Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы ғана емес, заманауи сәулет өнері мен көне тарих тоғысқан бірегей шаһар. Қаланың келбеті күн санап өзгеріп, жаңа нысандармен толығып келеді. Бүгінде қалаға кіреберіс тұста әлемдегі озық тәжірибелерді ұштастырған, сәулеті келіскен еңселі мешіттің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бұл нысан аяқталған соң, шаһардың көркіне көрік қосып, келушілерді айбынды бейнесімен қарсы алатын басты нысандардың біріне айналмақ.
Негізінде, сонау өткен жылдардың өзінде ежелгі Түркістан қаласы әуелі «Әзірет Сұлтан» кесенесімен әлемге әйгілі болғаны белгілі. Кеңес жылдарының өзінде қаламызға жан-жақтан келген қонақтар алдымен кесенеге тәу етіп шығатын.
Бүгінгі күні рухани астана деген атауды ұлықтап жүрген түркістандықтар үшін шағын шаһарымыздың ойламаған жерден облыс орталығына айналып, жеті жыл уақыттың ішінде қарқынды жұмыстар жүргізіліп, есімі төрткүл дүниеге таныла бастады. Әсіресе кесенеге зиярат етушілердің нөпірі артқаны айрықша аңғарылады. Расында, «Әзірет Сұлтандай» киелі кесенесімен күллі әлемге танылған, әлем назарын өзіне аударған Түркістанда тәу етер киелі орындар жетерлік. Байқайсыз ба, барлық өңірдің өз мақтанышы, өз кәсібі, қайсыбір салада өз жетістіктері болады. Мәселен, біздің қаламыз туралы айтыларда немесе жазыларда міндетті түрде оның алдына «қасиетті», «киелі», «тарихи», «ежелгі» деген сөздер жиі қосылады. Мұның өзіндік себебі де бар. Яғни, қасиет пен құт қонған киелі жерлері, тәу етіп кетер қастерлі орындары, ел қорғаған батырлары мен аңызға арқау болған тұлғалары жерленген тарихи орындары мол, осылайша тарихы тереңде жатқан жәдігер қала болса керек. Иә, бізде киелі орындар өте көп, оған алыс-жақыннан ат арылтып келушілер, яғни туристер нөпірі артуда.
Жуырда Түркістан қаласының көркін ашатын, тағы да бір заман талабына сай бой көтеріп жатқан мешіттің құрылыс алаңына арнайы барып, жұмыс барысымен таныстық. Өңір басшысы құрылысқа жауапты мердігер мекеме өкілдерімен және салалық басқарма басшыларымен кездесіп, әрбір атқарылған істің сапасына ерекше назар аударды.
Өңір басшысы мешіттің тек діни ғибадат орны ғана емес, сонымен қатар сәулеттік құндылығы жоғары нысан болуы тиіс екенін атап өтті. Өңір әкімі жұмыстарды сапалы жүргізуді және белгіленген мерзімде пайдалануға беруді тапсырды. Ол үшін жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктелді.
Сонымен қатар, қазіргі таңда мешіт құрылысының негізгі әрі күрделі кезеңдері артта қалды. Мәліметтерге сүйенсек, төмендегі жұмыс түрлері толық аяқталған. Атап айтқанда, қасбеті мен мұнаралары — мешіттің сыртқы қасбетін әрлеу және айбынды мұнараларын тұрғызу жұмыстары біткен. Инженерлік жүйелер бойынша, электр қуатымен және таза сумен жабдықтау жүйелері толық тартылып, іске қосуға дайын. Ал, терезелерді орнату жұмыстарында, ғимараттың терезелері заманауи стандарттарға сай орнатылып, нысанның сыртқы келбеті біртұтас сипатқа ие болған.
Ендігі жерде, басты назар ішкі әрлеу жұмыстарына аударылып отыр. Мешіттің ішкі көрінісін безендіру, ою-өрнектермен өрнектеу және келушілерге жайлы жағдай жасау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Нысан басында 30-дан астам тәжірибелі маман мен 9 бірлік арнайы техника жұмылдырылған. Құрылыс қарқыны бәсеңдеген емес.
Жаңа мешіт құрылысында әлемдегі ең үздік сәулеттік шешімдер қолданылған. Мұнда классикалық ислам сәулеті мен заманауи технологиялық мүмкіндіктер шебер ұштастырылған. Бұл тек намаз оқитын орын ғана емес, сонымен қатар қалаға келетін туристер үшін де тартымды орын болады деп күтілуде.
Қала кіреберісіндегі бұл еңселі нысан Түркістанның мәртебесін асқақтатып, өңірдің рухани әлеуетін арттыра түспек. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң, мешіт маңы абаттандырылып, тұрғындар мен қонақтардың демалуына да қолайлы жағдай жасалатын болады.
Түркістандағы бұл жаңа мешіт – ел тәуелсіздігі мен рухани жаңғыруының айқын көрінісі. Өңір басшылығының тікелей бақылауындағы бұл нысан жуырда өз есігін ашып, халықтың игілігіне қызмет ететін болады. Сапа мен уақыттың теңдігін сақтаған құрылысшылар тобы қасиетті шаһардың жаңа келбетін қалыптастыруға өз үлестерін қосуда.

