Киелі Түркістан топырағы тағы бір жарқын жетістіктің куәсі болды. Бұл жолы қала жұртшылығы мен белсенді жастары «Қазақ аруы» ұлттық сұлулық байқауының финалисті, өңірдің нағыз мақтанышы Дариға Рахымды ерекше ықыласпен, зор құрметпен қарсы алды. Бұл кездесу тек сұлулықты ұлықтау емес, Түркістан жастарының әлеуеті мен бірлігін паш еткен мерекелі сәтке айналды.
Дариға Рахым – қазіргі қазақ қызының жаңа бейнесі. Ол тек сыртқы келбетімен ғана емес, терең білімділігімен, ұлттық құндылықтарға деген адалдығымен және жан-жақты талантымен дараланып отыр. Еліміздегі ең беделді байқаулардың бірі саналатын «Қазақ аруы» додасында финалға жолдама алуы – Дариғаның қажырлы еңбегі мен Түркістанның тәрбие мектебінің жемісі.
Бұл жетістік өңірдегі жүздеген бойжеткен үшін нағыз мотивация болды. Дариға өз үлгісімен мақсатқа ұмтылудың, өзіне сенудің және ұлттық дәстүрді заман талабына сай ұштастырудың маңыздылығын көрсетті.
Қаланың орталық алаңына жиналған жастар Дариғаны ерекше қошеметпен қарсы алды. Шапалақ үні, гүл шоқтары және жүректен шыққан жылы тілектер Дариғаға деген халықтың махаббатын аңғартты.
«Бұл жеңіс – тек менің ғана емес, маған сенім артқан барша Түркістан халқының жеңісі. Сіздердің қолдауларыңыз маған қанат бітіріп, алдағы сынға зор жауапкершілік жүктейді», – деп ағынан жарылды аруымыз.
Жастардың мұндай ұйымшылдығы өңірдегі рухани бірлікті нығайтып, талантты қыз-жігіттерге жаңа шабыт сыйлады. Кездесу барысында жас белсенділер Дариғамен естелік суреттерге түсіп, оның жетістігіне деген шынайы ризашылықтарын білдірді.
Ия, шын мәнінде Түркістан – таланттар мекені. Түркістан – тарихы терең, тамыры бекем, болашағы жарқын қала. Бүгінгі шара Түркістан жастарының тек білім мен спортта ғана емес, өнер мен мәдениетте де алдыңғы қатарда екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Өңір жастарының белсенділігі мен намысшыл екені Дариғаның финалға өту жолындағы қолдауларынан-ақ айқын көрінді. Дариға Рахымның алда әлі үлкен сындар күтіп тұр. Ол тек өзінің ғана емес, тұтас Түркістанның намысын қорғап, абыройын биіктетуге аттанбақ. Қала жастары мен тұрғындары Дариғаның үлкен сахнада бағы жанып, жеңіс тұғырынан көрінеріне кәміл сенеді.
Ақ жол саған, Түркістан аруы! Сенің әрбір қадамың – біз үшін мақтаныш!

