Түркістан қаласы қайта жаһандану үстінде деуге толықтай болады. Неге десеңіз, 2025 жылдың басынан бері әлеуметтік-экономикалық дамудың жоғары және тұрақты қарқынын көрсетіп келеді. Қаланың стратегиялық жоспарларының жүйелі орындалуы және экономикалық белсенділіктің артуы – Түркістанның өңірлік дамудың үлгілі орталығына айналу жолындағы сенімді қадамын дәлелдейтін айшықты жаңалықтарымен жандануда.
Әрине, қаланың даму траекториясы бекітілген индикаторлық жоспарлардың орындалуымен тығыз байланысты. Сала мамандарының мәліметтері бойынша, бүгінгі таңда жалпы 77 көрсеткіштің 64-і толық орындалған. Бұл – қабылданған шешімдердің жоғары тиімділігі мен атқарушы органның жауапкершілігін, қала билігінің бақылауды қатаңдатып, жұмыстың ілгерілеуіне жол ашқанын көрсетеді. Қалған 13 көрсеткішті жыл соңына дейін жүзеге асыру жоспары бар, бұл Түркістанның даму стратегиясының кезең-кезеңімен табысты орындалып келе жатқанын айғақтайды.
Түркістан экономикасының өсуіне ең маңызды үлес қосып отырған салалар – өнеркәсіп өндірісі мен құрылыс. Жыл басынан бергі өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі 29,3 млрд теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 6,9 пайызға артқан.
Өңдеу өнеркәсібі де айрықша маңызға ие. Оның өнімдері 17,8 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі (НКИ) 106,5 пайыз деңгейінде қалыптасты. Бұл өңдеу секторының тұрақты дамып, экономикалық әртараптандыруға үлес қосып жатқанын көрсетеді.
Құрылыс саласы да бұрын-соңды болмаған қарқынды дамуда. Ағымдағы жылы құрылыс жұмыстарының көлемі 155,8 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,4 пайызға артық өсім көрсетті. Мұндай ауқымды құрылыс жұмыстары қаланың инвестициялық тартымдылығын айтарлықтай арттырды. Бұл – тұрғын үй кешендері мен әлеуметтік нысандар, анығын айтқанда мектептер, балабақшалар, ауруханалар құрылысының өсуіне тікелей ықпал етті, бұл қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.
Түркістан қаласындағы ішкі нарықтың дамуы мен қаржылық түсімдердің өсуі жалпы экономикалық денсаулықтың жақсы екенін көрсетеді. Бөлшек сауда көлемі қарқынды өсіп, 69,5 млрд теңгені құрады, бұл 116,7 пайыз өсімді тіркеді. Бұл көрсеткіш шағын және орта бизнестің белсенділігін және тұтыну нарығының кеңейгенін айқындайды.
Салықтық түсімдердің өсу қарқыны 133,9 пайызды құраса, әлеуметтік салық түсімдері тіпті 148,8 пайызға жетті. Мұндай тұрақты және жоғары қаржылық өсім қала бюджетінің мүмкіндігін кеңейтіп, болашақ ірі жобаларды іске асыруға және әлеуметтік міндеттемелерді орындауға негіз болады.
Экономикалық жетістіктермен қатар, қала басшылығы әлеуметтік дамуға, әсіресе білім беру саласына баса назар аударып отыр. Мектепке дейінгі тәрбиемен қамту – Түркістанның ең маңызды жетістіктерінің бірі. Бүгінде 2–6 жас аралығындағы балалардың 100 пайызы мектепке дейінгі тәрбиемен толық қамтылған. Бұл – сапалы білім беруге қолжетімділікті қамтамасыз етудегі үлкен қадам.
Қосымша біліммен қамту деңгейі де жоғары. Балаларды қосымша үйірмелер мен дамыту орталықтарымен қамту 78 пайызға жетті. Бұл жас ұрпақтың жан-жақты дамуына, шығармашылық және спорттық әлеуетін ашуға мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, Түркістан қаласы 2025 жылдың алғашқы айларынан бүгінгі күнге дейін экономикалық тұрақтылықты, инвестициялық белсенділікті және әлеуметтік дамудың оң қарқынын сақтап келеді. Жоспарланған көрсеткіштердің басым бөлігінің орындалуы қала басшысы Әзімбек Пазылбекұлының даму стратегиясын тиімді басқарып отырғанын көрсетеді.
Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы жыл соңына дейін жоспарланған барлық жобаларды толық орындауға және Түркістанды өңірлік дамудың үлгілі және тұрақты орталығына айналдыру бағытын жалғастыруға ниетті. Бұл жетістіктер қаланың мәдени және рухани орталық ретіндегі рөлін нығайтып қана қоймай, оның Қазақстанның экономикалық картасындағы маңызын арттыра түсетіні сөзсіз.

