Қазақстанда шахматты дамыту — елдің зияткерлік әлеуетін арттырудың маңызды бағыттарының бірі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл зияткерлік ойынның қоғам үшін маңыздылығын көрсете отырып, оның дамуын үнемі қолдайды.
Ал, өмірдің өзі — осы шахмат ойынына қатты ұқсайды. Жеңіске жетіп, ұту жолында ойың мен ақылыңды, тактикаңды іске қосасың. Ал өмірде де жеңіске жетіп, биік белестерді бағындыру үшін де осылай барыңды салу қажет. Әр тасты орнымен жүріп, әр шаршыға баппен қойып алға жылжып отырасың. Өмірде де дәл солай. Шахматтағы бір ғана қате жүріс өмірдегі қалыс қадам сияқты.
Түркістан қаласы бүгінде тек тарихи-рухани орталық қана емес, сонымен қатар дарынды жастар мен білімді ұрпақтың ордасына айналып келеді. Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі ретінде бүгін қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы халықаралық және республикалық додаларда ел намысын абыроймен қорғап жүрген жас шахматшыларды қабылдады. Кездесу ақыл-ой ойынының шеберлеріне қолдау көрсету және олардың жетістіктерін қала деңгейінде ұлықтау мақсатында ұйымдастырылды.
Кездесудің басты кейіпкерлері – биылғы жылы шахматтан спорт шебері нормативін сәтті орындап, Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командасына қабылданған Сұлтанхан Нұрислам мен Асылхан Әсия болды. Бұл жетістік – тек спортшылардың емес, бүкіл Түркістан жұртшылығының мақтанышы. Жас шеберлермен бірге кездесуге олардың тәлімгерлері – Қуанышбек Джумадулаев пен Асқат Майкотов, сондай-ақ балаларының тәрбиесі мен дамуына баса мән берген ата-аналары қатысты. Қала басшысы Әзімбек Пазылбекұлы жас спортшылардың әрбір жетістігінің артында үлкен еңбек пен табандылық жатқанын атап өтті. Өз сөзінде ол спорттың, әсіресе шахматтың өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі маңызына ерекше тоқталды: «Сіздердің жетістіктеріңіз — еңбек пен табандылықтың және жаңа мақсаттарға ұмтылудың жарқын нәтижесі. Сіздер өз қатарластарыңызға үлгі болып, өңіріміздің абыройын асырып жүрсіздер. Спорт арқылы өскелең ұрпаққа рухани тәрбие мен отансүйгіштік сезімді сіңіру – біздің ең маңызды міндеттеріміздің бірі. Сіздер жас буынның бойына еңбекқорлық пен патриоттық құндылықтардың дәнін сеуіп, ұйымшылдық пен жауапкершіліктің үлгісін көрсетіп келесіздер. Болашақта да ел игілігі жолында табысты еңбек ете беретіндеріңізге сенемін», – деді Әзімбек Пазылбекұлы. Салтанатты шара аясында тек спортшылар ғана емес, олардың бапкерлері де лайықты құрметке ие болды. Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Ғаппар Амантайұлы спорт саласын дамытуға қосқан зор үлестері үшін жаттықтырушылар Қуанышбек Джумадулаев пен Асқат Майкотовты «Түркістан қаласына сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапаттады. Сондай-ақ, жас чемпиондардың алдағы жарыстарға дайындығы мен ынтасын арттыру мақсатында оларға арнайы қаржылай сертификаттар табысталды. Бұдан бөлек, «Зияткер шахматшылар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Алима Сүнетиллақызының қоғамдық жұмыстағы белсенділігі ескеріліп, оған қала әкімінің «Алғыс хаты» берілді.
