Ақша операцияларының арнайы саласы болып табылатын нарықтық қатынастар жүйесі – қаржы нарығы. Экономикамызды қаржыландыратын негізгі канал ақша нарығы екені тағы бар. Осыдан кейін еліміздің өңірлерінде іске асырылатын жобалар мен өңірлерді дамыту мәселелерінің барлығы да қаржыға келіп тіреледі. Осы ретте, тарихы тереңде жатқан – теңгеміз жайында Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Аманжол Бақытжанұлының қатысуымен «Қазақстанның ұлттық валютасы күні» және Қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай салтанатты кездесу өтті.
15 қараша – Қазақстанның ұлттық валютасы бекітілген күн ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік қаржы жүйесінің дамуына үлес қосып жүрген сала қызметкерлерінің еңбегі ескерілетін маңызды күн. Түркістан қаласында өткен салтанатты іс-шара – Ұлттық валюта – Теңге күнін және Қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесін атап өту арқылы, Қазақстанның экономикалық дербестігінің фундаменталды мәнін дәріптеді. Бұл мерекелік шара – ұлттық валютаның тек қаржылық құралы ғана емес, сонымен бірге тәуелсіз мемлекеттің саяси, тарихи және мәдени егемендігінің басты символы екенін идеологиялық тұрғыдан танытты.
Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Аманжол Бақытжанұлының құттықтау сөзінде ұлттық валюта – теңгенің тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуындағы тарихи рөліне тоқталып, теңгенің экономикалық реформалардың, қаржылық тұрақтылықтың және ұлттық нарықтың негізін қалаушы маңыздылығын ерекшелігін атап өтті. Себебі, төл теңгемізді енгізу – саяси тәуелсіздіктің экономикалық баламасы болып, ұлттық экономиканың сыртқы ықпалдардан қорғалуына кепілдік бергені рас.
Іс-шара барысындағы Теңге – еліміздің экономикалық дербестігінің, ұлттық болмыс пен мәдениеттің жарқын белгісі екені айтылып, әр банкнотта бейнеленген тұлғалар мен ұлттық өрнектердің мәніне тоқталу – ұлттық валютаның мәдени-гуманистік функциясын ашты. Әрбір теңге банкнотында бейнеленген тарихи тұлғалар мен ұлттық өрнектер – Қазақстан тарихының, мәдени мұрасының және ұлттық рухының визуалды және символикалық коды болып табылады. Теңге – мәдениет пен экономиканың диалектикалық бірлігінің материалдық дәлелі екеніне ешкімнің де таласы жоқ болар.
Салтанатты кездесудің соңында Аманжол Бақытжанұлы киелі Түркістан қаласының қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар қаржы саласы қызметкерлеріне қала әкімінің атынан Алғыс хаттар табыстады. Бұл марапаттар қаржыгерлердің қала бюджетін нығайту және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жолындағы қажырлы еңбегін мойындауды білдіреді.
Мерекелік іс-шара қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесін атап өтумен қатар, олардың мемлекет пен қоғам алдындағы маңыздылығын тағы да дәлелдеді.

