Қыстың қытымыр аязы мен суық жел тұрғындарды тоңдырғанымен, адамдардың бір-біріне деген мейірімі мен ыстық ықыласы кез келген суықты жеңе алатыны сөзсіз. Осы аптада Түркістан қаласында «Жастар ресурстық орталығының» еріктілері ерекше жылулық сыйлайтын қайырымдылық акциясын өткізді. Суық күндері далада жүрген тұрғындар мен қала қонақтарына тегін кофе тарату арқылы жастар мейірімділік пен жанашырлықтың үлгісін көрсетті.
«Волонтерлік патриотизмнің бір көрінісі – еріктілер ең алдымен елдің игілігіне қызмет етеді. Олардың жұмысы азаматтық қоғамды одан әрі дамытуға мүмкіндік береді. Волонтерлік дегеніміз – бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, әрекет ету. Еріктілік деген халқымыздың шынайы болмысы – салт-дәстүрі. Сондықтан біз де бұл дәстүрді сақтап қалуымыз керек. Бұл бастама ұлтты қиыстырып, мемлекетті нығайту үшін қажет. Ұлы Абайдың «қарекет қыл, пайдасы көпке тисін» деген сөзі осындай игі істерге үндейді. Сондықтан біз волонтерлікті кеңінен дәріптеуіміз керек. Береке бірлігімізді арттыратын шараларға бір ел – тұтас ұлт болып атсалысуымыз қажет»,- деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев
Бүгінде жастарымыздың жұмыла бірігіп, қысылтаяң сәттерде қол ұшын созып, қайырымдылық жасауы — еріктілер қозғалысының өзегі. Еліміздің түкпір-түкпірінде волонтер жастардың ұйымы құрылып, құлашын кең жайды. Біздің Түркістан қаласының жастары да қаланың адам көп жиналатын орталық көшелері мен аялдамаларында жолаушыларға жылулық сыйлап жүр.
Бүгінгі ұйымдастырылған бұл шараның мақсаты — тұрғындардың көңіл-күйін көтеру және аязды күні бойларын жылытуға мүмкіндік жасау. Еріктілер күлімдеген жүзбен әрбір жолаушыға ыстық кофе ұсынып, жылы лебіздерін білдірді.
Бұл бастама әсіресе таңертең жұмысқа бара жатқан тұрғындар, қоғамдық көлік күткен жолаушылар және қала тазалығына жауапты коммуналдық сала қызметкерлері үшін үлкен қолдау болды. Бір кесе ыстық кофе тек денені ғана емес, адамдардың көңілін де жылытқаны анық. Еріктілік мәдениеті — қоғамның айнасы болса, бұл акция — жай ғана сусын тарату емес, бұл қоғамда белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастырудың және еріктілік мәдениетін насихаттаудың жарқын көрінісі. Шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, еріктілік дегеніміз — үлкен ерлік жасау емес, айналаңдағы адамдарға кішігірім болса да қуаныш сыйлай білу.
«Біздің мақсатымыз — қаламыздың әрбір тұрғынына жалғыз емес екенін, жастардың әрқашан қолдауға дайын екенін сезіндіру. Суық ауа райында бір кесе ыстық кофе мен жылы сөз адамға жігер береді», — дейді еріктілер тобының мүшелері.
Күтпеген жерден ыстық кофе ішіп, жылынып алған қала тұрғындары еріктілерге өз ризашылықтарын білдірді. «Мұндай шаралар адамдарды біріктіреді, бір-бірімізге деген сенімімізді арттырады» дейді қала тұрғындары.
Қорытындылай келе, еріктілердің бұл қолдау акциясы мейірімділіктің үлкен-кішісі болмайтынын тағы бір мәрте дәлелдеді. Кішкентай ғана игі іс үлкен қоғамдық резонанс тудырып, басқа да жастарды ерікті болуға, қайырымдылық жасауға шабыттандырды. Түркістанның аязына қарамастан, жастардың жүрегіндегі жылулық қаланың әрбір бұрышына нұр сепкендей болды.
Жалпы, ерікті жастардың қатысуымен, сенбілік жұмыстары жүргізіледі. Әр айдың белгілі бір күнінде көмек қолын созу мақсатымен, көмекке мұқтаж жанның шаңырағында қолғабыс жұмыстары жүзеге асырылады. Қала көлемінде тойланатын айтулы мерекелерде өз септіктерін тигізіп келеді. Құқық бұзушылықтың алдын алу, жол қауіпсіздігін болдырмау мақсатында, қалалық полиция басқармасы мен облыстық полиция департаментімен, желілік полция басқармасымен, Төтенше жағдайлар департаментімен сабақтаса отырып, түсіндірме жұмыстарын жүргізеді, еркін кездесулер өткізіледі. Еріктілік – жастардың өз белсенділігін көрсетіп қана қоймай, адамдарға көмек беріп, тәжірибе жинауға, өмірлік маңызды дағдыларды дамытып, әлемді жаңа қырынан көруге мүмкіндік беретін бірден-бір сала деп есептейді Түркістан қаласында «Жастар ресурстық орталығының» еріктілері.
Мейірімділік — мәңгілік құндылық. Жүрегіңіз жылы, жолыңыз ашық болсын!

