Кентау қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің “Тілдерді оқыту және дамыту орталығы” КММ-сі “Тілдарын” қалалық байқауын ұйымдастырды.
Қатысушыларды құттықтаған “Тілдерді оқыту және дамыту орталығы” коммунальдық мемлекеттік мекемесінің маманы шараның маңызына тоқталды: «Мемлекеттік тіл саясатына орай тіл үйренуге, тілді қолдануға барлық жағдай жасалып жатыр. Мектеп пен жоғары оқу орындары ғана емес, кәмелетке толған әрбір қазақстандықтың тіл меңгеруі үшін арнайы оқыту орталықтары жұмыс жасайды. Бір тіл үйренген адам жаңа бір әлем ашады деген әдемі түсінік бар, Сіздер байқауға қатысу арқылы көрер көкжиектеріңізді кеңейтіп отырсыздар, жаңағы айтылған ұғым тұрғысынан келгенде бұл әрекеттеріңізді ерлік деп бағалауға болады. Бұл – мемлекеттік тілдің әлеуметтік мәртебесін жоғарылату ісіне, мемлекеттік тілді рухани-мәдени құндылық ретінде дәріптеуге қосқан үлесіңіз. Тіл – жалықпай үйренген жастың жүрегіне құйылатын нұр, олардың болашақ өмірінің темірқазығы».
Бүгінгі өткізіліп отырған байқаудың мақсаты: Жастар арасында отансүйгіштікті насихаттау, мәртебесін арттыру, оны этнос өкілдерінің жан-жақты игеруіне ықпал ету және халықтар достығының басты құралы ретінде мемлекеттік тілді дамыту. Сонымен қатар, тілдік қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырып, көп тілді меңгерген тұлғаны тәрбиелеу, қазақстандық патриотизмді нығайту, жан-жақты дамыған, бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеу, қазақ тіліндегі контентті арттыру және мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту.
Байқау келесі кезең бойынша өтті.
Атап айтқанда, I- кезең: “Сәлемдесу — сөз басы”, II- кезең: “Сөздің көркі” оқу, білім, өнер тақырыптарындағы мақал- мәтелдерді жалғастырды. III- кезең: “Ұшқыр сұрақ, ұтқыр жауап”. Әр үміткер Кентау қаласының 70 жылдығына арналған сұрақтарға жылдам жауап берді.
IV- кезең Абай Құнанбайұлының — 180 жылдығына орай бір өлеңін жатқа оқыды. I орынды Хасанова Азиза Давранқызы- Ә.Науаи атындағы мектебі, II — орынды Сиддикова Айша — Ө.Жәнібеков атындағы мектеп- гимназиясы, II- орынды Айметова Шахида -№7 колледжі, III- орынды Онгарбаев Умиджан Мухтарханұлы — ЖШС “Кентау колледжі”, III — орынды Бектемирова Дилназа — №7 колледжі және III — орын Абдуганиева Гулзода — Ө. Жәнібеков атындағы мектеп- гимназиясының оқушылары иеленді.
Ал, Сабиржанова Севинч -Кентау политехникалық колледжі Шарипова Дана Батыровна — ЖШС ”Кентау колледжі” студенттері ынталандыру сыйлықтарын алды.
Мұндай байқауды өткізіп отыру, ақпараттың, интеллектуалдық өнім мен идеялардың еркін қозғалысы жаһандану факторларының біріболып табылады. Оларды өркендетуде тіл байланыс құралына айналады және жаһандану барысындағы тілдердің трансформациялануына жол ашады.
Сондай-ақ, Кентау жастарының қазақ тілінің жаһандану кезіндегі рөлін күшейтуге және өзгеұлт жастары арасында қазақ тілінің қолданыс ролін кеңейтуге ықпал етері сөзсіз.
Қорытындылай келгенде, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілінің этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі қызметін нығайту, мемлекеттік тілді меңгерген қоғамдық белсенді өзге ұлт жастарын ынталандыру мақсатында өткізілген “Тілдарын” қалалық байқауы Кентаудың тәрбие саласындағы қарқынды прогресін және өскелең ұрпақты толыққанды тұлға ретінде қалыптастыруға деген сенімін айғақтайды.
Байқауға қатысқан барлық үміткерлер сыйлықтар, алғыс хаттармен марапатталды.

