Қазіргі заманда кез келген мемлекет өз экономикасының дамуында маңызды рөл атқаратын шағын және орта бизнесті қолдауға ұмтылады. Шағын және орта бизнес дамып жатса, бұл ең алдымен экономикалық тиімділік пен бүкіл ел экономиканың тұрақтылығының белгісі.
Кез келген мемлекеттің басты міндеті-экономикалық өсуге қол жеткізу. Экономиканың тұрақты өсуі халық шаруашылығындағы шағын және орта кәсіпорындардың үлесіне тікелей байланысты. Шағын және орта кәсіпкерліктің дамуымен орта тап пен «салауатты» бәсекелестік орта қалыптасады, сайып келгенде, ел азаматтарының өмір сүру деңгейіне тиімді әсер ететін жаңа жұмыс орындары құрылады. Ұзақ жылдар бойы шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту және қолдау ұлттық экономиканың негізгі құрамдас бөліктерінің бірі ретінде Қазақстанның мемлекеттік саясатының басымдықтарында ерекше орын алды.
Сонымен, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту саласына Ордабасы ауданы жан-жақты қолдау көрсету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде. Аталған бағытта Шұбар ауылы, Тоқсансай ауылының тұрғыны жеке кәсіпкер Алпейс Арысбек Пернеханұлы 2023 жылы «Ниет» атты жобасын іске қосып, ауылдық жердегі шағын кәсіпкерлікті дамытуға өз үлесін қосуда.
Шын мәнінде жиһаз әрбір үйге көрік беретін, онсыз үйдің сәні кірмейтін қажетті бұйым. Бүгінде ешбір үйді жиһазсыз елестету мүмкін емес. Сол себептен болар жиһаз өндіру бизнесі кеңінен дамып келеді. Қолынан іс келетін кәсіпкерлер бұл саланың ілгерілеп алға басуы халық үшін де тиімді екенін айтады. Себебі мұндай цехтар бір адамның жұмысын емес, бірнеше адамның жұмысын қажет етеді. Яғни, біршама жанды жұмыспен қамтуға үлкен мүмкіндік береді.
Ел экономикасына үлкен серпін беретін саланың бірі – жиһаз өндірісі болса, біздің әңгімемізге арқау болып отырған Алпейс Арысбек Пернеханұлы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 6,8 млн теңге көлемінде несие алып, сондай-ақ 1,2 млн теңге жеке қаражат есебінен 0,5 гектар аумақта тұрмыстық қажеттіліктерге арналған ағаш бұйымдары мен өзге де өнімдерді өндіру ісін қолға алған. Өндіріс барысында ағаш өңдеудің арнайы технологиялары қолданылып, өнім сапасының талапқа сай болуына ерекше назар аударған. Шаруашылықтың жалпы шығыны 8 млн теңгені құраса, қазіргі уақытқа дейін кәсіпкерлік қызметтен 12 млн теңге көлемінде таза пайда алынған.
Халқымызда, «шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген жақсы сөз бар ғой. Сондықтан, адам баласы қандайда бір іспен айналысуды шешкен болса, алдымен сол істі өзі жасап білуі өте маңызды. Өйткені, білімің мен хабарың жоқ салада жетістікке жету қиын кейде, тіпті мүмкін емес. Жалпылама, айтқанда адамды табысқа жеткізетін жақсы қасиеттер көп қой. Ендеше, жұмыс істеп, кәсіп бастаймын деген адамға барлық жағдай жасалған. Мүмкіншілік көп. Жыл сайын түрлі бағдарламалар іске қосылып жатыр. Тек, тәуекел етіп білу және ерінбеу керек шығар.
Ал, Тоқсансайлық жиһазшы Алпейс Арысбектің бастамасы елді мекендегі шағын кәсіптің нақты көрсеткіші деуге әбден болады.

