«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы жолға қойылғаннан бері еліміздің әр аймағындағы ауылдардың тамырына қан жүгіріп, жаңаша күйге бөленіп жатқандығы қуантады. Аталған бағдарлама аясында мыңдаған үйлер салынып, жолдар жөнделді, көшелер жаңартылып, тұрғын үйлер тұрғызылды. Бұл жоба аясындағы жұмыстар жыл сайын емес, күн сайын жүзеге асып жатыр. Өйткені, жобаның басты мақсаты – ауыл өмірінің сапасын жақсарту, ауыл инфрақұрылымын жаңғырту, тұрғындардың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту, ауылдарды тұрақты дамыту.
Анығын айтқанда, халқымыздың 40 пайызы ауылда тұрады. Дәл осы себептен де Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылды өркендету ісіне айрықша мән деруде. Еске салсақ, Тоқаевтың Президент сайлауынан кейінгі алғашқы жарлығы ауылды дамытуға арналды.
– «Менің тапсырмаммен Үкімет бес жылды қамтитын тұжырымдама қабылдады. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы әзірленіп, жүзеге асырылып жатыр. Қазірдің өзінде нақты нәтиже бар. Биыл 200-ге жуық ауылға су құбырын тарту үшін қаржы бөлінді. Жыл соңына дейін ауыл халқының 95 пайыздан астамы таза сумен қамтамасыз етіледі», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы Созақ ауданында оң жолға қойылып, биылғы жылы 80 шақырымнан аса ішкі жолдың жаңартылуы – бұл тек техникалық көрсеткіш емес, сонымен бірге өңірлерді дамыту мәселелерін шешудегі жергілікті биліктің ұзақ мерзімді, жүйелі инвестициялық стратегиясының айқын көрінісі. Жолдардың жаңартылуы – көлік қатынасын жақсартудан бөлек, жергілікті бизнестің логистикалық шығындарын азайтып, экономикалық тиімділігін арттырады.
Аудандық бюджеттен бөлінген қаржы көлемі екі есеге ұлғайып және нәтижесінде жалпы ұзындығы 66,4 шақырымды құрайтын көшелерге асфальт және қиыршық тас төсеу жұмыстарының жүзеге асырылуы – Созақ ауданының бюджеттік ресурстарды тиімді жоспарлау және қаражатты мақсатты пайдалану қабілетін көрсетеді. Бұл – соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі.
«Ауыл – Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы – Созақ ауданының әлеуметтік инфрақұрылымын сапалы өзгертуге бағытталған басты құрал. Бұл бағдарлама аясында қосымша 14,2 шақырымды құрайтын 12 көшенің толық асфальтталуы – мемлекеттік саясаттың ауылдық жерлердегі тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталғанын көрсетеді. Бағдарлама шеңберінде салынған жолдар ауыл тұрғындарының күнделікті жүріп-тұруын жеңілдетіп, қатынасты жақсартуға бағытталған. Сапалы жолдар – жедел медициналық көмек, білім беру қызметтері және қоғамдық көліктердің ауылдарға кедергісіз жетуін қамтамасыз етеді. Бұл – өңірлердің әртүрлі салалардағы қызметін үйлестірудің инфрақұрылымдық негізі.
Жол инфрақұрылымының жаңартылуы – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (ТКШ) саласының жұмысына да тікелей әсер етеді. Сапалы асфальт және қиыршық тас төселген жолдар – су құбырлары, кәріз жүйелері сияқты инженерлік желілерге техникалық қызмет көрсетуді жеңілдетеді және шығындарды азайтады. Жолдардың жаңартылуы тұрғындардың қозғалыс қауіпсіздігі мен қолайлылығын арттырды. Бұдан бөлек, шаң-тозаңның азаюы – ауылдық жерлердегі экологиялық жағдайды жақсартып, азаматтардың денсаулығын қорғауға қосымша үлес қосады. Өткен жылы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасымен 25 көшеге орташа жөндеу жүргізіліп, 26,1 шақырым жолдың жаңартылуы және аудандық бюджет есебінен 21,2 шақырым жолдың асфальтталуы – Созақ ауданының жол сапасын көтеру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруға деген саяси міндеттемесін көрсетеді.
Созақ ауданында биылғы жылы 80 шақырымнан аса ішкі жолдың жаңартылуы – өңірлерді дамытудың стратегиялық мақсаттарына жетудің нақты және өлшенетін нәтижесі. Бұл жобалар инженерлік инфрақұрылымды күшейтуге, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының тиімділігін арттыруға және ауыл тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын сапалы жақсартуға қызмет етеді. Жол сапасын көтеру бағытындағы жұмыстардың алдағы кезеңде де жалғасын табуы – Созақ ауданының тұрақты өсу және жаңғыру жолындағы айқын бағдарын көрсетеді.
Ия, ауыл — әрбіріміздің алтын бесігіміз. Қалада туып, өмір бойы қалада тұрған қазақтың да тамыры – ауылда. Халқымыздың салт-дәстүрі, тілі мен ділі, бәрі де ауылда сақталған. Жаһандану дәуірінде қазақты сақтау үшін, ең алдымен ауылды сақтауымыз керек.

