Жақында өткен «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2025» халықаралық форумы Түркістан қаласының дамуындағы бетбұрысты айқындаған және маңызды кезеңнің бірі болды. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген шетелдік инвесторлар, халықаралық компания өкілдері және өңірге қызығушылық танытқан кәсіпкерлер Түркістанның орасан зор әлеуетімен тікелей танысып, болашақ ынтымақтастықтың негізін қалады.
Форум барысында Түркістан қаласын кешенді дамытудың бірнеше негізгі бағыттары кеңінен талқыланды. Олардың қатарында инвестиция тарту: Қаржылық ресурстарды экономиканың басым салаларына бағыттау, жаңа өндіріс орындарын ашу мен импортты алмастыратын және экспортқа бағытталған кәсіпорындар құру. Инженерлік инфрақұрылымды жақсарту, нвесторларға қолайлы жағдай жасау үшін коммуналдық және көлік жүйелерін жаңғырту. Туризмді дамыту, қаланың тарихи-мәдени мұрасын тиімді пайдалана отырып, туристік ағынды арттыру.
Түркістан қаласы инвесторлар үшін ерекше тартымдылыққа ие. Форумда қаланың келесідей артықшылықтары айқын көрсетілді. Дәлірек айтқанда, географиялық орналасуы мен логистикалық артықшылықтары. Қаланың дәл ортасынан өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізі Түркістанды ірі транзиттік және сауда орталығына айналдыруға үлкен мүмкіндік береді. Бұл ретте жас әрі еңбекке қабілетті халықтың көп болуы – кез келген өндіріс үшін маңызды ресурс. Қала маңындағы индустриалды аймақтар мен шағын өнеркәсіптік парктер инвесторларға дайын және қолайлы инфрақұрылым ұсынып отыр.
Форумның ең маңызды нәтижесі – бұл нақты келісімдер мен меморандумдарға қол қойылуымен айшықталды. Шетелдік инвесторлармен өткізілген G2B (Government-to-Business) кездесулерінде көптеген жобалар талқыланып, өзара тиімді ынтымақтастық меморандумдарына қол қойылды.
Ұсынылған жобалар Түркістан қаласының экономикасын әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және туризмді жаңа деңгейге шығаруға ықпал етеді.
Алдағы уақыттың еншісінде, нақтырақ айтқанда 2025–2028 жылдарға жоспарланған 100-ден аса инвестициялық жобаның бір бөлігі тікелей Түркістан қаласының дамуына бағытталмақ. Биылдың өзінде ондаған жаңа жобалар іске асып, мыңдаған азамат тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Бүгінгі халықаралық форум Түркістан қаласының ірі инвестициялық орталық ретіндегі әлеуетін толық ашып берді. Қаланың бұл ауқымды шараны өткізуі – оның халықаралық деңгейдегі сенімді серіктес болуға дайын екенін және ашықтыққа ұмтылатынын тағы бір рет дәлелдеді.
Форум нәтижелері Түркістанның жаңа өндірістік орталық және туристік магнит ретіндегі мәртебесін нығайта отырып, қала экономикасын тұрақты өсу жолына шығарады.

