Жалпы, Түркістан қаласында жыл басынан бері жолдардың сапасын арттыру бағытындағы жұмытар көңіл көншітерлік. Нақтырақ айтсақ, 138,5 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мұндай қарқынды жұмыстардың оң жолға қойылуы қаланың көркеюінен бөлек, инвестиция тарту мен туризімді дамытуға мол мүмкіндік жасайтыны сөзсіз.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында, халықтың өмірі мен денсаулығына тікелей әсер ететін тағы бір түйткіл, бұл – жол қауіпсіздігі деген еді.
Мемлекет басшысының халыққа жолдаған Жолдауларын Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы жүзеге асыру жолында біршама оңтайлы жұмыстардың шешімдерін табуда.
Мысалы, Түркістан қаласының Әкімдігі қала ішіндегі жол инфрақұрылымын жақсарту бағытында ауқымды жұмыстарды бастады. Тұрғындардың қауіпсіздігі мен қолайлылығын қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылға жоспарланған жол жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, қала жолдарының сапалық көрсеткіштері айтарлықтай арта түсуде.
Түркістан қаласының аумағында жалпы ұзындығы 845 шақырымды құрайтын 875 көше бар. Бұл ауқымды жол желісін тұрақты түрде жаңартып, сапалы күйде ұстау – қала әкімдігінің басты міндеттерінің бірі. Биылғы жылы жол сапасын арттыру және тұрғындарға қолайлы жағдай қалыптастыру мақсатында қосымша 138,5 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген болатын.
Әрине, бұл жоспарланған жұмыстар толық орындалған жағдайда, Түркістан қаласындағы жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 66,7 пайызға дейін жетеді. Бұл көрсеткіш қала тұрғындарының көлік қозғалысының ыңғайлылығы мен қауіпсіздігін арттыруда шешуші рөл атқарады.
Қазіргі таңда қаладағы маңызды нысандардың бірі — Б.Майлин көшесін реконструкциялау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Көшенің жалпы ұзындығы 1,98 шақырымды құрайды. Құрылыс жұмыстары бірнеше кезеңмен атқарылуда, бұл процестің тиімділігін және сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Бүгінгі күнге дейін 850 метр жол негізі әзірленіп, құрылысқа дайындық жұмыстары жүргізілді. 700 метр аумақта ескі асфальт жабындысы фрезерленіп, жаңа жабынды төсеу үшін негіз дайындалды. Қазіргі уақытта 800 метр бөлікте жаңа асфальт төсеу жұмыстары белсенді жүргізілуде. Бұл маңызды жобаны толық аяқтау келесі жылы жоспарланған. Реконструкция аяқталған соң, Б.Майлин көшесі заманауи талаптарға сай, сапалы және қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз етеді.
Түркістан қаласының әкімдігі жол жөндеу жұмыстарының сапасына айрықша көңіл бөледі. Жүргізіліп жатқан жұмыстардың әрбір кезеңіне тұрақты бақылау жүргізіп, жобалардың уақытылы әрі белгіленген талаптарға сай жүзеге асырылуын қатаң бақылауда. Басты мақсат – жобалардың тек уақытылы орындалуын ғана емес, сонымен қатар, белгіленген техникалық талаптарға, стандарттарға және құрылыс нормаларына сәйкес жүзеге асырылуын қатаң бақылауға алу. Бұл тұрғындарға ұзақ мерзімді және сенімді жол инфрақұрылымын ұсынудың кепілі. Түркістан қаласының жол инфрақұрылымын дамыту жұмыстары тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және қаланың көліктік-логистикалық әлеуетін нығайтуға бағытталған.

