Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы халықпен көшпелі кездесулер сериясын жалғастырып, бұл жолы Бірлік секторының тұрғындарымен Ө.Жәнібеков атындағы №27 жалпы орта мектепте жүздесті. Бұған дейін Бекзат және Сауран секторларында өткен мұндай жиындар жергілікті халықтың өзекті мәселелерін тікелей шешуге және атқарылып жатқан жұмыстарды баяндауға мүмкіндік беретінін айтып өткен жөн болар. Себебі, қала басшысының жауапкершілік пен талапшылдығы бірәз тұралап қалғас істердің түйінін шешуге мұрындық болуда.
Жиында қала әкімі сектор аумағындағы іске асырылып жатқан жобаларға тоқталып, ауыз су, кәріз, электр және газ жүйелерін жетілдіру бағытындағы жұмыстар жоспарға сай орындалып жатқанын мәлімдеді. Тарқатып айтар болсақ, Бірлік секторының инженерлік инфрақұрылымын дамытуда бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда Бірлік секторында кәріз жүйесі бойынша үш жоба жүзеге асуда. Ұзындығы 11,2 шақырымды құрайтын 17 көшеде кәріз желісі тартылды. Жыл соңына дейін ұзындығы 1,5 шақырым болатын 5 көшеге абоненттік кәріз желісін жүргізу көзделген.
Биыл 26,2 шақырымды қамтитын 21 көшеге 750 дана электр бағанасы орнатылды. Жалпы жоба аясында 60,3 шақырым электр желісі тартылып, 14 жаңа трансформатор орнату жоспарланған. Бұл сектордың электрмен үздіксіз қамтылуын қамтамасыз етеді. Сектордың көліктік және әлеуметтік инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. 2026 жылға дейін ұзындығы 12,68 шақырымды құрайтын 22 көшеге орташа жөндеу жүргізіледі. Биыл басталған Наурызым көшесіндегі 2,6 шақырым жол жөндеу жұмыстары келесі жылы аяқталмақ. Айта кетерлігі, Бірлік секторындағы 179 көшенің 96 пайызы жарықтандырылған.
Қоғамдық көлік қозғалысын ыңғайлы ету мақсатында биыл 4 жаңа аялдама орнатылды. Сектор аумағында жалпы 12 ойын алаңы бар. Тұрғындар сұранысы бойынша биыл 2 жаңа спорт және ойын алаңы пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, Сығанақ көшесіндегі заманауи ойын алаңы мен Айналма тас жолындағы абаттандыру нысандары толық аяқталып, тұрғындар игілігіне ұсынылды.
Қала басшылығы Бірлік секторындағы тұрғындардың қауіпсіздігіне де баса мән беріп отыр. Қоғамдық қауіпсіздік мақсатында 42 бейнебақылау камерасы және 4 нөмірлік тану камерасы орнатылуда. Бұл жүйелер облыстық Полиция департаментінің жедел басқару орталығына тікелей қосылып, қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алуға мүмкіндік береді.
Әкім Әзімбек Пазылбекұлы баяндамадан кейін тұрғындардың сұрақтары мен ұсыныстарын мұқият тыңдады. Кездесу соңында қала басшысы жеке мәселелері бар азаматтарды қабылдап, көтерілген әрбір мәселе бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Халықпен көшпелі кездесулер кестесіне сәйкес, қала әкімінің келесі кездесуі 13 қараша күні сағат 15:00-де Яссы секторының тұрғындарымен Хамза атындағы жалпы орта мектепте өтеді. Бұл жүйелі жұмыс Түркістанның әрбір секторын кешенді дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған.

