Студенттік кезең — тек дәрісхана мен емтихан арасындағы уақыт емес. Бұл — тұлға болып қалыптасудың, өмірлік көзқарастардың айқындалатын және алғашқы үлкен мақсаттарға қол жеткізетін белес. 17 қараша — бүкіл әлем бойынша білім жолындағы жастардың басын біріктіретін, олардың жігері мен табандылығын ұлықтайтын мереке. Себебі, студенттік шақ — ізденіс пен жетістіктің алтын көпірі.
Бүгінгі студент — ертеңгі білікті маман, ғалым, мемлекет қайраткері және қоғамның қозғаушы күші. Мемлекетіміздің даму қарқыны тікелей жастардың алған білімі мен олардың бәсекеге қабілеттілігіне байланысты. Ізденіс жолына түскен әрбір жастың бойындағы құлшыныс пен жаңалыққа деген құштарлық — ел болашағының берік іргетасы.
Студенттік өмір жастарға мынадай құндылықтарды береді.
Жауапкершілік: Өз болашағыңды өз қолыңмен қалауды үйрену;
Әлеуметтік белсенділік: Қоғамдық жұмыстар, волонтерлік және жобалар арқылы тәжірибе жинақтау;
Төзімділік: Қиын емтихандар мен сынақтардан өте отырып, мінезді шыңдау.
Арманға жол дегенімізң жарқын болашаққа нық қадам. Ендеше, әрбір студенттің көкейінде асқақ арманы бар. Бірі — әлемдік деңгейдегі жаңалық ашуды көздесе, бірі — еліміздің экономикасын көтеруге, енді бірі — ұлт саулығын сақтауға үлес қосуды қалайды. Бұл жолда ізденіс, жігер мен талпыныс — ең сенімді серіктер.
Қазіргі заман — білекке емес, білімге сенетін заман. Сондықтан студенттердің әр күні жаңа мүмкіндіктерге толы болуы маңызды. Гранттар, тағылымдамалар, халықаралық алмасу бағдарламалары мен инновациялық орталықтар бүгінгі жастардың алдынан даңғыл жол ашып отыр.
Құрметті студенттер! Сіздерді осы айтулы мерекемен құттықтаймыз. Білім мен ізденісті серік еткен еңбектеріңіз әрдайым жемісті болсын. «Сабақтарыңызға сәттілік, өмір жолдарыңызға жарқын жеңістер тілейміз! Армандарыңыз асқақтап, жетістіктеріңіз көбейе берсін. Ең бастысы — таңдаған мамандығыңыздың нағыз шебері болып, еліміздің абыройын асқақтатуға атсалысыңыздар». Ізденіс жолындағы талпыныстарыңыз талмасын, әрбір жаңа күн сіздерді үлкен белестерге жақындата түссін!
17 қараша — Халықаралық студенттер күні құтты болсын!

