Түркістанның алдағы жылдардағы даму бағыты мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері облыстық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында кеңінен талқыланды. 2025 жылғы 9 желтоқсанда өткен бұл жиын аймақтың экономикалық әлеуетін арттыру мен бюджеттік жоспарлаудың ашықтығын қамтамасыз ету тұрғысынан стратегиялық маңызға ие болды.
Өңірлік мәслихаттың мәжіліс залында өткен отырысты Қоғамдық кеңес төрағасының міндетін атқарушы Керімхан Қадырбеков жүргізіп, модераторлық етті. Жиынға кеңес мүшелерімен қатар, салалық басқарма басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе ретінде облыс көлеміндегі қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпті сақтау жайы қаралды. Бұл бағытта облыстық Полиция департаменті басшысының орынбасары Бағлан Айтбаев баяндама жасады. Ол қылмыстың алдын алу, жол қауіпсіздігін нығайту және құқықбұзушылыққа «нөлдік төзімділік» қалыптастыру бойынша атқарылып жатқан іс-шараларды таныстырды. Кеңес мүшелері қоғамдық тәртіпті сақтаудағы полицияның жұмысын саралай келе, ұсынылған ақпаратты назарға алды. Түркістан қаласының жаңа келбеті мен бас жоспары талқыға түсті.
Түркістан қаласының облыс орталығы ретіндегі сәулеттік бейнесі мен инфрақұрылымдық дамуы — жұртшылықты толғандыратын басты тақырыптардың бірі. Облыстық сәулет және құрылыс басқармасының басшысы Қуаныш Асанов Түркістан қаласының бас жоспары туралы қаулы жобасын ұсынды. Жаңа жоспарда қаланың өсу қарқыны, инженерлік желілердің жағдайы және демалыс аймақтарының орналасуы егжей-тегжейлі қамтылған. Қоғамдық кеңес мүшелері жобаның негізгі ережелерін талқылап, оң қорытынды берді.
Облыстың қаржылық тұрақтылығы мен келешегіне қатысты маңызды құжаттарды облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Жандос Нұрхалықов таныстырды. Атап айтқанда, 2025-2027 және 2026-2028 жылдарға арналған бюджет жобалары мен 2026-2030 жылдарға арналған даму жоспары талқыланды.
Бұл құжаттарда әлеуметтік нысандар құрылысы, ауыл шаруашылығын қолдау және инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне басымдық берілген. Кеңес мүшелері әрбір теңгенің мақсатты жұмсалуын қадағалай отырып, шешім жобаларын мақұлдады.
Жиын барысында салалық басқармалардың есебі мен келісімдер мен экономикасының барлық дерлік салаларына қатысты қаулы жобалары мен мәслихат шешімдері қаралды. Кеңес мүшелері келесі басқармалар ұсынған жобаларды мұқият талқылап, келісім берді. Тарқатып айтқанда, өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму, кәсіпкерлік және сауда мен ауыл шаруашылығы және туризм және жұмыспен қамту және цифрландыру салалары.
Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы дайындаған маңызды жобалар да кеңес талқылауынан өтіп, мақұлданды. Бұл — қоғамдық бақылаудың мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіндегі пәрменділігін көрсетеді.
Жиын соңында ұйымдастырушылық мәселелерге де орын берілді. Керімхан Қадырбеков Қоғамдық кеңес құрамына жаңадан қабылданған мүшелерді таныстырды. Өз саласының білікті мамандары Әміритдин Әлішов, Зуппархан Чалданов пен Нәзипа Мамықоваға мүшелік куәліктері салтанатты түрде табыс етілді. Жаңа мүшелер облыстың қоғамдық өміріне белсене араласып, халық пен билік арасындағы алтын көпір болуға ниетті екендіктерін білдірді.
Қорытындылай келе, Түркістан облыстық Қоғамдық кеңесінің бұл отырысы аймақтың даму стратегиясын айқындаудағы ашықтық пен демократиялық ұстанымдардың айқын көрінісі болды. Қабылданған шешімдер облыс тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға және өңірдің гүлденуіне бағытталған. Сондай-ақ, өзектілігі басым шараға ақпарат айдынында жүрген журналистерді қатыстырудың қажеттілігі орасан.