Айта кетерлігі, Түркістан қаласында спорт саласы жүйелі түрде дамып келеді. Бүгінгі таңда қалалық балалар мен жасөспірімдер спорт клубында 1350-ге жуық оқушы спорттың түр-түрімен шұғылданады. Оның ішінде шахмат үйірмесіне қатысатын 75 жас спортшы аймақтық, республикалық және халықаралық ареналарда үздік нәтиже көрсетіп, қаланың абыройын асқақтатуда. Сонымен, кішкентайынан уақытты босқа жібермеуге, өнерге оның ішінде шахмат ойнауға тәрбиеленген құптпрлық дүние екен. Шахматты үйрену арқылы алдымызға мақсат қоюды, оны уақытылы орындауды дұрыс шешім шығаруды, жауапкершілікпен қарауды, әрбір істі ойланып жасауды, белгілі бір тәртіппен өмір сүруді үйренеді екенсің.
Шахмат ойынында қарсылас жақтың позициясына ойша ене алмасаң, зерттеп шабуылына талдау жасамасаң күшті қарсыласыңды жеңе алмайсың. Өмірде де бір істі бастамас бұрын жан-жақты ойлап, әр қадамға есеп бермесең нәтиже болмайды. Міне, жетістікке жетудің жолы – осы.
Ал шахмат ойынының пайдасы шаш етектен. Мәселен, жас ұлғайған сайын адам ақыл-ойға ауыртпалықты көбейту керек. Ол үшін шахмат ойнап, шет тілін үйреніп, кітап оқығаны жақсы. Бұл мидың когнитивтік мүмкіндігін арттырады. Шахмат – таңғажайып математика. Зейінді дамытып, жеңіске деген ерік-жігерді қалыптастырады. Психологтар бұл ойын түрін есте сақтаудың тиімді жолы ретінде қарастырып, альцгеймер ауруының алдын алу үшін ұсынады. Сондай-ақ шахмат жауапкершілікті арттырып, сабырлық, төзімділік секілді мінезді қалыптастырады. Жұмысты жоспармен жасап, оң шешімін іздеуге көмектеседі.
Шахмат жайлы мынандай қызықты дерек бар. Онда арабтардың Парсыны жаулап алуы ислам әлемінің осы ойынды жете меңгеруінде делінген. Бұл ойынды «Шатрандж» деп атаған екен. Араб халифатында кеңінен тараған шахмат тасының әрбір тастың өмірдегі атқаратын құқығы мен қатар міндеттері бар делінген. Тыныс-тіршілігі соғыспен өрілген Әмір Темір шахматты ойын түрінде қарастырмаған. Әскери тактикаларды ойластыруға арналған құрал ретінде пайдаланған.
Сондықтан да, өмірді шахматтан көруге болады. Ең маңыздысы – өмір алаңы мен шахмат алаңында да бәрінің мақсат мүддесі бір. Ол – жеңіс. Логикалық ойлауды дамытушы зияткерлік жүйе бүгінде де маңызын жойған жоқ. Адамның ақыл-ойын дамытатын шахматтың бүгінгі таңдағы маңыздылығы – сол қоғамға интелектуал адамдардың қажеттілігі. Әлем чемпионы Тигран Петросян «Шахмат дегеніміз формасы жағынан – ойын, мазмұны жағынан – өнер, ал ойынды меңгеру жағынан – ғылым» деп атаған. Ал ғылымы дамыған ел озады.
Қорыта келгенде айтпағым, баламыз бен немереміздің логикалық ойын, шығармашылық қабілетін арттыру үшін зейіндерін телефонға емес, шахматқа аударсақ нұр үстіне нұр болар еді. Себебі бала–біздің болашағымыз, еңселі ертеңіміздің иесі.
Міне, бүгінгі кездесу Түркістан жастарының интеллектуалдық әлеуетін арттыруға және кәсіби спортқа деген қызығушылығын оятуға үлкен серпін берумен қатар, қаламыздың келешегінің түрленуіне де зор мүмкіндіктерге жол ашылмақ. Түркістан – чемпиондар қаласына айналу жолында нық қадам басып келеді. Ал, чемпионы көп елдің алар асуы, шығар шыңы биіктен болары сөзсіз.

