Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: Заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға қолдау көрсету – өте маңызды міндет.Мемлекеттік қолдау шын мәнінде мұқтаж адамдарға көрсетілуі қажет. Бір сөзбен, кез келген әлеуметтік көмек әділ, ашық және тиімді болуға тиіс», деп атап өткені белгілі.
Еліміздің барлық өңірлерінде Отбасын қолдау орталықтарын құру Президент Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат» тұжырымдамасына енгізілген. Осы орайда, Түркістан қаласындағы Отбасын қорғау орталығы отбасылық құндылықтарды нығайтудың, әлеуметтік әл-ауқатты арттырудың және қолдауға мұқтаж отбасыларға кешенді көмек көрсетудің маңызды институттарының біріне айналды. Орталық өз қызметі аясында тек қиындыққа тап болғандарға ғана емес, сонымен қатар қоғамдағы мейірім мен жауапкершілікті арттыруға да үлкен үлес қосып келеді.
Орталықтың жұмысы нақты статистикамен және көрсетілген қызметтердің ауқымымен ерекшеленеді. Жыл басынан бері орталыққа 632 отбасы өтінішпен келіп, оларға жалпы 870 рет сүйемелдеу қызметі көрсетілген.
Отбасын қорғау орталығының мамандары әрбір отбасының жағдайына жеке зерттеу жүргізеді, осылайша көмек бағыттарын нақты әрі тиімді анықтайды. Көрсетілген көмек түрлерінің спектрі өте кең. Құқықтық қызмет бойынша140 отбасына құқықтық кеңестер берілді. Бұл отбасылардың заңды құқықтарын қорғауға және әлеуметтік жеңілдіктер алуына жәрдемдесті. 249 отбасына психологиялық қолдау көрсетіліп, отбасы ішіндегі шиеленістерді шешуге және эмоционалды тұрақтылықты қалпына келтіруге көмектесті. 141 отбасына қажетті құжаттарды рәсімдеуге көмек көрсетілді. Ал, 50 отбасы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бағдарламаларына, ал 44 отбасы оқуға, үйірмелер мен курстарға жолданды. Сонымен қатар, 33 отбасына денсаулық бойынша кеңес берілді, 19 отбасы Атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алуға бағытталды, және 37 отбасы тұрғын үй кезегіне қойылды.
Орталықтың қызметі тек консультациямен шектелмейді. Қолдауға мұқтаж отбасыларға нақты заттай және қаржылық көмек көрсетуге де басымдық беріледі. Демеушілік көмек (азық-түлік, киім-кешек және коммуналдық қызметтерге жәрдем) 157 отбасыға ұсынылды. Бұл көмектер отбасылардың әлеуметтік жағдайын шұғыл жақсартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Отбасын қорғау орталығының маңызды міндеті – отбасылық құндылықтарды насихаттау. Ақпараттық-ағарту бағытында жыл ішінде 52 іс-шара өткізіліп, бұл жұмыстарға 1298 адам қамтылды. Бұл іс-шаралар отбасы институтын нығайту, жас жұбайларға кеңес беру және өзара құрмет пен түсіністікті насихаттау мақсатын көздейді.
Түркістан қалалық Отбасын қорғау орталығы — тек мемлекеттік қызметтерді ұсынушы емес, сонымен қатар әрбір отбасының тыныштығы мен әл-ауқатына, қоғамдағы мейірім мен жауапкершіліктің артуына тікелей үлес қосып келе жатқан маңызды әлеуметтік тірек.
Түркістан қалалық Отбасын қорғау орталығы – әр отбасының тыныштығы мен әл-ауқатына, қоғамдағы мейірім мен жауапкершіліктің артуына үлес қосып келе жатқан маңызды әлеуметтік тірек. Орталықтың кешенді әрі жеке тәсілге негізделген жұмысы қаладағы әлеуметтік тұрақтылықты нығайтып, отбасыларды қиын жағдайлардан шығуға ынталандырады.

