Қазақстандық ғалымдардың еңбек нарығына жасаған болжамы бойынша, алдағы елу жылда жиырмаға жуық мамандық түбегейлі жойылады. Бәрін компьютер есептеп, керегі болмай бара жатқан мықты мамандықтардың майталманы күндердің күнінде қарапайым жұмысшы болып қаламын деп ешқашан ойламайды. Ендеше ешкім сақтандырылмаған, өмірдің сынынан өз орнын тапқан мамандық иесі – тазалықшы десем қателеспеспін.
Тазалықтың өмірде алар орны ерекше. Күнделікті асымыздың таза болуы, бойымыздың тазалығы, тұрғылықты жеріміздің тазалығы, киім, қоршаған ортамызды таза сақтауымыз, тұтынған дүниеміз бен ниеттің тазалығы, жүректің ақтығы, тапқан табыстың адалдығы – бәрі де салауатты өмір мен баянды тіршіліктің негізін құрайды.
Негізінен алып қарағанда, өмір, күнделікті тіршілікте адамдар барлық нәрсені үйренуге талпынады. Соның ішінде адамзатты жетілдіретін, алға жетелейтін еңбек ету салтының орны бөлек. Осы орайда жақсы, жағынан өз замандастарына үлгі – өнеге болып жүрген жандар ғана жұмысының жемісін көре алатыны ақиқат.
Сыпайы мінезімен, тынымсыз әрі тиянақты еңбегімен өз ортасына танылған Бейсекеевa Гүлайым Досмаханқызы Есембаева.
Жұрт тәтті ұйқы құшағында жатқанда, жол сыпырып, қоқыс тазалап, қоршаған ортаны, табиғат ананы – тазалап, сауапты жұмыс жасап жүрген еңбек адамы жайында әсте сөз қозғау қиын емес.
Өздеріне бөлініп берілген аймақтың тазалығына мұқият қарайтын Халима көше бойын, арық ішін қалдықтардан арылтып, қапқа жинайды. Қақаған қыста мұз ойып, адамдардың қауіпсіздігін қорғаштап жүретін мұндай еңбек адамдарының жұмысын, «Оның несі қиын? Мусорды теріп қапқа салғанның не ауырлығы бар?» деп таяз ойлайтын жандар да табыла кетері анық тұрғындар арасынан. Әрине қате пікір. Жұмыстың жеңілі болмаса анық. Әйтсе де, тазалықшыларға артылар жауапкершіліктің жүгі тіптен ауыр.
Жұмыс барысында жүрген «Тазалық сақшысы» Гүлайымнан сауалыма жауап алып үлгердім. Себебі, қызу тірлік кезінде сағаттап әңгіме айтып отыруға уақыт тапшы.
— «Таңғы 8 — ден 12 ге дейін, 14:00 – ден 16:00 – ге дейін жұмыс. Тазалық жұмысының да түр түрі бар. Арықтарды аршу, қоқыстан тазарту, жапырақтарды жинау, қалдықтарды теруден бөлек, қыс мезгілінде жолдарды қардан тазалап, тұз бен құм себуді де атқарамыз. Тіпті тұрғындардан түскен өтініштерді де орындаймыз. Күніне сегіз сағат жұмыс істейміз. Адамдардың бізге деген көзқарасы мен жұмысымызға деген пікірлері түрліше. Біреулері қоқыстарды орнына салады, ал кейбірі «Сендердің жұмыстарын ғой» дегендей көрер көзге көшеге құтыны, темекі қорабын, тағы басқа заттарды тастай салады»», дейді Гүлайым Досмаханқызы.
Кентау қаласы әкімдігінің «Жасыл қала» коммуналдық мемлекеттік мекемесі – қала аумағының тазалығы мен көркеюін қамтамасыз ететін маңызды ұйым. Қала көшелерін, саябақтары мен аллеяларын абаттандыру, жасыл желектерді күтіп-баптау – мекеме қызметкерлерінің күнделікті еңбегі.
Сол абыройлы еңбектің алдыңғы қатарында жүрген Бейсекеевa Гүлайым Досмаханқызы 1989 жылдан бері тазалық саласында қызмет етіп келеді. Ащысай ауылында дүниеге келген Гүлайым апай – тәжірибесі мол, еңбекқор маман. Қаланың көркеюіне сіңірген ұзақ жылғы еңбегімен танылған.
Төрт баланың анасы, жеті немеренің әжесі ретінде отбасында да, қызметінде де жауапкершілікті бірінші орынға қояды. Ол өз тәжірибесімен әріптестерін үйретіп, жұмыс сапасын бақылап, қаланың тазалығын сақтауға үлкен үлес қосып келеді.
Гүлайым Досмаханқызының адал қызметі – Кентау қаласының таза әрі жайлы болуына бағытталған бағалы еңбек. Осындай жұмысты күнделікті атқарып жүрген азаматтар – шынайы еңбек адамдары. Үстеріне қызыл желетке киіп, қолдарына сыпырғы ұстаған, көбінесе, көше бойында жүретін тынымсыз жандарды күнделікті кез келгеніміз кездестіріп жатамыз.
Қолдарындағы қапқа жерде жатқан қоқыстарды толтыра салып, жүк машинасына қарай аяңдайды. Олар қыста қолына күрек, жазда сыпырғыш пен шүберек ұстап, күн сайын ауа – райының қолайсыздығына қарамастан, аудан аумағын таза ұстауға жұмыстанады. —
«Жұмыстың үлкен – кішісі, қадірлі – қадірсізі болмайды. Ең бастысы, адал еңбектену. Көше сыпырамын деп намыстанудың қажеті жоқ. Осындағы әрбіріміз асын адалынан тауып жүрген нағыз еңбекқор жандармыз», дейді тазалықшы.
Бәріміз жоғарғы оқу орнын оқып, таза кабинетте отырсақ, ауламызды, аумақты, қоршаған ортаны таза ұстауды кімге жүктер едік. Ендеше жоғарғы білімім болмаса да, өз ортамның сыйына, еселі еңбегімен бөленіп жүрген жанға деген құрметім ерекше.

