Бүгінгі таңда өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен қауіпсіздігі – қоғам алдындағы ең маңызды міндеттердің бірі. Осы орайда, Түркістан қаласындағы Оқушылар сарайында жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған ерекше іс-шара өтті. «Түркістан» телеарнасының арнайы тапсырысымен дайындалған, тәрбиелік мәні зор мультфильм оқушылар назарына ұсынылды.
Шындығында, өмір бір адамның айтуымен, дәлелдеуімен қайта құрылып, жүйелене салатын оңай шаруа емес. Ол бір математикалық тепе -теңдіктерді сақтай отырып, бірнеше түрлендірулерді қажет ететін қоғамдық қозғалыс. Мектепте әрбір мұғалімнің жүріс- тұрысы, іс- әрекеті мен сөйлеу мәнері, сабақ беруі, киімі тәрбиелік үлгіде болу керек екені белгілі.Солай жасалып та келе жатыр, бірақ …бір сәт балаларға мультфильм көрсетіп, онда да бүгінгі уақыттың еншісінде өзектілігі орасан құқықтық тұрғыда көрсетілген туындының бала бойына берер тәрбиесі зор.
Онсыз да балалармен мектепте арнайы тәрбие саласында сынып жетекшісінен басқа тәлімгер, тәрбие ісінің меңгерушісі, психологтар жұмыс жасайды. Сынып жетекшісінің тәрбие жоспары жоғарыдағы қызметкерлердің жасаған жоспарларына сәйкестендіріп, сондағы материалды қамти отырып, әр бөлімге және аптасына бір рет болатын тәрбие сағатына тәрбиелік мәні бар тақырыптарды мұғалім өзі жинақтайды. Оны жүзеге асыру ол мұғалімнің қабілетіне байланысты, әркім өзінше жүргізеді. Әр сынып жетекшісі баланың жасына сай материалды ыңғайлап алады.
Ал, енді ұрпақ тәрбиесі жайлы дана халқымыз «Тәрбие – тал бесіктен» дейді. Бұл тегін айтылмаған. Ғалымдардың айтуынша, бала ана құрсағында пайда болған кезден-ақ оның тәрбиесі басталады екен. Жас шыбық иілгіш болса, жас адам да сондай, жақсыға да, жаманға да бірдей бейім болатыны баршамызға мәлім.
Осы ретте, “Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беріліуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның бар өміріне апат әкеледі” демекші атақты ойшыл Әбу Насыр Әл-Фарабидің осы бір нақыл сөзінің астарында не деген ғұламалық жатыр. Жалпы адамзат баласын өркениетке жетелеп, саналы және парасатты жеке тұлға ретінде қалыптастыру үшін не қажет? Әрине, ол-тәрбие. Бұл ұғымды әр адам әрқалай түсінуі мүмкін. Жалпы, айтатын болсақ «Тәрбие тал бесіктен» деп бекер айтылмаған. Тәрбие-ерте заманнан бастап ата бабамыздың болашақ ұрпаққа мұра қылып жеткізіп отырған өнеге өсиеті. Отбасыдағы тәрбиені дұрыс ала білген бала ішкі руханиаты бай, кез келген ортада басқа адамдармен тез тіл табыса алатын тұлға болып өзін көрсете алады. Мәдениет пен тәлім-тәрбие ұштасқанда ғана адамзат баласының бойында адамгершілік қасиеттері пайда болып, өмірде өз жолын тауып кете алады. Кез келген бала тәрбиесіне отбасынан бөлек балаға экономикалық жағдай толығымен жасалса да, рухани азықтың берілуі өте маңызды. Ол – білім мен тәрбие. Білімсіз адам өмір сүре алғанымен, тәрбиесіз адам өмір сүре алмайды.
Әр ата-ана баласын жақсы адам болса екен деп армандайды. Алайда ол тез арада тамаша адам бола қоймайды. Баланы жақсы адам болдыру үшін оның негізін ата-ана өзі қалауға тиіс. Ол үшін өздері сыпайы қарым-қатынас жасап, мәдениеттілік танытумен қатар оғаш мінез шығармауы қажет. ”Балапан ұяда нені көрсе ұшқанда соны іледі”, –деген аталы сөз осыдан қалған.
