«Ауыл аманаты» жобасы мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың өткен жылдың 26 қарашасында бекіткен №1 «ҚР ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығы негізінде бастау алды.
Жобаның негізгі мақсаты – ауылдық елді мекендердегі жұмыссыздық пен атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын азайту, сонымен қатар өзін өзі қамтушыларды заңдастыру. Бағдарламаның қалай жүзеге асырылатыны және несиелеудің шарттарына тоқталатын болсақ, ең бірінші кезекте жобаны іске асыруда жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық берілуде.
Бұл ретте Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы облыс бойынша «Жұмысшы топ» құрамымен бірге барлық аудандарды аралап, бағдарламаның концепциясын құруға, басым бағыттарын таңдауға, несие беру ережесіне қатысады. Нақтырақ айтқанда, палатаның қызметі жобаларды сүйемелдейді, бизнес жоспар дайындап береді, құжаттарды жинақтауға көмек бергенінен хабардармыз.
Мамандардың айтуынша, несие алу үшін ауыл тұрғындары алдымен ауыл әкімдіктеріне өтінім білдіру қажет. Бұл жобаның ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігі тиеді деген ойдамын. Шартта көрсетілгендей, несие алушы кем дегенде бір жыл сол жергілікті ауылдың тұрғылықты азаматы болуы керек. Оған қоса, міндетті түрде кепілге қоятын жылжымайтын мүлкі болуы шарт. Егер кепіл болмаған жағдайда туыстардың кепілін пайдалануға болады.
Мақсаты айқындалған, «Ауыл аманаты» жобасы – ауылды жерлердегі халықтың табысын арттыру. Бағдарлама 2023-2025 жылдарға арналған және несиелер 2023 жылдан бастап беріледі деп жоспарланып отыр. Жоба аясында қандай жеңілдіктер қарастырылған? «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алады, сондай-ақ техниканы лизингке рәсімдеуге болады. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. — несие/микронесие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша 7 жылға дейін; — несиенің/микронесиенің ең жоғары сомасы қолданыстағы заңнама бойынша айқындалады; — номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз, кепілмен қамтамасыз ету. Мұндай несиенің халыққа пайдалы болары анық. Мәселен, бүгінде бірде-бір коммерциялық банкте ауыл тұрғындарында мұндай шарттармен несие алу мүмкіндігі жоқ. Әлемдегі инфляцияны ескеретін болсақ, 2,5 пайыздық несие бұл – өте тиімді. Сондықтан да ауылда қандай да бір өндіріс ашып, оны дамыту үшін бұл – үлкен мүмкіндік.
Ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті қолдау және халықтың табысын арттыру мақсатында жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы көптеген азаматтарға жаңа мүмкіндік беруде. Соның бірі 2023 жылы аталған бағдарлама аясында жылқы шаруашылығын дамыту мақсатында 7 200 000 теңге несие алған Ұялыжар ауылының тұрғыны жеке кәсіпкер Есболова Фарида. Есболова Фарида несие қаражатын тиімді пайдалана отырып, жылқы басын көбейту бағытында бірқатар нәтижеге қол жеткізді. Қазіргі уақытта оның қожалығында 12 бас жылқы, соның ішінде 11 аналық жылқы және 1 құлын бар. Мал басының артуы шаруашылықтың тұрақты дамуына және табыстың өсуіне ықпал етіп отыр. Жем-шөп қоры толықтай кәсіпкердің өз қаражаты есебінен. Жалпы малдың қыс айына дайындығы уақтылы жүргізілген.
Жеке кәсіпкердің жылдық табысы бүгінде 1 500 000 теңгені құрайды. Бағдарлама аясында қаржылай қолдау алған азаматтар арасындағы мұндай мысалдар ауылдық кәсіпкерлікті ынталандырып, өңір экономикасының дамуына оң әсерін тигізуде.
Есболова Фарида өз ісін әрі қарай кеңейту бағытында жұмыстар жүргізіп, алдағы уақытта жылқы басын тағы да көбейтуді жоспарлап отыр.

