Түркістан қаласында жылыту маусымына дайындық жұмыстары алдын ала жоспарланып, барлық қажетті шаралар толық көлемде аяқталды. Бұл – қала инфрақұрылымының және коммуналдық қызметтердің тұрақтылығын көрсететін маңызды кезең. Қазіргі таңда қала тұрғындарын жылумен және ыстық сумен қамтамасыз ету процесі тұрақты бақылауда ұсталып, жауапты қызметтер үздіксіз әрі үйлесімді жұмыс істеуде.
Түркістан қаласының аумағында жалпы саны 18 қазандық жұмыс істейді. Оның ішінде 12 қазандық орталық жүйе арқылы қала тұрғындарын үздіксіз жылумен және ыстық сумен қамтамасыз етеді. Орталықтандырылған жылу жүйесінің тиімді жұмысының арқасында мыңдаған тұрғын үй мен әлеуметтік нысандар қысқы кезеңді жайлы өткізуде.
Әсіресе, І және ІІ мөлтек аудандарында орналасқан 75 көпқабатты тұрғын үй мен 97 әлеуметтік нысанның (мектептер, ауруханалар, балабақшалар) жылыту жүйелеріне алдын ала тексеру жұмыстары жүргізілді. Жүйелерді тексеру барысында анықталған кез келген ақаулар мен мәселелер, соның ішінде құбырлардың тозуы немесе жылу беру параметрлерінің ауытқуы – уақтылы реттеліп, жылыту маусымының кедергісіз басталуы қамтамасыз етілді.
Жылу берумен қатар, табиғи газбен жабдықтау бағытындағы бақылау жұмыстары да күшейтілген. Газ – қаланың әлеуметтік және тұрмыстық қажеттіліктерін қамтамасыз етудегі маңызды ресурс. Қазіргі таңда қала бойынша 45 614 абонент газ жүйесіне қосылған. Бұл абоненттердің қатарында ғана емес, 77 мектеп пен 141 балабақша сияқты маңызды әлеуметтік нысандар да бар, олар тұрақты түрде газбен қамтамасыз етіледі.
Жылыту маусымы кезіндегі басты талап – қауіпсіздік. Осыған орай, арнайы қызметтер қауіпсіздік профилактикалық шараларын белсенді түрде жүргізуде. Жыл басынан бері 31 мыңнан астам абоненттің газ жабдықтарына техникалық тексеру жүргізіліп, ықтимал қауіпті жағдайлардың алдын алу шаралары жасалды. Абоненттер арасында газ жабдықтарын дұрыс пайдалану және қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша арнайы түсіндіру шаралары атқарылды. Газдан улану қаупін болдырмау мақсатында 120 тұрғын үйге газосигнализатор орнатылды. Бұл құрылғылар газ концентрациясының жоғарылауы туралы дер кезінде ескертіп, адам өмірін сақтауға мүмкіндік береді.
Қала әкімдігінің бқылауындағы тұрақтылықтың нәтижесінде, жылыту маусымының бірқалыпты және қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету мақсатындағы барлық жауапты мекемелердің (коммуналдық бөлім, газбен жабдықтау қызметтері, Төтенше жағдайлар қызметі) атқарған жұмыстары Түркістан қаласы әкімдігі тарапынан күнделікті бақылауда ұсталады. Тұрақты мониторинг және жедел әрекет ету жүйесінің арқасында туындаған кез келген ақаулар қысқа мерзім ішінде жойылады.
Түркістан қаласының коммуналдық инфрақұрылымы осылайша, қысқы сынақтан сәтті өтіп, тұрғындардың жайлы және қауіпсіз өмір сүруін қамтамасыз етуде.

