Еске салсақ Мемлекет басшысы «Менің тапсырмаммен электр энергетикасы нарығын дамытудың жаңа үлгісі дайындалып жатыр. Сол арқылы осы салаға қосымша инвестиция тарту көзделіп отыр. Сондай-ақ, бұл құжат осы саланың барынша ашық болуын қамтамасыз етпек. Біз еліміздің инфрақұрылымдық қуатын қалыптастыруымыз қажет. Сондықтан, мен Ұлттық инфрақұрылым жоспарын қабылдауды ұсынамын. Құжатта осы саладағы басты мәселелер ашық көрсетілуге тиіс. Сонымен бірге, 2029 жылға дейін іске асырылатын негізгі жобалар қамтылуы қажет.»,- деген болатын.
Қазіргі таңда тарихи қала Түркістанда ел Президентінің айтқан әрбір ұсыныстары мен халыққа жолдаған Жолдауларындағы тапсырмалар жүйелі жолға қойылып, тұрғындардың жақсы өмір сүруіне жағдай жасалынып, жоспарлы жұмыстар атқарылуда.
Мәселен, қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қолайлы орта қалыптастыру мақсатында көше жарықтандыру жүйесін жетілдіру және қаланың эстетикалық келбетін арттыру мақсатында көше жарықтандыру жұмыстары тұрақты және жоспарлы түрде жасалынып келеді. Бүгінгі күні қала аумағында 37 302 жарықтандыру нүктесі жұмыс істейді. Заманауи технологияларға негізделген бұл жұмыстар қаланың түнгі өміріне жаңа серпін беруде.
Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы жарықтандыру инфрақұрылымының ауқымын арттыруға баса мән беруде. Қазіргі таңда Түркістан қаласының аумағында жалпы көше жарықшамдарының сапалы болуы мен олардың талапқа сай орнатылуы қала билігінің бақылауында. Бұл мәселені назардан тыс қалдырмау, көркем қалаға көптеп келіп жатқан туристердің, қала қонақтары мен тұрғындарының көшелерде еркін, қауіпсіз серуендеуіне берілген басымдықтар деуге саяды. Тарқатып айтар болсақ, ішкі орам көшелерге арналған 450 дана шам орнатылған, бұл тұрғын үй кешендерінің ішкі аулалары мен шағын көшелердегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Ең бастысы, орнатылған барлық шамдар заманауи, энергия үнемдейтін технологиялармен жабдықталған. Бұл шаралар коммуналдық шығындарды азайтумен қатар, экологиялық таза және тиімді шешім болып табылады.
Қаланың әсемдігін жетілдіру жұмыстары мұнымен тоқтап қалған жоқ. Қазіргі уақытта 30 көшеде жаңа электр шамдарын орнату және жарықтандыру желісін жүргізу жұмыстары қарқынды түрде жүріп жатыр. Әрине, бұл жұмыстар халық тығыз орналасқан және жаңадан дамып келе жатқан аудандарды жарықтандыруды қамтамасыз етуге бағытталған.
Түркістан қаласының көше жарықтандыру желісі автоматтандырылған жүйе арқылы басқарылады. Бұл жүйе адам факторына тәуелсіз, нақты кесте бойынша жұмыс істейді. Демек, қосылу уақыты кешкі 18:20, ал өшіру уақыты таңғы 05:00.
Мұндай қалыпты тәртіп қала тұрғындарының түнгі уақытта қауіпсіз қозғалуына, қоғамдық тәртіптің сақталуына, қылмыстың алдын алуға және қала келбетінің жақсаруына оң әсер етеді. Түнгі жарықтандырудың жеткілікті деңгейі – әлеуметтік және криминогендік қауіпсіздіктің негізгі шарты екені сөзсіз.
Қаланың инженерлік инфрақұрылымын жаңартудың жалпы бағдарламасы аясында жарықтандыру желілерін дамыту жұмыстары келесі бағыттарда жалғасады. Онда ескірген жарықтандыру желілерін жаңа, тиімді жүйелермен ауыстыру. Жарықтандырылмаған және жартылай жарықтандырылған аймақтарға жаңа нүктелер қосу мен қауіпсіздік үшін тозығы жеткен тіректерді ауыстыру шаралары қолға алынған.
Бұл кешенді шаралар Түркістанды тек рухани орталық ретінде ғана емес, сонымен қатар тұрғындар үшін заманауи және қауіпсіз инфрақұрылымы бар жайлы қала ретінде қалыптастыруға бағытталған.
Жалпы, Түркістан қаласында көше жарықтандыру жүйесін дамыту жұмыстары жоғары деңгейде жүріп жатыр. Бұл жоба қала көшелерін толық жарықтандырып, тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыруды көздейді. Жақында орнатылған жарық шамдары мен алдағы уақытта орнатылатын қосымша шамдар қала инфрақұрылымын жетілдірудің маңызды қадамы болып табылады.
Алдағы уақытта қаланың инженерлік инфрақұрылымын жаңарту аясында жарықтандыру желілерін кезең-кезеңімен жаңғырту, қосымша нүктелер орнату жұмыстары жалғасын табады. Сонымен бірге тозығы жеткен электр бағаналарын ауыстыру шаралары да қолға алынған. Тұрғындар үшін жарықтандыру мәселесі әрқашан маңызды болып қала береді. Көшелерді жарықтандыру – халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жайлы өмір сүру жағдайларын құру және сәулетті қаланың көркін ашу үшін маңызды қадам.
Сондықтан, алдағы жылдары да жарықтандыру жұмыстарын жалғастыру арқылы қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жоспарлар жүзеге асырылатын болады. Бұл шаралар қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосады және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді.

