Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға арналған Жолдауында да ауыл шаруашылығын жаңа технологияларға сүйене отырып дамыту қажеттігін атап өтті. Оның ішінде жылыжай шаруашылығына ерекше назар аударылды.
Мемлекет басшысының 2025 жылғы Жолдауындағы ауыл шаруашылық саласына қойған стратегиялық міндеттерін нақты өңірлік деңгейде іске асыру жылыжай саласын дамытуға негіз бола алады деп есептеймін.
Диханшылардың сөзіне сүйенсек, жылыжай шаруашылығымен айналысу өте қиын. Өйткені үлкен төзім мен еңбекті талап етеді. Жылыжайды жылы ұстау, ауа райының түрлі сынақтарынан өнімді аман сақтау оңай емес. Белгілісі ауыл шаруашылық өнімдері-тұрғындардың басты азығы. Аудан тұрғындарын ауыл шаруашылық өнімдерімен толығымен өзіміз қамтуымыз керек. Мемлекет қолдауы жылдан-жылға артып келеді. Мүмкіндікті дұрыс пайдалану арқылы, шаруақожалықты үлкен мекемеге айналдыруға болады.
Жалпы Түркістан облысы жылыжай өндірісін ерте қолға алған өңір. Бұған табиғат жағдайы, ауа райының қыста қолайлы болатыны да себеп. Жылу, электр энергиясын аз жұмсайды. Өңірге газ жүйесі де жақсы тартылған. Сондықтан болар, Түркістан облысы еліміздегі жылыжай өндірісінде көш бастап тұр. Еліміздегі жылыжайлар кешенінің 80-85 пайызы осы облыстың еншісінде.
Өңіріміздегі Ордабасы ауданында соңғы жылдары жылыжай шаруашылығында жаңа қарқынмен дамуда. Соның жарқын мысалының бірі ауданға қарасты Шұбарсу елді мекеніндегі – «Алан-Нұр» жылыжай кешені. «Алан-Нұр» шаруашылығының төрағасы Нұрлан Алимханов жылыжай ісіне 2017 жылы кіріскен. Алғашқыда 1 гектар аумақта тәуекелге толы тірлік бастады. Дұрыс жоспарлау мен үздіксіз жұмыстың арқасында шаруашылық жыл сайын кеңейіп, 2025 жылға қарай жер көлемі 4 гектарға жетіп, ірі өндірістік жылыжайға айналды. Бұл жолда мемлекет қолдауы да маңызды рөл атқарды. Кәсіпкер өз қаржысына қосымша «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 29,8 млн теңге көлемінде қолдау алып, кәсібіне инвестиция салды. Нәтижесінде заманауи технологиямен жабдықталған тұрақты өндіріс орны құрылды. Жылыжайда негізінен қияр мен қызанақ өсіріледі. Заманауи тамшылатып суару технологиясы еңбек өнімділігін айтарлықтай арттырып, бір гектардан 90 тоннаға дейін өнім алуға мүмкіндік береді. Жалпы 4 гектардан жыл сайын 360 тоннаға жуық сапалы көкөніс нарыққа шығарылады. Өндіріс көлемінің артуы жаңа жұмыс орындарын ашуға жол ашты. Бүгінде жылыжайда 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бүгінде аумақтың аграрлық әлеуетіне елеулі үлес қосып отыр. Ғылым мен техника дамыған заманда жылыжай өніміне сұраныс еселеп артқан. Жердің тозуы, топырақтың құнарсыздығы және климаттың өзгеруі – оған басты себеп болмақ. Жылыжай жұмысын жандандырып, егіс көлемін арттыруда, сонымен қатар шығынды азайтып, өнімді көбейтуде ауылшаруашылығы мамандары мен Қазақ ғылыми-зерттеу институты ғалымдары бірлесіп жұмыс істеуде. Жылыжайдың болашағы зор.
Нұрланның бастамасы көп жасқа үлгі боларлық деп ойлаймын. Қазір қыбырлаған адамға тірлік көп, еңбектенген адамға табыс мол екендігін дәлелдеген кейіпкеріміз егін шаруашылығының ауырлығына қарамастан жылыжайдың жайын келістіріп, алғашқы жемісін жей бастағандығы көңілге қуаныш ұялатады. Әрине, бірегей кәсіптің өркендеуі-табанды еңбектің, батыл қадамның жемісі.
Ендеше, «Алан-Нұр» жылыжайының жетістігі – жас кәсіпкерлерге үлгі. Қиындықты еңсеріп, заманға сай технологиямен жұмыс істеп, ауылда да табысты бизнес қалыптастыруға болатынын дәлелдейтін нақты мысал.

