Бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен өткен кезекті аппараттық мәжілісте қаланың 2025 жылғы 9 айындағы рейтингтік индикаторлық көрсеткіштері және орындаушылық тәртіптің жай-күйі жан-жақты талқыланды. Жиынға қала әкімінің орынбасарлары, бөлім және мекеме басшылары қатысып, алдағы кезеңдегі басым міндеттер айқындалды.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша Экономика және қаржы бөлімінің басшысы Олжас Булегенов есеп берді.
Түркістан қаласы облыстық рейтинг бойынша екінші орынға көтерілгені мәлімделді. Бұл көрсеткіш қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика бар екенін көрсетеді. Қала бойынша жалпы 84 нысаналы индикатор бекітілген, олардың басым бөлігі бойынша жақсы нәтижелерге қол жеткізілген.
Дегенмен, қала басшысы Әзімбек Пазылбекұлы қол жеткізілген нәтижелерге тоқмейілсімей, алдағы уақытта бірінші орынға жету үшін жұмыстың сапасын одан әрі арттыруды талап етті.
Қала басшысы жалпы оң динамикаға қарамастан, тұрғындардың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін бірқатар салалардағы кемшіліктерді қатаң сынға алды. Әсіресе, құқықбұзушылық пен жол-көлік оқиғаларының (ЖКО) көбеюіне алаңдаушылық білдіріп, полиция басқармасының жұмысына сын айтты. Тұрғындардың қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін бұл мәселе бойынша жедел әрі нақты шаралар қабылдауды міндеттеді.
Жолаушылар көлігі, құрылыс және коммуналдық шаруашылық салаларындағы жұмыстың сапасы мен тиімділігі де назардан тыс қалмады. Әкім қаржылық тәртіпті күшейтуге баса назар аударды. Ол қаржыландыру жоспарына негізсіз өзгерістер енгізу және мемлекеттік сатып алу барысында айыппұлдардың орын алу себептерін егжей-тегжейлі зерделеуді және бұл олқылықтарды болдырмау үшін жүйелі шаралар қабылдауды тапсырды. Күн тәртібіндегі екінші мәселе орындаушылық тәртіптің жай-күйіне арналды. Ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аумақтық даму бөлімшесінің басшысы Ердәулет Төрехан құжат айналымы, хаттамалық тапсырмалар мен бақылау жүйесі бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады.
Сонымен қатар, халықпен байланыстың тиімділігін көрсететін азаматтарды жеке қабылдау жұмыстарына талдау жасалды. Атап айтқанда, 2025 жылдың 9 айындағы қабылдау статистикасы бойынша мәліметке сүйенсек, қала әкімі Ә.Пазылбекұлы халықпен 14 жеке қабылдау өткізіп, 146 азаматты тыңдаған. Қала әкімінің орынбасарлары: 70 қабылдау өткізіп, 349 азаматты қабылдаған. Бұл деректер өз кезегінде қала басшылығының тұрғындардың мәселелерін тікелей тыңдауға және оларды жедел шешуге деген жоғары жауапкершілігін көрсетеді.
Мәжілісті қорытындылай келе, Әзімбек Пазылбекұлы барлық бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. «Жылдың соңғы тоқсаны – қорытынды кезең. Әрбір бөлім өзіне жүктелген міндеттерді сапалы әрі уақтылы орындауы қажет. Формализмге жол берілмейді. Барлық тапсырмалар мен көрсеткіштер – менің жеке бақылауымда», – деді қала басшысы.
Бұл мәлімдеме мемлекеттік міндеттердің орындалуындағы сапа мен уақыттылылықтың ең басты талап екенін, сондай-ақ қала әкімінің әрбір жұмыс бағытын жеке қадағалайтынын білдіреді. Түркістан әкімдігі алдағы уақытта сынға алынған салалардағы жұмысты түзеп, жылдық жоспарларды жоғары деңгейде аяқтауға күш салары сөзсіз.

