Ел дамуы бейбітшілікке келіп тіреледі. Қоғам тыныш болса, ел де соған қарай өркендейді. Ал тыныштықтың кепілі – заң мен тәртіпке бағыну. Сонымен қатар қоғамда болып жатқан түрлі келеңсіздік сол елге ортақ заңға бағынбаудан туындап жатады. Қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлы айтқандай, «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды». Мемлекет басшысының идеясымен қолға алынған «Заң мен тәртіп» қағидасы Баукеңнің осынау сөзімен мәндес, мағыналас деуге болады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында қоғамдағы тәртіп пен мәдениет мәселесіне тоқталып, «Заң және тәртіп» қағидатын берік орнықтырудың маңызын атап өтті.
–«Қоғамда осы қағиданы түбегейлі орнықтыру үшін барлық құзырлы органдар арасында ортақ көзқарас пен ортақ ұстаным болуға тиіс. Бұл – ең алдымен, ешқандай құқық бұзушылыққа жол бермеу қағидасы, яғни кез келген заңсыздыққа қарсы тұру деген ұстаным. Сондықтан мемлекеттік органдардың осы бағыттағы жұмысын барынша қолдау қажет. Сонда ғана елімізде құқық бұзушылыққа, озбырлық пен зорлық-зомбылыққа қарсы сана-сезім қалыптасады, қоғамға жат кез келген әрекетке төзбеушілік пайда болады», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев басшысы елдің тұрақтылығы мен бірлігін сақтаудың тарихи маңызын да жеткізді.
«Қазіргі бұлыңғыр заманда ең басты міндет – еліміздің егемендігін, жеріміздің тұтастығын нығайту. Ол үшін бірлігіміз бекем болуы керек. Халқымыз тату болса, ішкі ахуал тұрақты болса, біз барлық қиындықты жеңеміз. Кез келген кедергіден өтеміз. Сондықтан жұртымызды ел тыныштығын бағалай білуге, сақтай білуге шақырамын», – деді Президент.
Осы орайда, Түркістан қаласыныңбилік өкілдері бас қосып, қауіпсіздік шараларының алдын алу аясында түрлі шаралар жасауда. Мысалы, қала басшысы Әзімбек Пазылбекұлы төтенше жағдайларға жол бермеу және оның алдын алуда түрлі шараларды атқаруда.
Әсіресе, өрт қауіпсіздігінің талаптарын сақтау, улы газдан уланудың алдын алу, үйдегі қауіпсіздік ережелері, сондай-ақ ата-аналардың балаларды қараусыз қалдырмауы жөнінде кең көлемді түсіндіру жұмыстарын жиі ұйымдастырып, күнделікті жұмыс тәртібіне енгізілген деуге де болады.
Төтенше жағдай — адам өміріне қауіп төндіретін жағдайлар, олар өндірістік апат, террористік акт, әскери операциялар немесе жер сілкінісі, сел жүру секілді табиғи апат салдарынан болуы мүмкін. Халықты осындай қауіптен сақтау үшін, Төтенше жағдайлар министрлігі және Азаматтық қорғаныс штабы сияқты қызметтер ұйымдастырылған. Қандай да бір қауіптілік төнген жағдайда арнайы қызмет орындарына хабар беріп, көмекке шақыру керек.
Бүгінгі таңда төтенше жағдайлар, соның ішінде табиғи апаттар қаупі – қоғамды алаңдатып отырған басты мәселелердің бірі. Көп жағдайда бұл климаттың өзгеруімен және өзге жағдайлармен байланысты.
Осындай қауіп-қатерден сақтану жолында Түркістан қаласы алдағы суық маусымға мұқият дайындық жұмыстарын жүргізуде. Қысқы кезеңде туындауы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жедел жою мақсатында Түркістанда республикалық деңгейдегі маңызды шара – «Қыс-2025» командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтуде. Бұл кешенді оқу-жаттығу 27-28 қараша күндері аралығында жоспарланған.
Командалық-штабтық оқу-жаттығудың негізгі мақсаты – қыс мезгіліндегі ауа райының күрт өзгеруіне байланысты туындайтын төтенше жағдайларға (боран, қарлы бұрқасын, мұз қату, жылу және электр желілеріндегі апаттар) қала қызметтерінің дайындығын тексеру.
Төтенше жағдайларға бағытталған мұндай жаттығулар коммуналдық қызметтердің, авариялық-құтқару құрылымдарының, медициналық мекемелердің және жергілікті атқарушы органдардың үйлесімділігі мен жедел әрекет ету қабілетін қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады.
Оқу-жаттығудың басты кезеңі – төтенше жағдайларға дайындық жөнінде арнайы штаб құрылып, жұмыс жиналысы өткізілді. Жиын барысында, кіріспелерге сәйкес практикалық іс-шаралар жан-жақты пысықталды. Бұл дегеніміз, түрлі апатты сценарийлерге жауап беру әрекеттері теориялық және практикалық тұрғыдан тексерілді. Қыс маусымына дайындықтың негізгі бағыттары қаралды. Бұған қаланың жылу, электр, сумен жабдықтау жүйелерінің техникалық жағдайы және оларды қалпына келтіруге дайындық кіреді. Коммуналдық қызметтер (ЖКХ, жылу электр орталықтары) және авариялық-құтқару құрылымдарының (Төтенше жағдайлар департаменті, жедел жәрдем, полиция) іс-қимыл жоспарлары жан-жақты тексеріліп, кемшіліктерді жою және тиімділікті арттыру шаралары белгіленді.
Бұл штабтық жұмыс қатысушыларға өз функцияларын айқындауға, ақпарат алмасу желілерін орнатуға және күрделі жағдайларда шешім қабылдау жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді.
Түркістан қаласы үшін «Қыс-2025» оқу-жаттығуы – бұл тек сынақ қана емес, сонымен бірге тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды кепіл.
Қысқы кезеңдегі төтенше жағдайлар, әсіресе үлкен қалаларда, инфрақұрылымға айтарлықтай кері әсерін тигізуі мүмкін. Сондықтан, екі күндік оқу-жаттығу барысында, жолдарды қардан тазарту және көктайғаққа қарсы шаралар мен жылу магистральдарындағы ықтимал апаттарды жедел жою. Тұрғындарды ақпараттандыру және эвакуациялау жоспарлары және құтқару техникасы мен адам ресурстарының дайындығы нақты жағдайларда тексеріледі.
Республикалық оқу-жаттығудың қорытындысы бойынша анықталған олқылықтар мен тиімді шешімдер болашақтағы қысқы маусымдағы төтенше жағдайларды басқару жүйесін жетілдіруге негіз болады.

