайлы орта — бәріміздің ортақ еңбегіміз!