Адалдық рухани тазалықтан туындайды. Адал адам ешқандай қылмыстық әрекеттерге бармайды. Қазақта айналасындағыларға көмектесуге үнемі әзір, арам пиғылы жоқ, шын ниетімен ақтарылып тұратын жандарды ақкөңіл дейді. Олар қолында барын ешкімнен аямайды. Қазақта «Ақкөңілдің аты арып, тоны тозбас» деген қанатты сөз содан қалған. Адал жанның ұйқысы тыныш, күлкісі ашық. Оған біреудің жақсылығы мен қуанышын қызғану, көреалмаушылық қасиеттер жат. Адалдық өзінен-өзі келмейді, ол – тәрбиенің жемісі. Адал болу үшін адам жас кезінен өз жүрегін тыңдай білуі, өзін-өзі тәрбиелеуі керек.
Міне, бүгінгі көрсетілген мультфильм адалдыққа баулып, құқұық бұзушылықтың алдын алуға, қауіпсіздік ережелерін сақтауды адамгершілік сатыда көруді ұсынады. Демек, кинематография арқылы құқықтық тәрбие беріледі.
Мультфильм – балалардың ақпаратты қабылдауына ең қолайлы және қызықты формат. «Түркістан» телеарнасының бұл жобасы жай ғана көңіл көтеруді емес, терең әлеуметтік мақсаттарды көздейді. Туындының негізгі миссиясы, балаларға өз құқықтары мен міндеттерін қарапайым тілде түсіндіру, күнделікті өмірдегі, көшедегі және интернет кеңістігіндегі қауіпсіздік шараларын көрсету, құқық бұзушылықтың зардаптарын көрнекі түрде жеткізу.
Жалпы, мультфильм – өсіп келе жатқан жас ұрпақ тәрбиесінде аса қажет құралдардың бірі. Қазақ халқы өзінің бет бейнесі мен болмысын, ұлттық салт-дәстүрін, ұлттығын, өзінің ғасырлар бойы арман еткен Тәуелсіздігін болашақ ұрпағы арқылы ғана қорғай алады. Сондықтан ұрпақ тәрбиесі мен мәдениетіне өзіндік үлесін қосатын жарқын тындылар қашанда алдыңғы орында болуы шарт.
Өйткені, бала мультфильм көргенді ұнатады. Айналасымен танысып үлгермеген балғын үшін бәрі таңсық, бәрі қызық. Баспайтын жерді басқанды ұнатады. Бірақ оның бәрі пайдалы емес. Сондықтан қазақтық тамырға балта шаппас үшін ұлттық нақыштағы, бүлдіршіндерімізге ұлттық рух пен ұлттық намыс дарытатын мультфильмдерді өмірге әкеліп, көгілдір экранымыздан көре бергенге не жетсін. Сонымен қатар, қазіргі уақытта интернет-алаяқтықтың дендеп тұрған кезеңі. Бүгінгі жас ұрпақ санасына бұл мәселені де мультфильм арқылы жеткізгеніміз құптпрлық.
Оқушылар сарайының залына жиналған балалар мультфильмді ерекше қызығушылықпен тамашалады. Кейіпкерлердің іс-әрекеттері арқылы берілген заңға деген құрмет пен тәртіп сақтау туралы үндеулер балалардың жүрегіне жол тартты. Көрсетілімнен кейін оқушылар өз ойларымен бөлісіп, түрлі өмірлік жағдайларда қалай әрекет ету керектігі туралы пікір алмасты. Мұндай заманауи тәсілмен өткізілетін түсіндіру жұмыстары құрғақ лекциядан әлдеқайда тиімді. Ол балалардың жауапкершілік сезімін оятып, қоғамдағы заңдылық пен тәртіпке деген құрметін арттыруға тікелей ықпал етеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жоба – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан кешенді жұмыстардың бір бөлігі. Тәрбиелік мәні бар медиа-өнімдерді мектеп бағдарламасынан тыс шараларда қолдану жақсы нәтиже бермек.
«Баланың санасына заңға деген құрметті жастайынан сіңіру керек. Оны мультфильм кейіпкерлері арқылы жеткізу – ұтымды қадам. Бұл туынды балалардың тек қауіпсіздігін сақтауды ғана емес, жақсы мен жаманды ажырата білуін де үйретеді», – дейді мамандар.
Бүгінгі шараны қорытындылай келгенде, «Түркістан» телеарнасы мен Оқушылар сарайының бірлескен бұл бастамасы – балалардың жарқын болашағына жасалған маңызды қадам. Қауіпсіз орта қалыптастыру тек құзырлы органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ісі. Осындай тағылымды көрсетілімдер алдағы уақытта да жалғасын тауып, Түркістанның саналы да сауатты жастарының көбеюіне арқау болары сөзсіз.

