Қазіргі қоғамда жастардың рөлі тек білім алумен шектелмейді, олар — мемлекеттің саяси және әлеуметтік өміріне белсене араласатын негізгі күш. Осы орайда, Түркістан қаласында жастар мен танымал қоғам белсенділерінің қатысуымен еркін форматтағы ашық кездесу өтті. Шараның басты мақсаты — жас буынның құқықтық сауаттылығын арттырып, олардың бойында белсенді азаматтық ұстаным қалыптастыру және өзекті мәселелерді ашық талқылау болды.
Кездесуге қоғамдық жұмыстарда өзіндік қолтаңбасы бар білікті мамандар қатысып, жастармен өз тәжірибелерімен бөлісті. Олар, Дінмұхаммед Үмбетұлы — Қазақстан студенттер альянсы Түркістан өңірлік филиалының төрағасы, Түркістан өңірінің омбудсмені. Ол студенттер мен жастардың құқығын қорғау тетіктеріне тоқталып, заңды білу — кез келген азаматтың басты қаруы екенін баса айтты.
Сонымен қатар, Айбар Мырзагелдин — «Таңдау құқығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Түркістан қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі. Қоғам белсендісі жастардың қала өміріне, жергілікті өзін-өзі басқару ісіне қалай ықпал ете алатыны туралы практикалық кеңестер берді.
Еркін форматта өткен кездесуде жастар саясаты мен қоғамдық дамудың маңызды тұстары талқыланды. Қонақтар тарапынан көтерілген негізгі тақырыптар төмендегідей өрбіді, пайдалы бастамалар мен еріктілік. Яғни, кез келген игі істің кішігірім бастамадан басталатыны, еріктілік қызметінің адамды тұлға ретінде қалыптастырудағы рөлі айтылды. Белсенділік — тек пікір айту емес, сол айтылған пікір мен атқарылған іс үшін жауап бере білу. Таңдау құқығы мен құқықтық мәдениетке тоқталсақ, жастардың заңнамалық реформаларға қатысуы және өз құқықтарын сауатты қорғай алуының маңыздылығы.
Кездесудің ең құнды бөлігі — «сұрақ-жауап» айдары болды. Жастар тарапынан қаланың әлеуметтік мәселелері, жас мамандарды қолдау бағдарламалары және мемлекеттік органдармен кері байланыс орнату жолдары туралы өткір сұрақтар қойылды. Спикерлер әрбір сауалға тұщымды жауап беріп, жастарды мәселені сырттан бақылаушы емес, оны шешуші күш болуға шақырды.
«Жастардың көзіндегі от пен жаңалыққа деген құштарлығы бізді қуантады. Бүгінгі ашық пікір алмасу олардың тек құқықтық емес, рухани тұрғыдан да өсуіне септігін тигізеді деп сенеміз», — деп атап өтті кездесу қонақтары.
Қорытындылай келе, мұндай еркін форматтағы кездесулер билік пен бұқара, аға буын мен жас буын арасындағы алтын көпір іспетті. Түркістан жастары өздерінің тек білімді ғана емес, елжанды және жауапкершілігі жоғары азаматтар екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Шара соңында қатысушылар осындай кездесулердің жиі өткізілуі жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға зор үлес қосатынын айтып, ризашылықтарын білдірді.
Ел ертеңі — бүгінгі жастардың қолында, ал ол қолдың қуаты — білім мен белсенділікте!

