Өтінім мәртебесін онлайн бақылау мүмкіндігі Қазақстанда мемлекеттік қызметтерді цифрландыру үдерісі қарқынды жүріп жатыр. Осы үдеріс аясында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы халыққа қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында «ЦОН» мобильді қосымшасына жаңа мүмкіндік қосты. Енді азаматтар мемлекеттік қызметтерге берген өтінімдерінің орындалу барысын нақты уақыт режимінде (online) бақылай алады.
Бұл жаңашылдық мемлекеттік қызмет көрсету процесінің ашықтығын айтарлықтай арттыруға бағытталған. Қолданушылар өтінімнің орындалу мәртебесін көру үшін қосымшадағы арнайы бөлімдерді – «ХҚКО қызметтері» немесе «Арнайы ХҚКО қызметтері» – таңдап, өтінім нөмірін енгізуі қажет.
Бұрын азаматтар өтінімнің қай сатыда тұрғанын білу үшін ХҚКО-ға баруға мәжбүр болса, енді бұл қажеттілік толығымен жойылды. Азаматтар өтінімнің қай кезеңде (қабылдау, қарау, мақұлдау/бас тарту) тұрғанын және нәтижені алудың нақты мерзімін үйден немесе жұмыс орнынан шықпай-ақ біле алады. Жаңа функция азаматтардың ең басты ресурсы – уақытын айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, өтінімнің әр кезеңінің бақылауда болуы мемлекеттік қызметтерге деген сенімді күшейтіп, мемлекеттік аппараттың жұмысына деген оң көзқарасты қалыптастырады. Әрбір қолданушы өз өтінімінің қаралу кезеңін бақылаумен қатар, кез келген өзгеріс туралы жедел хабарлама ала алады.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Басқарма Төрағасы Арман Кенжеғалиев бұл бастаманың маңыздылығына тоқталып: «Өтінім мәртебесін бақылау жүйесін енгізу – мемлекеттік қызметтерді жаңғыртудың маңызды қадамы. Бұл шешім ашықтықты арттырып, халыққа қызмет көрсетудің қолайлылығын қамтамасыз етеді. Мұндай цифрлық бастамалар Президент Жолдауында айтылған цифрлық трансформация міндеттерімен үндесіп, мемлекеттік қызмет сапасын жаңа деңгейге көтереді»,-деді.
Жаңа бақылау жүйесімен қатар, мобильді қосымшада тағы бір қолайлы функция іске қосылды: электронды қолхаттарды сақтау және көру мүмкіндігі. Электронды қолхат – бұл өтінімнің қабылданғанын немесе қызметтің толық көрсетілгенін растайтын ресми құжат. Бұл құжат автоматты түрде қосымшаның «Тапсырыс тарихы» бөлімінде сақталады. Бұл мүмкіндік қағаз құжаттарды сақтау қажеттілігін жойып, құжат айналымын жеңілдетеді.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы цифрлық трансформация жолындағы жұмыстарын жалғастыра береді. Корпорацияның басты мақсаты – азаматтарға мемлекеттік қызметтерді онлайн форматта, жылдам әрі ыңғайлы түрде ұсынуға бағытталған жаңа цифрлық шешімдерді енгізу және қызмет көрсету сапасын үнемі жетілдіріп отыру.

