Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылдың 8 қыркүйегіндегі халыққа Жолдауында: «Өскелең ұрпақ бақытты, берекелі өмір сүруге тиіс. Сол үшін бәріміз бір ұлт болып, табанды еңбек етуіміз керек. Бұл – баршамызға ортақ өте маңызды жұмыс, аса жауапты азаматтық және ұлттық міндет.
Жұмысымыз қаншалықты күрделі болса да, біз міндетті түрде табысқа жетуіміз керек. Басқа жол жоқ. Себебі, бұл – еліміздің болашағы, халқымыздың тағдыры. Сондықтан барлық реформаны салмақты көзқараспен, мұқият, жан-жақты ойластырып, сапалы түрде жүзеге асыруымыз керек.
Хакім Абай «Адамның адамшылығы ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деп айтқан.
Бұл нақыл сөзге Мемлекет басшысы ретінде қосарым: Өркениетті әрі озық елдің заңы – әділ, билігі – білікті, ал азаматтары саналы және белсенді болары хақ.
Жоғары өкілді билік тармағына қатысты реформаны бұған дейінгі барлық өзгерістің, соның ішінде Президент билігіне қатысты өзгерістердің заңды жалғасы деуге болады. Біз Әділетті Қазақстанды құруға кірістік. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатына сәйкес билік пен халықтың арасында ашық әрі бүкпесіз диалог орнатып жатырмыз.»,- деген еді.
Аудан әкімі Азат Оралбаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» бастамасы аясында ауыл округтерінің тұрғындарымен тұрақты кездесу жиындары бастады. Бүгінгі алғашқы кездесу Шұбар және Шұбарсу ауыл округтерінен бастау алды.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 Жарлығымен барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу тәртібі бектілген.
Тапсырмаға сәйкес барлық деңгейдегі әкімдер кестеге сәйкес жыл ішінде тұрғындармен кездесу өткізіп, мәселелерін тыңдайды.
Аудан басшысы Азат Әбдіғалиұлы жиында алдымен 2025 жылдың алғашқы 9 айындағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге тоқталды. Ауданның жалпы өңірлік өнімі 169,9 млрд теңгеге жетіп, 42,7 пайыздық өсім көрсеткен. Өнеркәсіп саласында өнім көлемі 17 млрд теңге болса, тартылған инвестиция 27 млрд теңгені құрады. Бюджет кірістері 104,1 пайызға орындалған. Ауыл шаруашылығы саласында өнім көлемі 102,6 млрд теңгеге жетіп, мал басы тұрақты өсім көрсетті. Инфрақұрылымдық жұмыстар ауқымды жүргізілуде: жолдар жөнделіп, ауызсу жүйелері жаңартылып, электр желілері күшейтілді, табиғи газбен қамту жұмыстары жүруде. Білім саласында жаңа мектептер мен модульді кабинеттер ашылып, денсаулық сақтау саласында ауруханаға жаңа заманауи жабдықтар орнатылды, ФАПтар жөнделіп, жаңа медициналық пункттердің құрылысы жоспарлануда. Кәсіпкерлік пен инвестиция саласында өндірістік парктер мен кооперативтер дамып, ауыл тұрғындарына несие арқылы қолдау көрсетілуде. Әлеуметтік төлемдер мен көмектер тиісті азаматтарға беріліп, абаттандыру және қауіпсіздік шаралары жүйелі жүргізілуде.
Келесі ретте кездесу өтіп отырған Шұбар және Шұбарсу ауыл округтеріндегі жағлдайға тоқталды. Шұбар ауыл округінде өндірістік-инвестициялық әлеуетті арттыру бағытында нақты істер жүзеге асырылуда. Мұнда 70 гектар жерге өндірістік парк салынып, инженерлік инфрақұрылым тарту жұмыстары жүргізілуде. Жобаның іске қосылуы бірнеше кәсіпорынды орналастырып, 200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Шұбарсу ауыл округінде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту қарқынды жүргізілуде. Мұнда 3 гектар жерге өндіріс нысандары орналастырылуда, оның ішінде полистирол-бетон өнімдерін шығаратын «Kazakh New Technology» зауыты бар. Жоба іске қосылғанда 20 тұрақты жұмыс орны ашылып, аудан экономикасына қосымша табыс әкеледі. Сонымен қатар ауылда орта және шағын жобалар жүзеге асырылуда. Ауылшаруашылық бағытта 15 гектарға жуық жылыжай кешендері құрылып, алғашқы өнімдер алынуда. Толық іске қосылғанда жылына 4–5 мың тонна көкөніс шығарылады.
Ішкі көшелер жөнделіп, мектеп пен ФАП ғимараттарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Жасыратыны жоқ, аудан тұрғындарының саны өскен сайын, айтылатын мәселе де қатарласып жүретіні өмір заңдылығы.
Кездесу барысында тұрғындар жолдар мен көше жарығы, қоғамдық көлік қатынасы, санитарлық тазалық, ауызсу, әлеуметтік қызметтер және кәсіпкерлікті қолдау сияқты өзекті мәселелерді көтерді. Аудан әкімі барлық сұрақтарға нақты жауап беріп, әрбір өтініш бойынша жауапты қызметкерлерге мәселелерді жедел шешуді тапсырумен қатар, жүктеді.
Тұрғындар атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылықтарын білдіріп, аудан басшысының алдағы жобалары мен жұмыс жоспарларына сәттілік тіледі

