Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында инвестиция тартуды күшейту қажет екенін айтып, арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырды.
«Елімізге қомақты инвестиция тарту керек. Қазір дүние жүзінде инвестицияға талас күшейіп барады. Жаңа инвестициялық кезеңді бастауымыз қажет. Қазіргі инвестиция тарту саясаты мардымды деп айта алмаймын. Қаражаттың көбі шикізат салаларына құйылып жатыр», – деді президент.
Шикізат саласына құйылып жатқан қаржы қомақты екенін атап өткен мемлекет басшысы қазір үкіметтің басты мақсаты басқа – өңдеу салаларына қаржы тарту екенін атап өтті.
«Сондықтан Үкімет инвестиция саясатына басқаша көзбен қарауы керек. Қажет болса, жоғары технологияларға салынатын инвестицияларға жеңілдік беруге болады. Сондай-ақ мемлекеттік инвестиция мен жеке бизнестің ірі бастамаларына бірдей назар аудару қажет. Ірі инвесторлармен қатар, орта және шағын инвесторлармен тығыз байланыста жұмыс істеу керек. Қаражаттың қай бағытқа, қандай мақсатпен және қанша көлемде қажет екенін нақты білу қажет», – деді Тоқаев. Қасым-Жомарт Тоқаев инвестиция саласын үйлестіре жұмысын тікелей премьер-министр – Олжас Бектеновке жүктеді.
Осы ретте, Түркістан қаласында облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің қатысуымен өтіп жатқан «Turkistan International Investment and Tourism Forum – 2025» форумның өңір экономикасын дамыту, инвестиция тарту және туризм саласындағы жаңа серіктестіктерді қалыптастыру мақсаттары – өңірлерді дамыту мәселелерін кешенді және көп салалы тұрғыдан шешуде айтарлықтай септігі тиеді деп күтілуде.
Түркістан облысында өңірге инвестиция тарту, экономиканы әртараптандыру және өндіріс секторын дамыту мақсатында халықаралық деңгейдегі ауқымды инвестициялық форум өтуде.
Іс-шараға әлемнің жетекші компания өкілдері, шетелдік инвесторлар және отандық кәсіпкерлер қатысып, өңірдің инвестициялық әлеуетіне қызығушылық танытуда. Форум барысында бірқатар жаңа жобалар бойынша меморандумдарға қол қойылып, стратегиялық әріптестік бағытында келіссөздер жүргізілуде.
Шара аясында Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов бірнеше ірі инвесторлармен кездесіп, қаланың инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды. Әсіресе, Қытай Халық Республикасының Хайнань аймағында тіркелген Hainan Eight Star International Investment Co., Ltd. компаниясы Кентау қаласына инвестиция салуға қызығушылық білдірді.
Аталған компания Қытайдан АСЕАН, ТМД, ШЫҰ және Ғаламдық Оңтүстік елдеріне жоғары технологиялық өнім экспорттау, сондай-ақ осы елдерден Қытайға импорттық тауар жеткізу бағытымен айналысады. Бұған қоса, трансшекаралық сауда операцияларын қаржыландыру және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарады.
Айта кетейік, Кентау қаласындағы Индустриалды аймақ пен арнайы экономикалық аймақта инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасалған, инфрақұрылым толық дайындалған және бизнес жүргізуге кең мүмкіндіктер қарастырылған.
Кентау қаласының әкімі Жандос Қалмырзаұлы және аумақтың жергілікті кәсіпкерлері де форумға қатысып, шетелдік инвесторлармен кездесіп, Кентаудың сыртқы капиталға және жаңа технологияларға деген саналы ұмтылысының деңгейін айқындау мақсатында экономикалық жағдайымен таныстырды. Бұл бағыт – ауданның жергілікті ресурстарға ғана емес, жаһандық капиталға сүйенген тұрақты экономикалық өсуге деген саяси еріктілігінің айғағы.
Бүгінде Түркістан өңірінде қытай инвесторларымен бірге текстиль кластерін құру, желатин және май компоненттерін өндіру зауыты, көкөніс кептіру және қайта өңдеу кәсіпорны, 300 МВт күн электр станциясы, бейнебақылау камераларын шығару, еден жабындары өндірісі және мата мен джинс маталарын өндіру жобалары қолға алынған. Бұл бастамалар өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, экспортты ұлғайтуға және жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға мүмкіндік береді.
Қытайлық инвесторлар Түркістан облысының даму қарқынына оң бағасын беріп, әріптестікті нығайтуға күш салатынын жеткізді. Әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, логистика, «Жасыл экономика» және өзге де салаларда инвестиция салуға мүмкіндік мол екенін айтты. Нұралхан Көшеров инвесторлар үшін Түркістан облысында қолайлы жағдай жасалғанын атап өтіп, өңірде жалпы аумағы 2397 гектарды қамтитын индустриалды аймақтар мен 4 414 гектар аумақта орналасқан «Turan» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейтінін айтты. Бұл алаңдарда дайын инфрақұрылым, салықтық және кедендік жеңілдіктер ұсынылады. Сонымен қатар жаңа жобаларды жедел бастау үшін шағын өнеркәсіптік парктер салынуда екенін жеткізді.
Түркістан қаласында өткен халықаралық инвестициялық форумның Кентау қаласы үшін маңызы – экономикалық әлеуеттің тек таныстырылуында ғана емес, сонымен бірге өңірлерді дамытудың кешенді стратегиясын, яғни инвестиция, инфрақұрылым, тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық, бизнес жолдарын іске асыруға септігін тигізетіні сөзсіз.
Тақырыпты тарқата келе айтпағымыз, Түркістан қаласында өтіп жатқан «Turkistan International Investment and Tourism Forum – 2025» халықаралық инвестициалық форумнына Қытайдың ірі компаниялардың өкілдері қатысып, оларға өңірдің экономикалық жағдайы мен инвестициялық мүмкіндіктері кеңінен таныстырылды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік инвесторлармен кезекті рет кездесу өткізіп, нәтижесінде өңірдегі аудан әкімдері мен кәсіпкерлер де іс-тәжірибе алмасуға зор мүмкіндік алды. Айта кетейік, өңірде инвестиция тарту, өндіріс орындарын көбейтуге басымдық берілген. Алдағы уақытта форум жұмысы әлі де түрлі панельдік сессиялар және келіссөздермен жалғасын таппақ.
Кездесу қорытындысында тараптар ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, қайта өңдеу, логистика және туризм бағыттарында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін жеткізді. Бұл бағытта алдағы уақытта тиісті жұмыстар жүргізілетін болды.

