Түркістан қаласы — түркі әлемінің рухани астанасы ғана емес, ол сан ғасырлық тарихы бар кәсіп пен өнердің алтын бесігі. Қаланың жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында бой көтерген ерекше нысандардың бірі — Қолөнершілер орталығы.
Бұл орталық ұлттық қолөнерді қайта жаңғыртып, ата-бабамыздан қалған асыл мұраны келешек ұрпаққа жеткізуші алтын көпірге айналды.
Сәулеті мен мазмұны алыстан мең мұңдалап көз тартатын орталықтың ғимараты сыртқы келбетімен-ақ келушілерді баурайды. Ол шығыстық нақышта, Түркістанның жалпы архитектуралық ансамбліне үйлесімді етіп салынған. Орталықтың ішкі құрылымы қолөнердің әр түріне арналған шеберханалар мен көрме залдарынан тұрады.
Бұл жерде шеберлер жай ғана бұйым жасап қоймайды, сонымен қатар туристер мен қала тұрғындарына арналған ашық мастер-кластар өткізеді. Бұл — қолөнердің тірі процесін көруге мүмкіндік беретін нағыз «тірі музей».
Қолөнердің негізгі бағыттары саналатын орталықта қазақ халқының дәстүрлі кәсіптерінің барлық дерлік түрі қамтылған. Мәселен, қыш өнері (Керамика) — Түркістанның көне қыш құмыраларының жасалу жолдары жаңғыртылуда. Шеберлер саздан түрлі ыдыстар мен кәдесыйлар дайындайды.
Тоқыма және киіз басу басымдыққа алынып, ақбас қойдың жүнінен киіз басу, ши тоқу және алаша тоқу өнері шетелдік қонақтардың ерекше қызығушылығын тудыруда. Зергерлік өнерінің өзіндік сиқырыөзгеше, яғни күмістен соғылған білезіктер, алқалар мен жүзіктер қазақы ою-өрнектермен безендіріліп, ұлттық нақышта жасалады. Ағаш шеберлігінің ерекшілігіне үңілсек, ағаштан ою ойып жасалған астаулар, бесіктер мен музыкалық аспаптар (домбыра, қобыз) орталықтың көркін қыздырып тұр. Туристік маңызы орасан және экономикалық тиімділігі ерен «Керуен-сарай» туристік кешеніне жақын орналасқан Қолөнершілер орталығы Түркістанға келетін саяхатшылар үшін міндетті түрде баратын орындардың бірі. Мұнда, эксклюзивті бұйымдар, атап айтқанда Туристер еш жерде қайталанбайтын, қолдан жасалған төл туындыларды сатып ала алады. Тәжірибе алмасу жайының да қыры мен сыры өзгеше орталық жергілікті қолөнершілер үшін кәсіби алаңға айналды. Олар мұнда өз өнімдерін өткізіп қана қоймай, жас шәкірттерді баулиды. Мәдени насихаты жайында сөз қозғайтын болсақ, қазақтың ұлттық болмысын, мәдениетін және эстетикасын әлемге танытудың таптырмас құралына айналған.
Түркістан қаласының әкімдігі бұл орталыққа үлкен үміт артып отыр. Себебі, бұл нысан — креативті индустрияны дамытудың алғашқы қадамдары. Мұндағы шеберлерге жағдай жасау, олардың өнімдерін халықаралық көрмелерге шығару — басты бағыттардың бірі. Орталықтың жұмысы «Таза Қазақстан» және рухани жаңғыру бағдарламаларымен де үндеседі, өйткені бұл жерде табиғи материалдар қолданылып, экологиялық таза өнімдер жасалады.
Қорытындылай келгенде, Түркістандағы Қолөнершілер орталығы — бұл жай ғана ғимарат емес, бұл ұлттық кодтың сақталу орны. Шебердің қолынан шыққан әрбір бұйымда қазақтың тарихы, танымы мен жаны бар. Болашақта бұл орталық Орталық Азиядағы ең ірі қолөнер хабына айналып, Түркістанның әлемдік деңгейдегі тартымдылығын арттыра түсетіні сөзсіз.

