Түркістан қалалық мәслихатының «Әкімшілік аумақтық орналастыру, құрылыс және коммуналдық қызмет көрсету салаларын, депутаттық өкілдік және этика, ұйымдық-құқықтық қызметті қамтамасыз ету жөніндегі» тұрақты комиссиясының кезекті отырысы өтті. Бұл жиын қаланың алдағы үш жылдық дамуының қаржылық негізін қалайтын 2026-2028 жылдарға арналған қалалық бюджет жобасын қарастыруымен ерекше маңызға ие болды.
Мәжіліс залында өткен жиынға қаланың негізгі құрылымдары – Түркістан қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сарсенбаев, қала әкімінің орынбасарлары Әбілсейіт Рабаев және Аманжол Бекбол қатысты. Отырысты Тұрақты комиссияның жетекшісі Мәди Аманжол басқарып, оған қалалық мәслихат депутаттары мен тиісті бөлім басшылары белсенді қатысты.
Күн тәртібінде екі негізгі мәселе тұрды. Атап айтқанда, 2025 жылғы бюджеттің игерілуінің алдын ала қорытындылары және 2026-2028 жылдарға арналған қалалық бюджет жобасын қарау.
Аталған мәселе бойынша қала әкімінің орынбасары Аманжол Бекбол негізгі баяндаманы жасады. Ол 2025 жылғы бюджетті игеру барысындағы негізгі жетістіктер мен кездескен қиындықтарды атап өтті. Баяндамада бюджет қаражатының игерілу тиімділігін арттыру, жоспарланған жұмыстарды мерзімінде әрі сапалы орындау қажеттігіне баса назар аударылды. Тұрақты комиссия отырысында, әсіресе, бюджеттің басты бағыттары саналатын келесі бөлімдердің жұмысы мен қаржы жоспарлары жан-жақты талқыланды:
1. Коммуналдық шаруашылық бөлімі: Қаланың жылу, су, электр желілерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, ағымдағы жөндеу және жаңа инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру мәселелері. 2026-2028 жылдарға арналған бюджетте коммуналдық қызметтер сапасын арттыруға ерекше басымдық берілді.
2. Құрылыс бөлімі: Әлеуметтік нысандар (мектептер, ауруханалар, балабақшалар) құрылысы, жол инфрақұрылымын салу және қаланы абаттандыру жобалары. Депутаттар құрылыс жұмыстарының сапасына және олардың уақытылы аяқталуына қатысты бірқатар нақты ұсыныстар айтты.
3. Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі: Көпқабатты тұрғын үйлерді басқару жүйесін реформалау мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ-ке көшу), тұрғын үй қорын күтіп ұстауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру және тұрғындардың құқықтарын қорғауға қажетті қаржылық негіздер қаралды.
Бюджет мәселелерімен қатар, отырыста Тұрақты комиссияның алдыңғы отырыстарының хаттамаларында көрсетілген ұсыныстардың орындалу барысы жеке талқыланды. Бұл мәселе әсіресе депутаттық бақылаудың тиімділігін көрсету үшін маңызды. Қаралған ұсыныстардың көпшілігі тұрғындардың өтініштері мен қалалық мәселелерді шешуге бағытталған болатын. Тиісті бөлім басшылары орындалған жұмыстар бойынша есеп беріп, орындалу мерзімі кешіккен немесе толық орындалмаған мәселелер бойынша нақты түсініктемелер берді. Комиссия мүшелері есептілік пен ашықтықтың жоғары деңгейде болуын талап етті.
Жиын қорытындысында тұрақты комиссия мүшелері Түркістанның тұрақты дамуы үшін, 2026-2028 жылдарға арналған қалалық бюджет жобасы бойынша бірқатар бағыттарды мақұлдады. Депутаттар тарапынан айтылған ұсыныстар мен ескертулер бюджет жобасын одан әрі жетілдіру үшін тиісті бөлімдерге жолданды.
Бұл отырыс Түркістан қаласының қаржылық ресурстарын стратегиялық жоспарлаудың маңызды кезеңі болып табылады. Қабылданған шешімдер мен анықталған басымдықтар қаланың коммуналдық, құрылыс және әлеуметтік салаларын тұрақты дамытуға негіз болып, рухани астана мәртебесіне сай заманауи және жайлы қала құруға мүмкіндік беретіні айқын.

