Түркі әлемінің рухани астанасы — Түркістан қаласы тағы бір бірегей сәулеттік туындымен толыққалы жатыр. Қала кіреберісінде бой көтеріп, алыстан көз тартатын еңселі мешіттің құрылысы бүгінде мәресіне таяды. Бұл нысан тек құлшылық орны ғана емес, заманауи сәулет өнері мен ежелгі шығыстық нақыштың озық үлгілерін ұштастырған үлкен ислам орталығы болмақ.
Еліміздің тарихы терең туризм орталығы саналатын Түркістанның саяхаттаушыларды көптеп тартуға мүмкіндігі айрықша деуге болады. Өйткені қаламыз халықаралық көлік магистраль желісінде орналасқан. Теміржол, көлік жол қатынастары біртіндеп реттелуде. Облыс орталығы атанған қаланың инфрақұрылымына басты назар аударылуда.
Айта кетерлігі, бұл зәулім мешіт — көршілес Өзбекстан мемлекетінің Түркістанға деген ерекше құрметі мен бауырластық тартуы. Жобаның маңыздылығы сондай, оның іргетасы 2019 жылы қаланған болатын. Жалпы құны 32 миллиард теңгені құрайтын бұл жоба екі ел арасындағы рухани байланысты нығайта түсетін маңызды нысан ретінде бағалануда.
Заман талабына сай бой көтеріп жатқан ислам орталығының параметрлері таңғалдырмай қоймайды. Мешіт бір мезетте 5 мың жамағатты қабылдай алады. Мешіт орналасқан жердің жалпы аумағы 7,7 гектарды құраса, ғимараттың ішкі ауданы 4650 шаршы метрге тең. Мешіт биіктігі 61 метрлік еңселі мұнаралармен көмкерілген. Мешіт айналасындағы 4,2 гектар аумақ толық көгалдандырылып, абаттандырылуда.
Құрылыс жұмыстарын «МонтажСтройКом Экстра» ЖШС мердігер мекемесі жүргізуде. Бүгінгі таңда нысандағы негізгі жұмыстардың басым бөлігі аяқталған, мешіттің сыртқы қасбеті (фасады) мен мұнаралары толық тұрғызылды. Электрмен, сумен жабдықтау және басқа да инженерлік коммуникациялар тартылып бітті. Терезелерді орнату жұмыстары аяқталды. Қазіргі уақытта мамандар ішкі әрлеу жұмыстарына көшкен. Сонымен қатар, айналаны абаттандыру жұмыстары 85 пайызға орындалды. Нысан басында 30-дан астам тәжірибелі маман мен 9 техника үздіксіз жұмыс істеп жатыр. Бұл нысан Түркістанның архитектуралық ансамбліне үйлесім беріп қана қоймай, қалаға келетін туристер мен зияратшылар үшін басты тарту нүктелерінің біріне айналуы тиіс. Жоспар бойынша, 5 мың орындық бұл еңселі мешіт осы жылдың соңында есігін айқара ашады. Түркістанның кіреберісіндегі бұл зәулім ғимарат қаланың рухани келбетін асқақтатып, халықтың игілігіне қызмет ететін болады. Шығыстық сәулет пен заманауи сапа тоғысқан бұл мекен болашақта еліміздегі ең ірі әрі әсем діни орталықтардың қатарынан орын алмақ. Қысқасы, тәулік сайын түрленіп жатқан Түркістанда қуанышпен жеткізер жаңалықтар өте көп. Бүгінде елдің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаның шарапатын көріп жатқан шаһар халқы осынау орасан өзгерістерге куә.
Міне, жылға жуық уақыт ішінде осы секілді көптеген берекелі істердің атқарылып жатқанына қала тұрғындары күн сайын куә және де киелі қаланың дамуына бүкіл әлемнің көз тігіп отырғаны аян. Тарихы терең, хас батырлар мен ұлы тұлғалар шыққан қасиетті топырақ, жылдар бойы рухани астана атанып келген киелі өңір осынау орасан облыс орталығы атануға, қазақ ордасына айналуға әбден лайықты болса керек…

